​ҚЫЗЫЛ ШҮБЕРЕКті есіктің сыртына байлаудың СЫРЫ неде?

0
11 123

"Қызыл шүберектің өңі бозарып, өзі шіріп түсіп қалмайынша тұратындарды да білеміз" деп кейістік танытты.


​ҚЫЗЫЛ ШҮБЕРЕКті есіктің сыртына байлаудың СЫРЫ неде?

ҚЫЗЫЛ ШҮБЕРЕКті есіктің сыртына байлаудың себебі неде?

Қызыл шүберек... Мұның әлденеге байланып, желбіреп тұрғанын сіз де көрген боларсыз?!


Иә, қызыл шүберектің байлануын көпшілігіміз «Көз тимесін! Сұғы өткір кісінің назары осы шүберекке аусын» деген ниеттен туындаған деп түсінеміз. Қазіргі кезде көз тимесін деген ырыммен кез-келген жаңа затқа, (жаңа қоныс, алғаш жеміс салған ағаш, жаңа немесе мінілген болса да алғаш көлік алғанда да) қызыл шүберек байлап жатады.


Бір жағынан, жаман ниет емес әйтеуір.

Бірақ жөнін айтып отыратын үлкендердің қатары сиреді ме, ырымға аса мән бермейтін адамдардың көптігі ме негізгі мақсатын шатастырып алып жүрген сияқтымыз. Оған өзім куә болған оқиғаны айта кетсем түсінікті болар.


Жақында ғана еңселі үйін бітіріп, осында көшіп келген көршіміздің үйіне «құдайы асқа» шақырған соң бардық. Қазір жаз мезгілі болғандықтан, таза ауада отырайық, бәр жағынан, мынадай қолайсыз сәтте аз адам жиналсақ та үй ішінде емес, далада отырғанды жөн санаған екен.

«Құтты болсын!», «Сырты малға, іші жанға толсын!» деп тілегімізді айтып, еңселі үйге қарап тамсанып отырмыз.

Сонда шатырдың бұрышына, бау-бақшаға отырғызылған жеміс ағаштарына қызыл жіп байлағанын барлығымыз да көрдік.


Төрде отырған бір қарияның ақ сақалып сипап қойып біз білмейтін деректерді айтқанда үй иесі аздап ұялып та қалды. Білмегенін айтып, кешірім сұрады.

«Қызыл шүберек байлаудың түбірі бұл емес. Дәл қазіргі сәтте бұл ырымның, наным-сенімнің көптеген адамға қажет екендігін ұғынғандықтан, ата-бабамыздың бұл дәстүрін де керек жерінде қолданғанымыз жөн шығар.

Көз тию ол ықылым заманнан бар нәрсе. Мұны дініміз де жоққа шығармайды. Бірақ өткір көздердің сұғы тиеді деп қорықсаңдар, оған мына қызыл шүберегің көмектесе алмайды. Көз тиюден сақтанудың, емделудің ең дұрыс жолы пайғамбарымыздың салып кеткен жолымен, көз тигенде оқылатын арнайы дұға-сүрелерді оқып, дем салу. Тіпті болмаса, назарды аударатын басқа бір жолын табуға болады. Тек қана қызыл шүберек емес. Бәлкім жасыл шүберек?.. Жасыл түс те жақсы ғой, ол тіршіліктің белгісі «жайқалайық, жанданайық» деп ырым етсеңдер несі жаман?..

Бір жағынан, қазақ наным-сенімге бай, ырымға сенген халық. Сол сенімнің арқасында талай қауіп-қатерден аман-есен өтіп, осы күнге дейін жеткеніне де шүбә келтіруге болмайды.

Қызыл шүберекті есік сыртына немесе алыстан қараған адамның көзі түсетіндей жерге, яғни, шатырға әлде көзге түсетін ашықтау жерге байлап қоюдың себебі ол үйде отбасы мүшелерінің бірі сырқаттанып қалғанын білдіретін болған. Сырқат болғанда да жұқпалы аурумен ауырып қалған адам өзгелерге бұл дертті жұқтырып алмау үшін өзгелерге ескертпе, берілген белгі десек те болады.

Әсіресе, балаларда жиі кездесіп жататын «қызылша ауруы» (қызамық, шешек, шиқан деп те атайды) жұққан кезде есіктің сыртына қызыл шүберек байлаған.

Өйткені, ол үйде ауырып жатқан адам барын сырттан келетін адам білуі тиіс. Сақтық шарасы ретінде үй сыртына қойылатын «белгі» бұл.

Негізінде бұрынғы кезде ата-бабаларымыз үйінде ауырып жатқан адам бар болса, шикі, қызыл етті кереге сыртына байлаған. Ауырып жатқан адамды «шикі етке» теңегендіктен. «Шикі еттімін» деген мағынада. Бірақ, бертін келе шикі етті қарға-құзғын шоқып ауырған жанның мазасын алады деп шикі етті қызыл шүберекпен алмастырды.

Қызыл шүберектің байлаулы тұрғанын көрген адам бұл үйге мейман болудың реті келмейтінін түсіну үшін жасалатын ым-ишара десек те болады. Бұл өзгенің денсаулығына зиян келтірмеу, жұқпалы аурудың басқаға жұқпауын ойлап, жанашырлықтан туындаған ниет.

Кейбіреулер балаға қызылша шыққанда қызыл түсті киім кигізіп немесе киімін теріс кигізіп жатады. Киімін теріс кигізгені аурудың беті теріс қарасын, беті ары қарасын деген сенімнен туындайды.

Ырымы «қызылша қызыл шүберекке көш» деп айтып, науқас адам ауруынан айыққанша есік сыртында қызыл шүберек байлаулы тұратын болған. Тек уақытша ғана, естеріңде болсын! Қызыл шүберектің өңі бозарып, өзі шіріп түсіп қалмайынша тұратындарды да білеміз» деп көпшілікке ойлы көзімен қарады.

Шынында да «білгеніміз бір тоғыз, білмейтінімыз тоқсан тоғыз» екенін осындай көргені мен түйгені мол көнекөздерден сұрап-біліп, ғибрат алғанымыз өзімізге ғана емес, ұрпағымыз үшін де маңызы бар дүние, сауапты іс болар еді, меніңше...

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:


ЖЫЛҚЫНЫ неге ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛУҒА болмайды


Аяқ киімді ТӨРГЕ қаратып шешуге болмайды