«е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштер қабылдайтын бірыңғай арна іске қосылады.
1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің басты нормалары жайында Шымкент қаласына іссапармен келген Мемлекет басшысының көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова қала активімен болған кездесуде айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«1 шілдеден бастап біріншіден, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштер қабылдайтын бірыңғай арна іске қосылады. Тіпті, «Қазпоштамен» қағаз жүзінде жолданған өтініштердің өзі цифрлық форматқа ауыстырылып, электронды түрде тіркеледі. Осылайша, «е-Өтініш» жүйесі өтініштерді қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас базаға айналады. Бұл барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді жүйе болады», - дейді Т.Дүйсенова.
Екіншіден, мемлекеттік органдар өтініштерді бұрынғы қабылданған шешімдер мен берілген жауаптарды ескере отырып қарайды. Үшіншіден, әрбір қаралған арыз-өтінішке мемлекеттік органда әкімшілік іс ашылады. Оның талаптары мен шарттары Кодексте нақты көрсетілген. Егер арыз иесінің талабы қанағаттандырылмайтын болса онда мемлекеттік орган міндетті түрде арыз иесін қабылдап, оған түсініктеме береді немесе заңдарда көрсетілген шешу жолдарын айқындап жауабын береді.
Арыз иесі оған да жауапқа қанағаттанбаса мемлекеттік органның немесе мемлекеттік қызметкердің үстінен сотқа шағымдануға құқылы. Төртіншіден, жаңа тәсілдің қазіргі жүйеден ерекшелігі – енді мемлекеттік органның жауабына шағымдану жаңа тәсілмен жүреді, берілген жауаптың немесе шешімнің дұрыстығын жауапты мемлекеттік орган дәлелдейтін болады.Яғни арыз иесі тек талап арызын ғана сотқа жеткізеді.
Жаңа Кодексте мемлекеттік органның азаматтар алдындағы жауапкершілігі күшейтіліп отыр.
Жиында сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов қазіргі таңда Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарымен жоспарға сәйкес 798 қызметкер жүйеге енгізілгенін атап өтті. Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс бойынша әр азаматпен, тұрғынмен заң аясында сапалы жұмыс жүргізу ортақ міндет екенін айтқан қала басшысы бүгінде 444 қызметкер ақпараттық жүйемен жұмыс жасауға үйретілгенін айтты.