Бас тарту – қонақтарға, соның ішінде қарияларға көрсетілген құрмет. Бірақ оның қонаққа келгенге дейінгі атқарылатын шаруасы мол екен. Басты дайындау іске епті, пысық жеңгейлерге тапсырылады. Өйткені оны үйіту, тазалап жуу, қайнатып, дастарханға жеткізілгенге дейін тәрбиесі мен тәлімі жоғары істері бар екен. Мұны есейе келе білдік.
Мұның бәрін есейген соң білдім. Кез келген жиын-тойда ірі немесе қара мал сойылады. Бірақ қандай мал сойылса да құрметті қонақтарға қойдың басы тартылады. Бас тарту – қонақтарға, соның ішінде қарияларға көрсетілген құрмет. Бірақ оның қонаққа келгенге дейінгі атқарылатын шаруасы мол екен. Басты дайындау іске епті, пысық жеңгейлерге тапсырылады. Өйткені оны үйіту, тазалап жуу, қайнатып, дастарханға жеткізілгенге дейін тәрбиесі мен тәлімі жоғары істері бар екен. Мұны есейе келе білдік.
Мәселен, мал сойылған соң бас пен төрт тұяқты жеке ыдысқа салып, үйітуге береді. Үйітілген басты ағынды сумен тазартып жуып алады. Сосын көзін жарып, суын ағызады. Жағын айырып, тісін қағады. Сонан соң қазанға салып, бүлкілдетіп қайнатып пісіреді.
Басты пісірудің де өз әдісі бар. Егер қатты қайнап кетсе, құйқасы ажырап, құлақтары сынып қалуы мүмкін. Сондықтан да сынға қалмау үшін салғырттыққа жол берілмеуі керек.
Піскен басты арнайы табаққа салып, оң құлағын кесіп алып жанына қояды. Сосын сол үйдің ұлы немесе жақын ағайыны бастың тұмсығын алға қаратып қонақтарға кіргізеді. Басты астың басы деп ұққан қазақ бірінші кіргізіп, бата сұрайды. Қонақтардың үлкені басқа бата беріп, табақты өзіне алады. Басты алған қария бас туралы ел аузынан қалған әңгімелер мен үлкендердің өсиетін айта отырып, әркімнің өзіне тиесілі үлестерін бөледі.
Алдымен шүйдесінен бір кесім алып өзі жейді. Сосын құлақты сол үйдің кенжесіне немесе ойын баласына береді. Бұл «үйдің берекесі өздерінде қалсын, ұлының құлағы түрік, алғыр болсын» дегенді білдіреді екен. Ал «көзің ашық, көкірегің ояу болсын» деп көзі мен «таңдайыңнан жыр төгілген ақын, әнші бол» деп тілін кішкентай қыздарға үлестіреді. Әр бөлігін бөліп беретін кезде әр түрлі жақсы сөздер мен теңеулер айтылады.
Бас тартудың мәні тереңде жатқанын Зейнеп Ахметова апамыз да алға тартады. Ол «Бабалар аманаты» кітабында басқа қатысты мынадай естелігімен бөліскен.
«Әдеттегідей, қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастарқан басына отырдық. Байқаймын, атаның қабағы салыңқы, үнсіз темекі шегіп отыр. Бір кезде:
– Дастарқаның толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе, «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп, әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар оны байқады-байқамады дей алмаймын. Ал мен анық көрдім, – дегенде дымым ішіме түсіп, көзім қарауытып кетті. Бүріскенім соншалық, құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім.
– Ол не, папа? – деп Бәкең әкесіне қарады. Бірақ ата маған қарап, маған арнап сөйледі:
– Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – бастың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен, тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп-жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын.
Қазақтар талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның біреуі – осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам «ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау» деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді.
Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек, - деген үзінді келтірген.
Ал ел аузынан жеткен мына аңыз да соның дәлелі іспетті.
Ертеде Сараман мен Қараман деген екі дос өмір сүріпті. Бірде Сараман досына ренжіп қалады. Бірақ онысын тамырына айтпайды. Бір күні Қараман атқосшысын ертіп, оған қонаққа келеді. Сараман досын құшақ жая қарсы алады. Іштегі назын бетіне шығармайды. Досы да құшағын тосады. Сараман досына арнап үлкен қошқарын сойып, батасын алады. Ет пісірім уақыт болды дегенде алдына бас тартады. Қараса, қойдың тістері қағылмаған екен. Досы оны байқамайды. Етін жеп, қымыз ішіп, арқа-жарқа болып, үйіне қайтады. Жолай атқосшысы: – Мырза, досыңыз бас тартқанда қойдың тісін қақпай әкелді. Сізге бір реніші бар екен, – дейді. Бай шошып кетіп: – Қалайша? Реніші болса, бас тартып сыйламас еді, – деп жауап береді. Атқосшы: – Марқұм әкем айтушы еді. Қазақ біреуге ренжісе, бетінен алмаған. Өзгенің көңіліне қаяу, жүрегіне қылау салармын деп сақтық еткен. Назын тұспалмен, ыммен білдіреді. Мұсылмандықта біреудің көңілін қалдырған, мың Қағбаны бұзғанмен бірдей екен. Сондықтан, дәуде болса, досыңыз сізге реніш білдірді. Қонақ есті болса, бұл сырды өзі-ақ түсінер деген, – дейді. Бай аттың басын кері бұрып, ат-шапанын атап, досынан кешірім сұраған екен. Осыдан бастап қой басын пісіргенде оның тісін қағып әкелу – адал достық пен таза көңілдің белгісі боп саналыпты.
Бабалардан қалған тәрбиеге қанығып өсу – біздің парызымыз.
Ләззат Ахметова,
ERNUR.KZ.