Жүргізушілердің ЫМДАП сөйлесетін өз "ТІЛІ" бар

0
3 346

Тәжірибелі жүргізушілер жолда келе жатып-ақ бір-бірін ым-ишарамен түсінеді.


Жүргізушілердің ЫМДАП сөйлесетін өз

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Шынында жүргізушілердің де өз тілі бар. Ал, көлік тізгінін ұстағандар өзге жүргізушілердің ым-ишарасын түсінуі қажет. Өйткені, біз сөз еткелі отырған қарапайым ережелерді біле отырып, көлігіңізден шықпай-ақ жолдағы өзге жүргізушілермен оңай түсінісе аласыз.


Мысалы, жолда бұрылайын деп жатқан көлікке жол бердіңіз. Ал, ол апаттық белгіні себепсізден себепсіз жақты. Бірақ ол сіздің ойыңыз. Негізінде сіз жол берген жүргізуші жол беріп, қолайлы жағдай жасағаныңыз үшін осылайша алғысын білдіреді. Ал, бұлай алғыс білдірмесе, жол бергеніне өкініп, көлікпен қысып кететіндерді де көріп жүрміз. Сарапшылардың айтуынша жүргізушілер арасындағы сыйластық жолда достық жағдай жасауға және жол қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі екен. Сондықтан біз қарастырып отырған жүргізушілер терминдерін есте сақтап, жолда қолданып жүріңіз.


Қарама қарсы бағытта келе жатқан көлік ұзаққа түсетін жарығын екі рет жылдам жағып-өшірсе – бұл алдыңызда патрульдер тұр деген сөз. Немесе сіз бет алған бағытта қандай да бір кедергі бар болғаны. Мысалы, жол апаты, жол жөндеуі және т.б. Әдетте бұл белгіні сізге қарсы беттен жолыққан бірнеше жүргізуші көрсетеді. Оны жіберіп алмай, мұндай белгіні көрсеткен жүргізушілерге қол көтеріп, рақмет айтуды да ұмытпаңыз.

Артыңыздағы көлік алысқа түсетін жарығын бір рет жағып-өшірсе, "Жол бер!" дегені. Мұндай кезде жолдың оң жағына шығып жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлікті өткізу қажет.


Ал, қала ішінде қарсы бағытта келе жатқан көліктің алысқа түсетін жарығы бір рет жанып-өшсе, «жол беремін» дегені. Бұл белгі әсіресе жолдан бұрылатын кезде, кептелісте көмегін тигізетін әрекет.


Жүргізушінің тағы бір пайдалы әдеті – әрқашан бұрылыс белгісін жағу. Тіпті, қажет емес кезде де жағуды әдетке айналдыру керек. Өйткені, адам бір әрекетке дағдыланып қалады емес пе? Ал, көлік көп жерде бұрылыс белгісін жақпай бұрылсаңыз, жол апатын тудыруыңыз мүмкін және барлық зиян сізге тиеді. Сондай-ақ, бір көліктен басып озар кезде сол жақтағы бұрылыс жарығын, ал басып озып, сол көлік жүріп бара жатқан жолға түсетін болсаңыз озғасын оң жақты жағып алдына түсу керек. Егер артыңызда келе жатқан көліктің оң жақтағы бұрылыс жарығы бернеше рет жанып-өшкенін байқасаңыз, онда ол жүргізушінің сізге «жол жиегіне тоқта» дегені. Бірақ, солай істеді екен деп танымайтын көлікке тоқтай беруге де болмайды. Себебі қазір ұзақ жолда жемтігін күтетін арампиғылдылар өте көп.


Бұрылыс белгісіне қатысты тағы да бірнеше ережелер бар:

  • Жақын маңдағы қиылыстан бұрылғыңыз келсе, бірінеше қиылыс бұрын бұрылу белгісін қоспаңыз;
  • Бұрылғаннан кейін, белгіні өшіруді ұмытпаңыз. Әлбетте, қазіргі бұрылыс белгілері автоматты түрде өшеді, бірақ кейде ол жүйе істемей қалып, басқа жүргізушілермен түсініспей қалуыңыз мүмкін;
  • Бұл белгіні бұрыларға дейін кемі 4-5 секунд бұрын қосыңыз;
  • Егер өзіңіз жүріп келе жатқан жолақтан шықпайтын бұрылыс болса, белгіні қосудың керегі жоқ;
  • Артқа қарай қозғалғанда да бұрылатын жақтың белгісін қосып қойыңыз.

Алдыңызда жүрген ауыр жүк көліктерін де басып озу да қиын. Себебі олар үлкен әрі биік болғандықтан артынан көлік келе жатқаны көрінбеуі мүмкін. Сондай-ақ, биік көліктің жүргізушісі сіздің озғаныңызды да оңай көре алмайды. Бұл кезде жарықты жағып-өшіріп, бұрылыс белгісін қосу көмектеседі. Жол бергесін, апаттық белгіні жағып, рақмет айтқан артық болмайды. Сосын, сіздің әркетіңіз ұнамайтын, қауіп төдіретін болса, озғаннан кейін артыңыздағы көлік жарығын жағып-өшіреді. Бұл сіздің қателігіңізді білдіреді.


Ал, алдыңызда келе жатқан көлік бірден апаттық белгіні қосып, тежегіштің жарығы қайта-қайта жанып-өшсе, жолда қандай да бір кедергі пайда болғаны. Мұндай сәтте сіз де тежегішті басып, апаттық белгіні қосып, өзіңіз де, өзгелер де ара қашықтық сақтауы қажет. Жалпы, жолда әрдайым жан-жақтағы жағдайды бақылап отыру керек. Сондай-ақ, алдыңыздағы көлік түнде апаттық белгі қосса, оған қолайсыздық тудырып жатқаныңызды білдіруі мүмкін. Ең бірінші алысқа түсетін жарықтың өкен, өшпегенін тексеріңіз. Себебі, ол қосылып тұрса, алдыңыздағы жүргізушіге кедергі келтіреді.


Шын мәнінде, мұндай ым, ишаралар өте көп. Біз, барлығына ортақтарын атадық Тіпті, белгілі бір аймаққа тән белгілер де болуы мүмкін. Сондықтан көлік жүргізетін адам олар жайлы әрдайым ізденіп, хабардар болуы қажет. Себебі, жолда жалғыз сіз жүрмейсіз және жүргізушілер арасындағы сыйластық деген баяғыдан бері келе жатқан түсінік.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Жуырда ҰШАТЫН көлікке мінеміз!


Бұл ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІН көрсеңіз КҮЛКІҢІЗ КЕЛЕДІ