Шымкентте жасырын той жасайтындар көбейді ме?

0
2 253

Короновирустан қорықпаған халық асаба, мейрамханамен ымдасып, қуанышты күндерін астыртын атап өтуде. Бірақ бұрынғыдай емес, бүгінде тойлау тәртібі өзгерген.


Шымкентте жасырын той жасайтындар көбейді ме?

«Қазақтың тойы бітпесін» деген көптің тілеуі соңғы кезде көкке жетпей тұрған секілді. Санитарлық дәрігерлер «тойды, той тұрмақ той туралы ойды қоя тұрыңдар» деумен келеді. Ал мамандардың шектеуіне құлақ аспаған қарапайым халық жаппай той тойлап жүр. Оны әлеуметтік желідегі видеолардан анық көруге болады.

Короновирустың бел ортасында астыртын шаралар қалай өтеді? Мейрамхана иелерінің талабы қандай? Тойға тосқауыл қоятын тиісті мекемелер не дейді?

Шымкент қаласындағы жасырын тойлардың мән-жайымен ERNUR.KZ сайтының тілшісі танысып қайтты.


Елімізде енгізілген карантинге қарамастан, той тойлау тоқтамай тұр. Әлеуметтік желіні аша қалсаң кемі 2-3 адамның тойда қаннен-қаперсіз, көңіл көтеріп жүргенін көруге болады. Карантин тәртібін бұзып той жасаушылар соңғы кезде тіптен көбейіп кеткенін айтады той ұйымдастыру орталығының маманы.

- Рас, төтенше жағдай кезінде наурыздан маусымға дейін той тіпті болмады деп айта аламын. Ал қазір адамдар карантинге қарамастан бұрынғыша той өткізгісі келеді. Көктемнен бері той өткізуді жоспарлап жүрген халық қысқа қалып кетпей ұлын үйлендіріп, қызын ұзатып алғысы келіп, асығып жүр. Бүгін бір күннің өзінде алдағы 7-8 тойға тапсырыс түсті. Адамдарда қорқыныш жоқ емес бар, биліктегілер білсе айыппұл арқалайды. Сондықтан у-шуды көбейтпей, аз уақытта тыныш әрі көңілді өтсе деп өтініштерін айтады, - дейді «Достар» той ұйымдастыру орталығының жетекшісі Тұрсынкүл Өтегенова.

Ал, той иелері мен тойхана басшылары айыппұл төлегенмен той дәурені тоқтамақ емес.

- Өйткені, қазіргі жағдайда той өткізгеннің бәрі 30 АЕК көлемінде яғни, 83 мың теңге айыппұл төлеп, жауапкершіліктен оп-оңай құтылып кетіп жатыр. Бір тойда 100 адамның өмірі, олардың 10-ға жуық танысының денсаулығы тұр. Сондықтан, той жасағандарға жазаны көтеру керек, - дейді қоғам белсендісі Абылай Ескендір.


Шымкентте орташа мейрамханада 100 адамға той жасасаң, 5 млн теңгедей шығын шығады. Бұл соманың ішінде орынды жалдау, асабаның ақшасы, бейнетүсірілім, арақ-шарап, еттен тортқа дейін барлығы кіреді. Бұл мейрамхана әкімшісі берген мәлімет. Бірақ бұрынғыдай емес, бүгінде тойлау тәртібі өзгерді. Енді ел тойға кешке емес, күндіз келеді. Жиындар сенбі жексенбіде емес, жұмыс күндері өтетін болған.

Тойхана иелері карантиндік тәртіпке қарсы күресіп жатқан тәрізді.

- Біз тек 100 адамға жететін тойларды аламыз. Себебі тексеріп жүріп ұсталып қалатындай жағдай болса, той өзін-өзі ақтауы керек. Құдай сақтасын, егер той өткені анықталса той иесіне 41 000 теңге, ал бізге 630 000 теңге айыппұл салынады. Сондықтан тексеріс аз күндері дүйсенбіден бейсенбіге дейін, күндізгі 13:00 мен 17:00 аралығында ғана той өткізе аламыз. Тек 100 адамнан кем болмауы керек. Қалай тізімдегі адамдар келіп бітеді, есік тарс жабылады, ешкім кіріп, шықпайды. Осы уақытқа дейін де осылай талай той өткіздік. Бір рет ұсталып қалған соң, тағы айыппұл төлегіміз келмейді. Тойдың тыныш өткені бәріне жақсы, - дейді «Төрлет» тойханасының администраторы Жұлдыз ханым.


Карантин қарсаңында тойханалары жабылып, кәсіптері алға басу үшін карантиннің аяқталғанын күтіп жүрген кәсіпкерлер де бар екенін айта кету керек. Ал коронавирустан қорықпайтын кәсіп иелері той үстінде тексеріс келе қалса, ештеңеге кепілдік бермейтінін айтады.

- Тойды үлкен залда өткізе алмаймыз. Рестобар 60-80 адамға арналған. Сонда болады барлық жиын. Той болған кезде тексеріс келсе, біз тек өзіміз үшін жауап береміз. Той иелері мен қуанышқа ортақтасуға келген туыстарына ешқандай жеңілдік жасамаймыз және кепілдік бермейміз. Ол тойға дейін 2 апта болса, оған дейін не өзгеретінін де білмейміз. Біз бүкіл сақтықты жасап, той күндіз өтсе де, көліктер мейрамхана алдында көп тұрмаса да, той иелерінің артынан түсіп келіп, тоқтатып тастауы да мүмкін, - дейді «Royal Rose» мейрамханасының басшылығы.

Індет өршіген шақта той мен отбасылық отырыстар тыйылар емес. Мобильді топтар күн сайын тексеріс жүргізгенімен, нәтижесі шамалы. Шымкент қаласы Полиция департаментінің аудандық басқарма қызметкерлері арнайы құрылған мобильді топпен бірлесіп карантин режимін бұзған 99 тойхананы анықтаған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұл көрсеткіш одан әлде қайда көп көрінеді.

- Менің үйімнің жанында 4 тойхана бар. Оларда күнде той үзілмейді. Келіп жатқан адам көп. Біреуінде үлкен той, бірінде құдалық, бесік той деп жүрген адам санынан жаңыласың. Иә, той күндіз өтіп жатыр. Бірақ шыққан музыка біраз жерге жетеді. Оларға тексеріс келсе келіп жатқан шығар, өз басым көрмедім. Жоғарыдағылармен келісіп қойдық деген, кәсіпкерлерді де көрдім. Алысқа бармай-ақ, менің өзім сонғы айда 4-5 тойда болдым. Соған қарағанда той жасайтындар көп болып тұр, - дейді қала тұрғыны Әлия Шаһарқызы.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов пандемия кезінде той жасағандар жауапқа тартылатынын айтқан. Алайда, "жауапқа тарта алмай жатыр ма, әлде тартқысы келмей жатыр ма" белгісіз. Ал мамандар денсаулығыңды ойласаң тойға барма, дейді.

- Біздің халық тойды тығылып тойханада немесе үйімізде жасай саламыз деп үйреніп алған. Ол дұрыс емес. Бір тойда жүзге жуық адам болады. Бір-бірімен қол алысып, бет сүйісіп амандасады. Осы бір ғана қарым-қатынастың өзінен қанша адамға ауру тарайды. Сондықтан өзіңді ойласаң, жақыныңа жаның ашыса тойға барма, - дейді Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшы Айгүл Тұрмбетова.

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, той жасауға тыйым салынғаны барлығымызға аян. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазір "Тойың тойға ұлассын" деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес",- деген еді. Алайда, карантин кезінде "Қазақтың тойы бітпесін" деген ұранды арқау етіп, жасырын той өткізіп жүргендердің қарасы әлі де көп. Оларға қоятын тосқауыл да, жауапқа тартар билік те болмай тұр-ау. Әлде халықтың өзі індетті елемей, вирустың бар екенін ұмытып кетті ме?