​БАУТАҒАР мен БАЙЛАУ: ұмытылып бара жатқан дәстүрлер

0
518

Бұл мырзалық пен сыйластықтың белгісі.


​БАУТАҒАР мен БАЙЛАУ: ұмытылып бара жатқан дәстүрлер

фото: darminaopel.ru

Бүгінде бұл дәстүрдің қажеттілігі туындай қоймас, дегенмен, ежелгі қазақтың дәстүрлерін біле жүргеніміз абзал.


Байлау. Тапқан олжасын біреуге сыйлау. Мұны «байлау» деп атайды. Аңнан қайтқан адам алған түлкісін, қасқырын, қарсағын ауылдың үлкен ақсақалына байлайды. «Байлау» - мырзалықты, сыйластықты білдіреді. Солай бола тұра алғашқы алған аңын ешкімге бермейді.


Баутағар - дәстүрлі аңшылық дәстүрінде кездесетін рәсім, аң олжасын байлаған адамға берілетін сый. Байлаушыдан аң олжасын алған адам алғыс айтып, оған ақша немесе бір затын ұсынатын болған. Баутағар бермеген адамға екінші рет олжа байламайды. Дәстүрлі ортада баутағар кәдесін бермеген кісінің малы шығынға ұшырайды деген наным бар.

Сондықтан, адам өзіне олжасын сыйлаған адамға міндетті түрде баутағар кәдесін беруі тиіс.


Қазіргі кезде бұл дәстүрлерге ұқсас келетін «бір тапқан олжам саған сыйлық» деп той кезінде немесе қуанышты күндерде және басқалай жолдармен олжаға кенелген адам көңілі қалаған жақынына сол сыйлығын ұсынып, «байлау» дәстүрін орындайды.

Заман өзгеріп жатыр десек те, қазақ болғандықтан, ата-бабамыздың ұстанған салтынан аттап өтпей, осы керемет сыйластық пен адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін арттыратын дәстүрді жалғастырып әкетсек құба-құп.

Қазақ тойдан кенде болмаған халық. Әрбір қуанышын атап өтуге барын салып, дастархан жайып той жасайтын халық арасындағы үрдіс әлі де жалғасып келеді.

Жақында бір тойға барған едім, сондағы бір әдемі көрініс қазақтың байырғы салтының жалғасы секілді түйілген еді.

Қазір қандай тойға барсаңыз да сыйлықсыз болмайды. Асабалар тойға келген қонақтарды ортаға шығарып, ойын ойнатып, билетіп, тиісінше сыйлықтарды да үлестіріп жатады.

Сондай сыйлықтардың біріне ие болған бір туысымыз қолындағысын маған әкеліп берді. «Тапқан олжамды саған арнаймын» деп қолыма ұстатқанда, мен де осы ежелгі салт бойынша оған өзімнің қолымдағы орамалды ұсындым.

Ежелгі дәстүрге ұқсайды деп отырғаным, ол маған «байлау» ұсынса, мен де оған жауап ретінде «баутағар» бердім десем де болады.

Шынында да оның мырзалығы мен сыйластығына риза болып, өзім де тиісінше жауап қатуға барынша тырыстым.

Бұл бір ғана мысал ғой. Қазіргі кезде ешкім аңшылықпен айналысып, қомақты олжа байламаса да, соның бір көрінісіндей болған осы тойдағы көрініс көңілімді көтеріп, арадағы сыйластықты арттыра түскендей болғанын айта аламын.

фото: ERNUR.KZ

Бармағын жалау. Ол қонақ өзінің сый-құрметін достармен бөліскісі келеді.Жақын адамдары не достары шақырылған қонақты үй иесіне хабарлайды. Біз онымен қонақ асын бөліскіміз келеді. Бұның ешқандай өрескелдігі жоқ. Үй иесі бұған қуанышты. Кейде үй иесі жастарды шақырады: "Бізге үлкен сыйлы ақсақал келе жатыр, бармағын жалауға келіңдер" дейді. Бұл арнайы шақыру емес, ескерту ғана, жастарды сыйлау болып табылады. Жүздесу мен әңгімелесу, сыйласымдық ұлттық дәстүрдің бірі. «Бармақ жалау» соның бірі.


Деңгене. Бұл ырым ұмытылып бара жатыр. 3-4 жігіт жиналып малды азаматтың үйіне деңгенеге келдік дейді. Бұл келісті түсінген үй иесі бір семіз қойды сойып тастайды да етін түгелдей қазанға салып пісіреді. Келген жігіттер етті тауысып, сорпасын да түгел ішу керек. Егер тауыса алмаса екі есе айып төлейді, яғни бір қойдың орнына екі қой. «Деңгене» - сірне деп аталады. Көбінесе оңтүстік өңірлерде 4-5 жанұя бірлесіп «деңгене» - «сірне» жасайды. Аз болса тағы бір қой сойылады. Кейбір өңірде сірнені кәделі ас ретінде құдаларға тартады.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«НЕКЕ СУЫН» ішкен адамның ТІСІ АУЫРМАЙДЫ»

Қыз ЖАСАУына неге ҚАЗАН қоспайды?