​АҒАЙЫНға НЕ беруге БОЛМАЙДЫ?

0
1 676

Біреуге көмек берместен алдын мына нәрселерді біліп алғаныңыз жөн.


​АҒАЙЫНға НЕ беруге БОЛМАЙДЫ?

фото: elana.kz

Татулық, жақсылық жасау, көмек беру туралы жиі айтылып жатады. Өте дұрыс. Әйтсе де, «пәленшенің сол жақсылығын ұмытпаймын», «мың алғыс», «түгеншеге Алла разы болсын!», «Рахмет!» дегеннен гөрі, «Жақсылығымды ұмытты», «бекер көмек беріппін», «жақсылықты түсінбейтін адам екен», «Мен одан көмек сұраған жоқпын, енді неге міндетсінеді?» дейтіндерді көп кездестіреміз.

«Сонда ешкімге жақсылық жасамау керек пе?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақ көпті ойландыратыны анық. Әрине, жақсылық жасауды шектеуге болмайды, жақсылық жасаудан жарысайық. Өйткені, бұл қайырымдылық, қайыр-садақаның бір түрі. Жасаған кез келген жақсылығыңыз әйтеуір бір күні өзіңізді іздеп табары анық. Бұған күмәніңіз болмасын.

Мейлі, осылай деген адамдардың сөзіне сенбегеніңізбен, Алла-Тағаланың сөзіне сенесіз, солай ғой?

Алла-Тағала Құрандағы Зілзала сүресінің 7-8 аяттарында «Кімде кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе, сауабын көреді. Кімде кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, соның зардабын тартады» дейді.

Абай атамыз айтпақшы, Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Әрине, ешкім сізді жақсылық жасауға мәжбүрлемейді. Оған құқығы да жоқ. Дегенмен, мынадай қарапайым ережелерді біліп жүріңіз:


фото: elana.kz

Жақсылықты алдымен өзіңе жаса

Кейбір адамдар өзіне жетпей жатса да, басқалардың қолын қайтарғысы келмейді. Мысалы, өзінің анасы бір жерге апарып келші деп өтініш айтса, жұмысының көптігін сылтауратып, досының немесе әйелінің анасы өтініш айтса, жоқ дей алмай, алдында зыр жүгіреді. Дәл солай, өз әйеліне немесе күйеуіне жекіріп, басқаның әйеліне немесе күйеуіне бар жылы сөздерін арнайтындар да бар. Балаларға да солай.

Бұл өз үйіңдегі шырақты басқа біреудің үйіне апарып жағып қойғанмен тең. Өзің қараңғыда отырып, өзгенің үйінің жарық болғанынан саған қандай пайда бар? Өз әйелің жылап отырса, өзге әйелдің күлгенінен не пайда? Сіз ай емессіз, бүкіл жер шарына жарығыңыз жететін, сіз күн емессіз, бүкіл әлемге жылу сыйлайтын. Мейлі сіз білдей бір мекеменің басшысы шығарсыз, бірақ сіз ең алдымен, біреудің баласы, біреудің жары, аға-інісі, ата-анасы, бауыры екеніңізді естен шығармаңыз.

Олай болса, ең бірінші жақсылықты өзіңізге, сосын ата-анаңызға, әйеліңіз бен бала-шағаңызға жасаңыз. Жылуыңыз бен жарығыңыз артылып жатса, бауырларыңызға, сосын ағайын-туысқанға, одан соң қалған мұқтаж адамдарға жасаңыз.

Сонда да жақсылықты алдымен өзіңізге жасаңыз. Біреуге жақсылық жасағыңыз келсе, Алла разылығы үшін жасаңыз да, ол туралы ұмытыңыз. Өйткені, еске алған сайын міндетсінуіңіз әбден мүмкін. Біреуге жасаған жақсылығыңыз өзіңізге жасаған жақсылығыңыз деп ұғыңыз.


Ал ағайынға «балық берме, қармақ бер» деген қағиданы ұстансаңыз болады. Мамандық таңдап бермеңіз, жар таңдап бермеңіз, егер сізден кеңес сұраса «жүрегіңді тыңда» деп жауап беріңіз. Өйткені, өзі қаламаған мамандығымен өмір сүрсе, өмір бойы сізді кінәлауы мүмкін. Ал, жар таңдау мәселесі тым нәзік тақырып. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондай кезде таңдау жасаған сіз тағы да кінәлі болып шығасыз.

Содан кейін көлік сатып әпермеңіз. Көлік бағалы сыйлық, бірақ ол қанша жерден жақсы болса да, онымен адам өмірі байланысты. Көлік емес, оның жүргізуішісі осал болып, бір жағдайға ұшырап қалса, орны толмас өкініште қалып, барлық адам көлік сатып әперген сізді кінәлайды.

Сондықтан, жақсылықтың тек материалдық өлшеммен ғана шектемеңіз, ақшалай көмек қана жақсылық деген ұғым қате.

Жақсы сөзбен қолдау да, жақсы кітапты оқуға кеңес беру де, тіпті біреудің өмір сүруіне кедергі болмау да үлкен көмек қазіргі кезде. Жас маманға, жас келінге көмектескіңіз келсе, онымен бірге істеңіз. Шеберге көмектескіңіз келсе, кедергі болмаңыз. Ал, ақымаққа көмектескіңіз келсе, онда өзіңіз де ақымақсыз.

Тыңдағысы келмегенге ақыл айтпаңыз.

Жәрдемді де ақылмен жасаңыз. Өйткені, сіздің көмегіңіз біреудің өмірін өзгертер, ал тағы біреудің өмірін бүлдіруі де мүмкін. ал өзіңіз біреуден көмек сұрайтын болсаңыз, сұраңыз. Бірақ, көмектеспесе ренжімеңіз. Өйткені, ата-ана перзентінен, мүгедек жан өзгеден көмек күтуіне рұқсат. Қалғандары еңбек етіп, тек өзіне сенгені жөн. Өзіне ғана сеніп, өзгеден көмек күтуді доғарғанда ғана ол ешкімге ренжімейтін болады.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

«СҮТ АҚЫ» және «ЖІГІТ ТҮЙЕ» салты орындалып жүр ме?


«БҮЙРЕК СЫБАҒА» кімге беріледі?