Көліктен ТОҚ ҰРМАУЫ үшін НЕ ІСТЕУ керек?

0
1 082

Бұл түймедей нәрсе емес, үлкен мәселе болуы мүмкін


Көліктен ТОҚ ҰРМАУЫ үшін НЕ ІСТЕУ керек?

Сурет armand-auto.ru сайтынан алынды


Көліктің металл бөлігін ұстағанда электр тогының соғуына әкелетін сәттер болады. Әлсіз, бірақ жағымсыз әсер. Бұл неліктен орын алады? Қаншалықты қауіпті? Сақтану және қауіптің алдын алу шаралары қандай?


Бірінші себеп – статикалық ток

Автокөліктен ток соғуының екі себебі бар – кузов пен салонда статикалық электр тогының түзілуі және сымдардың зақымдануы.

Автокөлік корпусында ауаның металға үйкелісі нәтижесінде статикалық электр тогы пайда болады. Ауа температурасы неғұрлым жоғары болса және ылғалдылық төмендесе, заряд соғұрлым тезірек жиналады.

Сондай-ақ синтетикалық немесе жүннен жасалған киіммен көлікке отырсаңыз, отырғыш материалына үйкелуінен электрлену процесі жүреді де, салонда статикалық ток түзіледі.


Болдырмаудың бірнеше жолы


drive2.ru

  • Антистатикалық жолақ орнатыңыз. Арнайы антистатикалық жолақтарда резеңке материалдың ішінде ток өткізгіш қызметін атқаратын сым, графит немесе алюминий ұнтағы болады. Жолақтың бір шеті автомобильдің корпусының металл бөлігіне бекітіледі. Екінші басы асфальтқа тиіп тұрады. Осылайша, автомобиль үнемі жерге тұйықталады да, статикалық заряд жиналмайды. Өткізгіші жоқ қарапайым резеңке жолақтар мәселені шешуге көмектеспейді.
  • Көліктен түсерде есікті ашқан соң аяғыңызды асфальтқа қоймас бұрын, көліктің кез келген темір бөлігін (есік, есік айналасындағы баған, т.б.) ұстаңыз. Металдан қолды алмаған күйде аяғыңызды жерге қойып, салоннан шыға беруге болады.
  • Жинақталған статикалық токты металл затқа шығарыңыз. Автокөліктен шыққаннан кейін оның металл бөліктеріне қол тигізбестен, зарядты кілт, салпыншақ, т.б. металл бұйымдарға немесе оқшаулауы бар кез келген басқа өткізгіш затқа «тартып алуға» болады.
  • Электр тогы салонда болса, отырғыш қаптамасына немесе сыртынан кигізілген тысқабына назар аударыңыз. Көбінесе көлік ішіндегі электрлендіру деңгейінің артуы қаптама не тысқап материалының әсерінен болады.
  • Көлік салонына жиі ылғалды тазалық жұмысын жүргізіп, ауаның құрғап кетуіне жол бермеңіз.
  • Суық балауыз тамаша антистатикалық агент болып табылады. Көлік кузовын әр жуғаннан кейін балауызды қорғаныс қабатын жағуды қолға алыңыз. Сонда электр тогын мүлде сезінбейсіз. Бұл әдіс әсіресе статикалық электр энергиясының жинақталуы қарқынды болатын көктем мен күзде пайдалы.
  • Құрғақ ауа-райында, әсіресе шаң-тозаң қатты көтерілетін жолмен жүргенде машинаны мезгіл-мезгіл жермен байланыстырып, тұйықтандырып тұру керек. Мұны істеу үшін аялдап, металл заттың бір жағын көлікке, екінші жағын жерге тигізіп ұстайсыз. Жалаң қолмен ұстауға болмайды, міндетті түрде қолғап киіңіз.
  • Отырғыштарды арнайы аэрозольды антистатикалық құралмен өңдеңіз. Мұндай өнімдер кез келген автодүкенде сатылады, қолжетімді және 2-3 апта бойы автомобильдегі электр тогының соғу мәселесін болдырмайды.

dexpens.com


Бұл кеңестер автокөлік корпусы не салонында пайда болған әлсіз электр тогына қатысты.

Қалыпты жағдайда жеңіл көліктегі кернеу 12 вольтты құрайды. Мұндай деңгейде берілген ток соққысы адамды ауыр жарақатқа әкелмейді.

Өкінішке орай, көлікте жоғары кернеулі тоқ түзіліп, адамды ауыр жағдайларға дейін апаратын кездер де бар. Мәселен...

  • Денсаулық жағдайына байланысты денесіне кардиостимулятор орнатылған адамның хәлі көліктің әлсіз статикалық тогынан кейін мүшкіл болып, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған жағдайлар тіркелген;
  • Ересек адам үшін статикалық немесе борттық электр тогы аса ауыр сезілмегенімен, балалар үшін жеткілікті соққы. Бұл олардың бойында қатты қорқыныш, тіпті психологиялық жарақат тудыруы мүмкін;
  • Статикалық электр разряды көлік корпусына тиіп тұрған жүргізушінің қолы арқылы жанармай құю станциясындағы бензин буларын тұтандырып, үлкен қауіп туғызған;


Екінші себеп – сымның зақымдалуы

remodelyourrv.com

Заманауи автокөліктерде электр құрылғылары көбейіп келеді. Сәйкесінше, өн бойында мыңдаған түрлі сымдар өткізілген. Электр сымдарының көптігі сонша, егер қандай да бір ақаулық болса, арнайы білімі жоқ адамның оны табуы екіталай.

Көлік құралының борттық желісінің электр энергиясынан статикалық электр қуатын ажыратуды үйрену маңызды. Егер көлік құралының корпусында брондалған сым үзілсе, ол жүздеген ватт зарядты жинақтайды. Нәтижесінде токтың қысқа мерзімді разряды күшті болғаны соншалық, оны статикалықпен шатастыру мүмкін емес.

Көлікті оталдырдыңыз, мотор дұрыс тартпай, дірілдеп тұр. Мұндайда тәжірибелі жүргізушіге бірінші келетіні – «Ток қашып тұр» деген ой.

Электр сымы зақымдалған болса, бірінші электр тогының соғуынан не конденсатордың толық разрядынан кейін автомобиль корпусы бірден қайтадан электр қуатымен зарядтала бастайды. Ондайда көліктің металл бөлігін қайтадан ұстау арқылы екінші рет соққы аласыз.

Жанармай жүйесінде газ баллондық жабдық пайдаланылса, «қаңғыбас» токтар автомобильдің электр жабдықтарын айтарлықтай зақымдауы мүмкін. Мұның соңы өртке немесе жарылысқа әкеледі. Сондықтан жөндеуді кейінге қалдыруға болмайды. Көлікті шұғыл түрде диагностикалау орталығы немесе автоэлектрикке жеткізу қажет.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ЖАУЫН-ШАШЫН кезінде жүргізуші үшін ең ҚАУІПТІ сәт