​Екі баланы қатар сүндеттегенде жасалатын ЫРЫМ бар

0
1 744

Ертеде бір үйдің екі баласын қатар сүндеттесе, қасына ішіне шөп салған қуыршақ қапшықты жатқызған екен.


​Екі баланы қатар сүндеттегенде жасалатын ЫРЫМ бар

фото: mysupercook.ru

Сүндеттеу

Қазақта шілдеханадан соң ең атаулы той – сүндет тойы. Ес тоқтатата бастаған баланың өз өміріндегі ағайын-туыс ортасында өзіне деген ықыласты сезініп, құттықтаулар мен бата-тілекті қабылдайтын алғашқы тойы. Бұл күнгі бар назар – сүндеттелген балада болмақ.Этнограф Досымбек Қатранұлының айтуынша, сүндеттеу дәстүрі Х-ХІ ғасырда исламнан келіп, жалпыхалықтық болғанын айтқан. Сүндет тойына қазақ ерекше мән берген. Өйткені, сүндетке отырғызылған бала ат жалын тартып мінуге қажет кезінде туған топырағын келген жаудан қорғауға даяр деп санаған. Сондықтан да көбіне сүндеттелген баланы атқа мінгізіп, көрімдігіне мал атап отырған.

Мал атауының да өзіндік сыры бар. Ырымның түбірінде жақсылыққа жетелеу жатқаны анық. Ат жалын тартып мініп, көпшілік ортасында тұрған балаға келе жатқан кесір-кесапатты аталған мал өзіне қаратып алады деген ырым, күні бүгінге дейін сақталып келеді.


Әлбетте, заманына қарай – көрімдігі. Бүгінде сүндет той үстінде малдың құнына татырлық ақшалай сый беріледі. Оңтүстік өңірінде сүндет тойдың баладан кейінгі басты кейіпкері – нағашылар.

Баланың нағашылары үстіне екі басы сыйлыққа нық толған қоржын артылған атты ауыздығынан жетелеп, той боп жатқан үйдін есігінің алдына алып келіп байлайды. Той басталғанда ауыздықты атқа мінген сүндеттелген баланы көпшілік алдына жетелеп шығу құрметін нағашылар атқарады.

"Ердің ер болуы – нағашыдан" дегенді текке айтпаса керек.Тойға келген халайық, тұсынан өткен баланың қоржынына көрімдігін салып, қуанышын еселете түседі.

фото: thepagb.org.uk


Екі баланы қатар сүндеттеудің жөн-жобасы

Әр дәстүрдің түбінде бір құпия тылсым бары анық. Мәселен, бір үйдің екі баласын қатар сүндеттеу кезінде ішін шөпке толтырған бала көлеміндей қапшық қуыршақты қатарына жатқызғанын біреу естісе, біреу естімеген болар. Өйткені,бір үйдің екі баласын бірдей сүндеттеуге болмайды. Әйтпесе, біреуі ауырсынып, ұзақтау жатып қалады» деген наным-сенім бар.

Көне түркі заманында, бір үйден екі бала қатар сүндеттемеген екен. Сүндеттеген жағдайда үшінші етіп қапшық толы шөптен қуыршақ жасап, қатарына жатқызғанын айтты.

Қуыршақ жатқызуының себебі өте қарапайым: «Ібілістің әскері екі бірдей қуанышты ата-анасынан қызғанып, біреуін алып кетпекке жетіп келеді екен. Сол кезде шетте жатқан үшінші баланы алып кетеді-міс. Үшінші боп жатқан шөп піспеленген қуыршақ қапшық болғандықтан, ауыртпалық қапшыққа түсіп, екі бала ауыртпалықтан құтылады» деген ырымға сенген.

Көнеде бабалармыз ислам мен Тәңірге сиынушылықты қатар алып жүргені белгілі. Әлі күнге жаңа түскен жас келінге отқа май құйдыру, бесікті адыраспан түтінімен аластау, нәрестенің бас жағына қасқырдың кепкен тұяғын іліп қою секілді дәстүрлеріміз жалғасып келеді.

Қуыршақ қапшықты қолдануда сақталмаған көне дәстүр болмысында Тәңірге сиынушылықтың нақтылы белгісі тұр. Залалы болмаса бабалар сеніміне ие болған ырымды қолданғанның артықтығы жоқ деп ойлаймын. Осындайда қос діннің жағымды жағын қатар алған бабалар даналығына тәнті бола түсесің.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АҒАЙЫНға НЕ беруге БОЛМАЙДЫ?


«СҮТ АҚЫ» және «ЖІГІТ ТҮЙЕ» салты орындалып жүр ме?