Бұл дәстүрді біреу білсе, біреу білмес...
Халық дәстүрі бойынша біреудің жұмысына қол ұшын бергені, көмектескені үшін ешкім ақы сұрамайды.
Бірақ қазір өкінішке орай бұл салт-дәстүр ұмытылған. Мүмкін ел арасында әлі де сақталған шығар, бірақ көп емес.
Ет жақын адамдардың да бір-біріне көмектесуге «уақыты жоқ», одан шаруаны басқа адамға ақыға істете салғанды дұрыс көреді. сонда ағайынмен арадағы сыйластық та «үзілмейді» деп ойлайды.
Бірақ бұл салттың адамды бір-біріне жақындастыруға және бауырмашылдыққа, жанашырлыққа тәрбиелейтінін ұмытпағанымыз жөн.
Таныс адамына немесе жақынына жұмысын істеткен адам «келі түбі», «қол үздік» деп аталатын тиісті сыбағасын немесе сол еңбегіне қарай (аз болса да) бірдеңе береді, бос қалдырмайды. Соған риза болған адам бір-біріне алғысын айтып, жақсы тілектерімен тарқасса, бұдан кейін де қуана жолығысып тұрса несі айып?
Мұндай салттың бар екенін білемін және қазақылығы басым өлкелерде, әсіресе салт-дәстүрлер жақсы сақталған өңірлерде әлі де қолданыста.
фото: qazaly.kz
Соның бірі соғым сойысқандарға берілетін «қолкесер». Яғни, соғым сойған адамға тиісті мүшелерін салып ет береді. Соғым сою да қазақ үшін берекелі, елеулі күндердің бірі.
Қазір де ораза айының құрметіне ауызашар жасап, сауап жинауға тырысқан елдің соғымнан әлі де қалыс еместігін аңғаруға болады.
Ірі малды арнайы қасап шақырып сойдырып жатса, қой сою ер азаматтардың көпшілігінің қолынан келеді деп ойлаймын.
Бірақ қасапшыға мал сойдырғанда беретін ақысын «қол кесер» деп атайтынын енемнен естідім. Жолдасым соғым сойып, жілік тарқатамын деп ниеттеніп еді осы айда. Сол кезде мал соятын қасапшы бос болмай біраз күттік.
Ол аралықта енем де үйге қыдырып келе қалды. Сәті түскен күні соғымды сойғызып, етін де тараттық.
Сонда енем қасапшыға өздерің келіскен ақыдан бөлек, бір асым ет беріңдер, жаңа сойылған малдың етінен. Бұл ырымы сондай, салты солай, аз да болса қол еңбегі бар ғой, «қолкесерін» беріңдер деген еді.
Адамның еңбегін лайықты бағалау да адамгершіліктің үлгісі. Сондықтан мен енемнің сөзін екі етпей өзі айтқандай «қолкесерін» салып бердім. Мұндайды бірінші рет көріп тұр ма екен, ол кісі ерекше қуанды. Алғысын айтып, қайта-қайта тілегін, жақсы сөздерін жаудырып көңіл-күйі көтеріліп кетті.
Міне осыған қарап, қазақтың әрбір дәстүрінің астарында тек жақсылыққа үндеу жатқанын аңғаруға болады. Кісінің бетіне күлімдеп қарау да садақа дейді ғой, адамның көңіл-күйін көтеріп, қуаныш сыйлау арқылы өзіңнің де көңіл-күйіңнің көтеріліп қалғанын байқайсың.
Сондықтан, ұсақ-түйек қана деп қарамай, салтымыз бен дәстүрімізді жаңартып, мән беретін болсақ ұрпаққа жақсы тәрбие береміз деп ойлаймын.
НҰР Әлем,
Тағы да оқыңыз: