Туған күндер мен мерекелерде балаларға торт пісіріп, тәтті күлшелерді дайындап береміз. Әсіресе какао қосылған «Спартак» торты кішкентайлардың көңілінен шығары сөзсіз.
фото: sovets.net
Тортқа қажетті өнімдер:
фото: svoimirykami.club
Қамырға:
- 400-500 гр. ұн
- 2 дана жұмыртқа
- 6 ас қасық сүт (90 мл)
- 200 гр. қант
- 100 гр. сары май
- 50 гр. какао
- 3 ас қасық сұйық бал немесе 90 гр. қою түрі
- 1 шай қасық ас содасы.
Крем үшін:
- 400 мл сүт
- 2 дана жұмыртқа
- 1 пакет пудинг немесе крахмал
- 150-200 гр. қант
- 10 гр. ванилді қант
- 250 гр. сары май.
Әсемдеу үшін:
- 30 гр. какао
- 100 гр. қант
- 75 мл сүт
- 50 гр. сары май
фото: birtop.ru
Дайындалу тәсілі:
- Ең алдымен қамырға қажетті ұнның жартысын електен өткізіп алу керек. Сосын какаоны да дәл солай елейсіз. Екеуін араластырады.
- Табаққа жұмыртқа мен қантты салыңыз да, сүт пен бал, жұмсартылған сары майды қосып, барлығын жақсылап араластырасыз.
- Осы қоспаларды жақсылап араластырған соң отқа қойып, үнемі қозғай отырып, қыздырасыз. Отты барынша жай қоюға болады.
- Қант пен сары май еріген уақытта ас содасын қосыңыз да, тез-тез араластырып жіберіңіз. Сонда қамыр көпірши бастайды. Қамырды отта тағы 2-3 минут ұстайсыз. Дайын болған қыздырылған массаны оттан алып, 3-4 минут суытып қою керек.
- Осы қайнатпаны какао мен ұн араласпасына аз-аздан құя отырып, араластыру қажет. Алдымен қамырды қасықпен араластырып, артынша қолмен илеген дұрыс. Сонда суреттегідей өте жұмсақ қамыр дайын болады. Қажет болып жатса тағы да ұн қосуға болады.
- Қамырды ұзынша формаға келтіріп, 8-9 бөлікке бөлесіз. Әрқайсысын дөңгелектеп, тарелкеге саласыз да, бетін асханалық пленкамен жауып қоясыз. Тіпті, кастрөлге немесе табаққа жылы су құйып, соның бетіне қамыр салынған тәрелкені қойып қойған да дұрыс. Қамыр осылайша жұмсара түседі.
- Енді қамырды жаямыз. Ол үшін тақтайдың бетіне азырақ ұн себелеп, әрбір қамырды жаясыз. Жайылған қамырдың бетіне домалақ тәрелке немесе арнайы форма келтіргішті қойып, қамырды дөңгелектеп кесіп шығасыз. Осылайша дайындалған қамырларды шанышқымен әр жерінен тесіп, бөлек-бөлек табаға салып пісіріп алу керек.
- Енді кремін дайындаймыз. Ыдысқа бір пакет пудинг пен қантты, ванилді қантты салып, араластырамыз. Артынша жұмыртқа қосып, венчикпен араластырамыз. Содан соң жылытылған сүтті аз-аздан қосу керек. Барлығын бір қалыпқа келгенше араластырады.
- Ыдысты отқа қойып, жай отта араластыра отырып, кремді қыздырамыз. Крем қоюланып, қайнай бастағанда отты өшіруге болады. Дайын болған кремді таза ыдысқа салып, бетін асханалық пленкамен жауып қоя тұрамыз.
- Жұмсақ сары майды миксермен араластыру қажет. Сөйтіп оған суып қалған кремді бір ас қасықтан сала отырып, миксермен араластырамыз.
- Креміміз дайын болды. Енді торттың бетін әсемдеуге көшейік. Ол үшін шоколадты сұйықтықты дайындаймыз. Ыдысқа қант пен електен өткен какаоны, сүтті құйып, жақсылап араластырасыз. Сосын жай отқа қойып, қоюланғанша ұстайсыз. Қайнағаннан кейін, араластыра отырып, шоколадты сұйықтықты 1-2 минут отта ұстайды. Кейіннен оттан алып, сары май қосасыз да, барлығын жақсылап араластырасыз.
- Барлық қажеттілерді дайындап алдық. Енді тортты жасап шығайық. Бірінші какао қосып пісірілген қамырды үлкендеу тәрелкеге қойып, оның бетіне кремді жағамыз. Сосын екінші қамырды қойып, тағы да кремді жағу керек. Осылайша 8-9 қабат жасап шығамыз. Ал, ең бетіне шоколадты сұйықтықты құйып, барлық жеріне жағып шығасыз. Егер қаласаңыз, торттың айналасын қалған қамырларды ұнтақтау арқылы әсемдесеңіз болады. Дайын тортты 3-4 сағат бөлме температурасында ұстайсыз. Осы уақыт аралығында крем әбден сіңіп, дәмі тіл үйірер торт та дайын болады. Астарыңыз дәмді болсын!
Дайындаған: Құрманкүл Әти,
Тағы да оқыңыз: Ең дәмді фри қалай жасалады?