​АҚ ҚҰЙЫП ШЫҒАРУды БІЛЕСІЗ БЕ?

0
7 235

Келген қонаққа да алдымен "ақ құйып" сыйлайды...


​АҚ ҚҰЙЫП ШЫҒАРУды БІЛЕСІЗ БЕ?

Мұндай салттың, ырымның бар екенін білемін. Бірақ мен мұны кішкентай кезімде көз алдымда жасалып жатқан салтты түсінбеген едім. Өсе келе «ақ құйып шығару» деген қазақтың салты екенін түсіндім.


Ақ құйып шығару - қазақтың ырымы. Қазақ халқы сүтті, қымызды, шұбатты, айранды, тағы басқа сүт тағамдарын «ақ» деп атайды да, оны қасиетті, киелі ұғым деп ұғады. «Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген ел арасындағы мәтелдің айтылуы да осы салтқа байланысты туындаған болса керек. Халқымыз ақты жерге төкпейді, аяққа баспайды. Мұны кішкентайымыздан «обал болады, ақтың киесі ұрады» деп те тыйым салатын. Бірақ соған қарамастан, кейде сол ақты жерге төгетін де ырымдар бар.

Мысалы, қалың өрт келгенде алдына ақ шашады. Сол сияқты үйге жылан кіріп кеткенде де оның басына ақ (сүт не айран) құйып, үйден шығарып жібереді. Мұндай әдет халықтың өз аулына немесе үйіне келген дос, дұшпанына да алдымен құрметпен қараудан шыққаны болуы керек.


Ауыл баласы болдық. Ауылда май топырақтан, өзен-көлдерден талай жыландарды көріп көз үйренді ме екен, алғашында жыланның ирелеңдеп, сусылдап алдыңнан шыққанына денең шымырласа да, аса қатты жүрексініп қорқа қоймайтынбыз.

Мүмкін мен ғана солай ма екенмін, басқа да ауылда өскен, мұндай жыландардың неше түрін көріп өскен балалардың бойы үйренісіп қала ма білмеймін, әйтеуір өзім жыланнан аса қорқа қоймайтынмын.

Өзіне қауіп төндірмесең, өз-өзімен жүрген жәндік қой ол да. Адам оған қастық жасамаса, ол да өз жолымен жүре береді.

Енді жаңағы салтқа оралайын. Көзіммен көргенім, сол «ақ құйып шығару» салтына байланысты болып тұр ғой. Ежелде ата-бабаларымыз киіз үйде тұрғандықтан, мұндай салт жиі орындалған шығар, бірақ менің әлі есімнен кетпейтін оқиға бар.

Ол бала күнім еді. Мектептен келіп, тамақтанып алған соң, үй тапсырмасын орындап тастайын деп қонақ бөлмедегі орындыққа отырып, кітаптарымды жайып тастадым алдыма. Сонда мен жанымда тұрған орындықта оралып тұрған үлкен жыланды көрмегенмін ғой. Көзімнің қиығынан байқап отырмын, бірдеңе қимылдайтын сияқты. Ысылдаған әлде сусылдаған бір дыбыс шығады. Қайдан шығып жатыр, не болып жатыр деп жаныма бұрылып қарағанымда дәл мен отырған орындықтың жанындағы орындықтың арқалығына үлкен жылап оралып тұр. Дыбыс та содан шығып жатыр, қимылдап, қозғалып жатқан да сол екен.

Зәрем зәр түбіне кетті, қалай үйден атып шыққанымды білмеймін. Айқайлап анамды шақырып жатырмын.

Көрші үйдегі апа жүгіріп келді даусыма. Анам да есік алдындағы бау-бақшада жұмыс істеп жүрген, сүріне-қабына ол да жетті. Үзіп-үзіп, ентігіп қолыммен қонақ бөлмені нұсқап «жылан» деп жылап жібердім.

Үлкендерге түсінікті болды. Бұдан бұрын да қайталанып тұратын жағдай болса керек, көрші апа саспады. Анама «кесемен айран әкел» деп тапсырды. Анам айтқанын орындады көрші апаның.

Сонда жыланның басына ақ құйғанда жылан да жуасып, жылыстап үйден шығып кетеді екен. Сонда мен шынымен таң қалғанмын. Қазақ халқы кез келген жағдайдан шыға алудың жолдарын тиімді тапқан ғой. Тіпті жауына да жамандық жасамағанына қарап, қазақтың салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын қалайша ұмытуға болады?!

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

«ӘМЕҢГЕРЛІК» салты қажеттіліктен туған ба?