ОҚО, Бәйдібек ауданында "прокурордың малы" елге ылаң салып кетті

0
3 019

350 бас қой, 12 ірі қараның құжаты жоқ, мал дәрігерлік анықтамасы жоқ. Келгелі бері бір ірі қарасы қарасаннан өлді. Елдің ішінде 20-30 қара мал өліп қалды. Мұны ауыл тұрғындары сырттан келген мал дәріленбеген, ауру содан жұқты деп отыр.


ОҚО, Бәйдібек ауданында


ERNUR.KZ. ОҚО, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округіне қатысты Сарыбұлақ ауылының тұрғындары ауыл іргесіне құжатсыз 350 бас қой мен 12 ірі қара келіп кіргелі мал арасында ауру тарап, жайылымды тарылтып жатқанын айтып ERNUR.KZ ақпараттық порталына шағымданып келді.

Бәйдібек ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылы – Қаратау бөктерінде, Түлкібас және Сайрам ауданымен шекаралас жатқан түкпірдегі ауыл. Осынау ауыл тұрғындарының бүгінде тынышы кетіп, берекесі қашқан. Есік алдындағы азын-аулақ малын іргедегі қыратқа жаюға қорқып, үй ауласында тұсап отыр. Оған себеп – осы жылдың 11 мамырында ауылға кірген белгісіз, құжаты жоқ 350 бас қой мен 12 бас ірі қара.

Тұрғындардың айтуынша, жарты отар қой келгелі ауыл арасында 20-30 шақты мал ауру жұқтырып өлген. Қала берді, бөтен мал 130-дай үйі бар ауыл тұрғындарының жаздай мал суғаратын жалғыз суатының басына барып жайғасқан.

Ауыл адамдарының айтуынша бақташы оны «прокурордың малы» деп айтқан.

«Онсыз да малымызға жайылым жеткізе алмай отырғанымызда, қайдан келгені белгісіз, жарты отар қой келіп тынысымызды тарылтып жіберді. Іргеге қозы-лақ жая алмай қалдық. Малшысынан кімдікі екенін сұрап барсақ, ата-бабамыздан түк қалдырмай балағаттап, «Прокурордың малы, ештеңе істей алмайсыңдар!» деп бет бақтырмайды», - дейді тұрғындар атынан сөйлеген ауыл биі Әмірқұл мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбжаппаров Сандыбай ақсақал.

Бұл туралы малшының өзімен сөйлесіп, пікірін білмек болып қора басына барған болатынбыз. Бірақ малдың жас тезегі жатқан қорада мал жоқ болып шықты.


"Бүгін біздің "Нұр Отанға" баратынымызды біліп алысырақ кеткен. Әйтпесе кеше ғана ауылдың ішіндегі қорасына айдап кіргізген болатын", - деді бізге жол көрсетіп барған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбжаппаров Сандыбай ақсақал.

Оқиғаның мән жайын бізге ауыл тұрғыны, бірнеше жыл ауыл биі және ардагерлер кеңесінің төрағасы болған ақсақал Сәрсенбек Пірімжан тарқатып айтып берді:

- Сол малды бағып жүрген малшы Нұрболат, ауылдың жігіті: «Бұл – прокурордың малы, әкім біледі. Мен сендерге көрсетемін, бұл жерге сарай саламын. Үйге әкеліп бағамын. Неғыласыңдар, қолдарыңнан не келеді?», - деді. Сонан кейін біз: «Кімнің малы болса да, заңға бағынатын шығар. Заң біреу-ақ қой, бұл жерде артық жер жоқ. Ауыл іргесіндегі мал жаятын жалғыз жеріміз ғой», - дегенімізге бой берместен ардагерлер кеңесінің төрағасы мен ауыл биіне балағат сөз айтты.

Бұл жайында айтып, ауыл округінің әкіміне айтқанымызда, уақыт созып үш күннен соң келді. Келмейді, әне-міне деп, үйтті-бүйтті, әйтеуір үшінші күні бір-ақ келді. Бұл малды әкелген – Амансай ауылында тұратын Көмекбайұлы Бекен деген жігіт екен. Ауылға осынша мал кіргенде «кімдікі?» деп барғанбыз. «Мұны Бекен әкелді, бұл – Қаратау ауданының прокурорының малы. Сендер түк қыла алмайсыңдар», - деді малшы. Бекеннің өзін таба алмадық, ұстатпайды. Мына малдың егесімін деген Зиякүл деген келіншек келді, жерді Бекен соған сатыпты деп есіттік.

Сол Бекен өткен жылы да осылай бір өзбекті малымен әкеп отырғызған еді. Оны қуып шықтық. Өйткені, бұл малдың барып жататын жері – осы Сарыбұлақ ауылының тұрғандарының мал суғаратын жалғыз суаты. Одан басқа мал суғаратын жер жоқ, Сарыбұлақ өзенінің суы жазда құрғап қалады.

Біз ауылға әкеп мал бағуына қарсы емеспіз. Бірақ тап ауылдың іргесіндегі қозы-лақ жаятын аз ғана жайылымға осынша малды әкелгеніне қарсымыз. Тауға жайсын, оған қарсылығымыз жоқ.

350 бас қой, 12 ірі қараның құжаты жоқ, мал дәрігерлік анықтамасы жоқ. Келгелі бері бір ірі қарасы қарасаннан өлді. Елдің ішінде 20-30 қара мал өліп қалды. Мұны ауыл тұрғындары сырттан келген мал дәріленбеген, ауру содан жұқты деп отыр. Мал дәрігері де бүйтіп айт десе, бұлай айтады, үйтіп айт десе олай айтады. Бұлардың бәрінде әлгі прокурордың ықпалы бар, біздің естуімізше. Ауданның әкімінен бастап соның сөзін сөйлейді. 18 үй берген арызымызды тіркемейді. «Талаптың жері екен. 2000 қой әкелсе де еркі бар ғой», - дейді.

Ойлап көріңіз, 24 га жерге 2000 қой түгілі 100 қой сыймайды, әр қойға 2 га жайылым керек.

Ал аудандық жер комитетіндегі Алмабевтың айтқаны – «Мынау арыздың барлығы формально жазылған, сіздердікі көреалмаушылық қой». Содан кейін біз бес адам болып аудан әкіміне жаздық.

Оны 23 мамыр күні «Нұр Отан» партиясының ббірінші орынбасары өткізген жиналыста айтамыз деп барғанда, кіргізбей қойды. «Мен мұны шешіп беремін, сіздер кірмей-ақ қойыңыздар» деп аудандық мәслихаттың депутаты Дүйсенбеков Тұрсынәлі мен аудандық аппарат басшысы Әміржан Ысқақ екеуі кіргізбеді. Кейін олар ауылға келіп, жағдаймен танысып: «Сіздердікі жөн екен, ертең малды айдаңдар», - деді. Оның бұл сөзіне разы болып, арқасынан қағып, батамызды беріп шығарып салдық.

Сөйтсек, ол жазып барған арызымызды тіркемеген де екен. Сол арыз әлі күні бүгінге дейін тіркелмеді. Жауап берген жоқ. Тіркемесе, қалай жауап береді?

Енді мынадай әңгіме естідік. Малдың иесімін деген Зиякүл «маусымның 10-на дейін шыдасам, Бекен 224 га жерге мемлекеттік акті әперем деді, содан кейін «ары құры, жер менікі» деп айтамын» депті. Бекен деген әлгі алаяқ, ауылға әркімді әкеліп жүрген.

Содан кейін ол әйел кешегі 2 маусым күні келіп: «Ата, 6-7 күнге шыдаңыздаршы, мен адам, жер тауып алайын», - деді. Сөйтсек, оның ойы – әлгі жерді сыздырып алу екен.

Айқан арызымызды аудан әкімі 10 күн ұстады, аппарат басшысы 10 күн ұстады, енді әйелдің өзі тағы 10 күн сұрап алды. Бірақ малшыға басқа әңгіме айтатын көрінеді. «Сен үндеме, мен жерді сыздырып алғанша шыдай тұр» дейді екен.

Оған да «прокурордың малы екен» деп айттық. Арыздың ішінде де «прокурордың ықпалымен» деп жазғанбыз.

Бізге бәленің керегі не? Неге бізге тыныштық бермейді? Ауылда малмен ғана күн көріп отырмыз, одан басқа табыс көзі жоқ. Малымызды жаятын жерге, іргемізге ауру малын әкеп қойса, қозы-лағымызды шығара алмай қалдық қой. Барып «мұның қалай?» десек, малшысы әке-шешеден түк қалдырмай балағаттайды. Ауылдың бетке ұстап отырған биі мен ардагер төрағасына дейін... Тіпті, ұрмақшы да болды.

Осы малды әкеліскеннің біреуі – ауылдық округтің әкімі – Айтубек Махамбетов. Біреуі – әкімшілік полицияның бастығы – Жұманов. Осы екеуін шақырып алып қысым жасаған, «осы малды орналастырасыңдар» деп. Олар әкелді де біздің жерге тықты да қойды.

Мейлі, бала-шағасын асырай қойсын, тек «елден кетіп тауға жай» десек, малшысы балағаттайды. «Бұл – прокурордың малы, жайылатын жері осы» дейді.

Мал дәрігері де айта береді. Ол да қысым көрген, ауру деп айтпайсың деп қойған. Ветеринарлық төлқұжаты болуы керек малдың. Мысалы, біз мал базарына бала-шағаның қалам-дәптерін алуға бір-екі қой апарсақ, «мынаның құжаты қайда, құлағында сырғасы қайда?» деп өткізбейді. Бір-екі мың теңге берсең өткізеді.

Ал енді 350 бас қой, 12 қара мал құжатсыз өтіп кетеді. Сонда полиция қайда қарап отыр? Мал дәрігері қайда қарап отыр?

Тып-тыныш жатқан ел едік. Соңғы бір-екі жылда малымыз да ұрланып жатыр. Аудан әкімі осы аудан тұрғындарына жақын болам, халыққа жақын болам деп келген шығар?! Әлде үлкен адамдардың малын әкеп тыға бере ме? Біздің арызымызды неге тыңдамайды?

Бұл жерде күйіп тұрғанымыз, міне бір ай болады 11 маусымда сол малдың жайылымымызға кіргеніне. 13 мамырдан бастап айтып келеміз. Келгеннің бәрі «ертең қатырамын, арғы күні айдайды» деп алдап кетіп жатыр. Күн болса өтіп жатыр. Ең ақыры арызымыз тіркелмеген соң аудан әкімшілігінен не үміт, не қайыр? Берген арызымызды тіркемесе, «Нұр Отанның» көшпелі отырысына «тіркелмегенсіңдер» деп кіргізбесе?!

Сонда ол «прокурор» кім? Кім екенінбіле алмай қойдық. Мұның бәрін айтып жатқан – малшысы. Болмаса, оның Қаратау ауданының прокуроры екенін қайдан білеміз? Прокурор екенін қайдай білеміз?

Бүгін «Нұр Отан» партиясының ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың қабылдауында болып, арызымызды бердік. Әлгі Зиякүл деген бізді осындай шу шағарады деп ойламады ма, түс кездінде хабарласып: «Айналайын, ата! Қазір барып малды айдап кетемін. Бір сағат та тұрғызбаймын, тек прокурордың атын атамашы. Жас бала еді, орысшалау адам. Оның малы да жоқ», - дейді.

Ол неге "атын атамашы" деп шырылдап жүр?

Ал ауданы әкімі аппаратынан түрлі адамдар қоңырау шалады. «Қойсыншы ана кісілер. Жер жетеді ғой. Қоя қойсыншы, ауданның жаманатын шығармай-ақ қойсыншы», - дейді.

Сонда біз қай мемелкетте өмір сүріп жатырмыз? Өткенде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Оңтүстік Қазақстанды бөліп алып айтты. Неге парақорлық бойынша басқа облыстарды айтпайды?

Мені қазір, бүгін апарып қамап қойса да осы сөздерімнің барлығын дәлелдеп шыға аламын. Менің осы сөзімді бірін қалдырмай жариялаңыз, - деп ақсақал сөзін нық айтты. – Малын алып кетсе, арызды тіркемей-ақ қойсын дегеннің біреуі мен едім. Жоқ, оған болмады. Енді міне, халықты шулатып отыр. Ауылдың жастары ақсақалымыз деп, айтады деп келеді маған. Облыстық прокуратураға да кірмекші болдық. Енді бүгін-ертең деген соң тоқтап отырмыз. Бүгін «Нұр Отанға» барып ішіміздегіні ақтарып алдық, - деп қоса айтты ақсақал.

Бұл мәселе бойынша Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық округінің әкіміне хабарласқанымызда, осынау дауға қатысты хабары бар екендігін, бірақ денсаулығына байланысты емделіп жатқандығын, екі-үш күннен соң ғана мәлімет бере алатынын айтып, тұтқаны тез қойды.

Боралдай ауылдық окургінің ветеринарлық бөлімше меңгерушісі Рауан Байболовтың да бұл мәселеден хабары бар болып шықты. Сарыбұлақ ауылына келген 350 бас қой мен 12 ірі қараның құжатын әлі сұратып алдыра алмай жүргенін айтты.

- Мал қай ауданнан келсе де сол жергілікті мал дәрігері анықтама береді. Ветеринарлық құжаттары мен қандай аурудан вакцина алынғандығы жөнінде анықтама беруі тиіс. Сарыбұлақ ауылына келген малды біз есепке алып, акт жасап тіркеуге қойдық. Ауданға да осындай мал келгендігі туралы айттық, шара көріңіздер дедік. Нұсқама берілді, құжаттарын әкеп көрсетіңіздер деп айттық. Біз 16 мамырда хабардар болдық. Әлі құжаттарын әкелген жоқ. Құлағындағы сырғаларына қарағанда Отырар ауданында тіркелген екен. Оны анықтадық. Сатып алынған мал. Біз акт толтырған соң 5-10 күннің ішінде құжаттары келуі тиіс, бірақ әлі келген жоқ,- деген ветеринар. - Ол ауылда жұқпалы ауру жоқ. Ауылдың малының барлығы ветеринарлық іс-шарадан өткен. Бәрін тексергенбіз, - дейді .

Бірақ «ауылда ауру мал жоқ» деген мал дәрігерінің сөзі ауыл тұрғындарының сөзімен жанаспады. Себебі, екі бірдей қара малы өлген Ілияс Ыдырысұлы оны суретке де түсіріп алған екен. Ол да малының аурудан өлгенін айтады.


Сондай-ақ, ауыл іргесіндегі өлген малды тастайтын орында (шұңқырдың аузы ашық және сырты қоршалмаған) өлген малдар шіріп жатыр.

Ауылдың тағы бір тұрғыны осыдан екі күн бұрын ғана сиыры өліп, ауруы басқаларға жұқпас үшін өртеп тастаған. Сонда, «ол ауылда мал ауруы жоқ» деген мал дәрігерінің нені жасырғысы келгенін түсінбедік.

Ал, осыдан бірнеше сағат бұрын ауыл тұрғындары тағы да хабарласып, ""пркурордың малы" ортақ жайлаудан кетпек түгіл, үстіне тағы да мал қосылғанын айтты.