Құдалардың алдынан АРҚАН ТОСУ қайдан шыққан?

0
6 750

​Негізі қазақта мұндай салт, осындай жоралғы бар ма еді?


Құдалардың алдынан АРҚАН ТОСУ қайдан шыққан?

фото: kaz.365info.kz

Әрине, қазақтың маңызды күндерді атаусыз қалдырмайтыны және адам өміріндегі ең маңызды сәт баланың өмірге келуі мен және жаңа өмірге қадам басып, жастардың үйленуі адам өміріндегі ең маңызды сәт екені белгілі. Ал бір-бірімен бас қосып, отау құрған жастардың ата-аналары, ағайын-туыстары құда-жекжат атанып, өріс кеңейе түседі.

«Құда-құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген» деп шаттанып, құдалықтың мың жылдық болуын шын пейілімен тілейтін біздің халықта кірме дәстүрлер де пайда болғанын сіз байқап жүрсіз бе?

Тізе берсек, бұл тізім ұзарып барады. Ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан көне дәстүрлердің сынын бұзбай, әдемі, әсерлі етіп өткізуге не кедергі? Еліктеушілік басым болғандықтан, өзге елдің салты қызық көрінетін шығар бәлкім. Алайда, бірінен бірі қайталап, сол дәстүр тұрмыс-тіршілігімізге бойлай еніп кеткенін ұққан кезімізде кеш болмай ма?!

Мысалы, қазақта келген қонақты қарсы алудың да өз әдебі бар. Қазақ қонақжай халық деп мақтанамыз. Сол қонақжайлылықтың үлгісін де көрсете білеміз. Қонақтың ең қадірлісі, сыйлысы құдайы қонақ, содан кейін құдай қосқан құдалар. Құда деген атаудың өзі беделді, сыйлы екпінмен айтылады ғой.

Екі жақ бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп құда болған соң, сыйластықтары да жоғары деңгейде болатыны сөзсіз. Балаларының бақыты үшін құдалар да сыйласуға міндетті. Алайда, құдаларды алғаш көріп, есік-төр көрсету кезінде, яғни құдалық тойында жасалатын кәделердің ішінде қазақтың салты деп айтуға келмейтін бір жоралғы бар.

Ол- арқан тосу. Қылауы түспеген жаңа құда деп әспеттеп, төріне шығарып, сыйлы қонақ етуге ұмтылып жатқан құда күтушілердің құдалардың көші алдынан арқан тосып, бөгет жасауы және сол кәдеге сый-сияпат күту әдетке айналып кеткендей.

фото: ru.sputnik.kz

Жалпы қазақатың қандай қуанышы, тойы болса да ежелден келе жатқан салт-жоралғыларды дүниелік мақсаттарға айырбастап жібергеніміз кішкене де болса, көңілге көлеңке түсіретінін мойындайтын уақыт келген сияқты.

Әдет болып қалған салт-жоралғыларды орындаймыз деп үлкен әжеден сөз естіп қалғанымыз да бар. Құдалар келе жатыр деген хабар жетісімен сайлана бастадық. Келіндер жағы құдалар келе жатқан көліктің алдынан арқан тосып, олардан кәдесін алып, содан кейін кейін арқанды жіберіп, көлік үйге қарай өтеді.

Келген қонақты құшақ жайып, қуана қарсы алу дегенге бұл салт аз да болса кедергі ететіндей. Арқан тосу-бөгет болу. Бұл құдалардың жолына бөгет болу деген сөз.

Мұның барлығын бізге түсіндіріп айтып, арқан тосу салтын тізімге енгізбеген сол әже болатын.


«Қайдағы жоқты шығарасыңдар сендер де. Кәдімгі құда күтіп алу рәсімін жасап, ән ойнатып, би билетіп, шашу шашып қарсы алсаңдар бірдеңе кем болып қала ма? Көрер көзге де ерсі екен, көліктің алдынан арқан тосу.

Иә, қазақтың көне дәстүрлерінің ішінде арқан керу деген кәде бары рас. Бірақ оның да өз реті, жөні болады. Келін алып отырған жақ құда шақырып отырса, оларға арқан кермейді. Арқанды қыз алуға барған құдаларға кереді. Бұл қызы бардың назы бар. қыз алу оңай емес, құдалар біздің шартымызға көніп, осындай кедергілерден өтуі керек дегендей назбен шығарылған ұғым ғой.

Сосын, арқанды ата-бабамыз жағдайы төмендеу, отбасының келіндеріне кергізген. Мұндағы ниет шамалы болса да үйіне бірдеңе ала кетсін деген ізгі ой.

Сонымен бірге, күйеу қалыңдықты алып бара жатып, қыз ауылына жақын көрші ауылдың тұсынан өткенде алдынан көлденеңнен арқан тартып, әйелдер мен балалар кәде алатын болған. Дәстүрдің де орындалар ретін білмесеңдер, олай даурықпаңдар!» деп тыйым салды.


Шынында да әжеміздің сол сөзінен кейін құдалар жағы да көңілді келіп, әдемі таныстық болып, құдалық өз деңгейінде керемет өтті.

Сондықтан, салт-дәстүрдің, жөн-жоралғының, ырым мен тыйымның шығу тарихын біле жүргеніміз, орнымен қолданғанымыз жөн.

Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ЖАҢА ҮЙге кіргенде «БОСАҒА МАЙЛАУДЫ» ұмытқан жоқсыз ба?


Бала дүниеге келгенде НАҒАШЫ ЖҰРТЫ не істеу керек?