​Мұны ЖЕҢГЕЛЕР ғана ЖАСАУЫ керек

0
10 812

Мұны білмесе жеңгелерге ауыр сын.


​Мұны ЖЕҢГЕЛЕР ғана ЖАСАУЫ керек

Қазақтың дәстүрлерінің басым көпшілігін жеңгелер жасайды. Яғни, қазақтың келіндеріне артылар жүк ауыр. Оны абыроймен атқара алмаса, атына сын. Қазақ халқы шаңырағына келін келгенде баласының басының құралғанына ғана қуанбаған. Екі елді таныстырып, татулығын аттыратын, қыздарының ақылшысы болатын, ұрпағын жалғастыратын жан ретінде бағалаған. Сондықтан да текті елмен құда болайық деген тілекпен таң аттырған. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөздің де мағынасы тереңде жатыр.


Тағы оқыңыз:

Теріс БАТА алғандар қалай КЕШІРІЛЕДІ?


Өз еліме келдім, осында судай сіңіп, тастай батамын, абыройын көтеремін, шаңырақты шаттыққа бөлеймін деп келген кез келген келіншек ең алдымен күйеуінің жұртын сыйлауды, өзі сыйлы болуды үйрену керек. Үйдің салты мен өзіндік тәртібін тану керек. Ата мен ененің қабағын бағып, қайыніні мен қайынсіңліні жақын тартып, сырлас болу керек. Мұның бәрі таңертең иіліп сәлем салғаннан, күлімдеп дастархан жазғаннан, сызылып отырып шай құйғаннан бастау алады. Сыйластық сыйды арттырады. Сонымен қатар жеңгелерге ғана жүктелетін қызмет бар.


Ат тергеу

Бұл - сыйластықтың бір түрі. Күйеуін құрметтеген келін оның туыстарына ізеттілік танытады. Ата-анасы қойған атпен емес, өзіне ұнамды, жарасымды, назды атау береді. Мұндай атауға ие болған қайнысы мен қайынсіңлісі де жеңгелерін жанындай жақсы көріп, құрметі артады. Атына шаң жуытпайды, жамандыққа қимайды. Бір сөзбен айтқанда, қорғаушысы болады.

«Мырза жігіт» атанған қайынылар мырзалығын танытып, жеңгесіне қамқор болса, «Кенже қыз» есімін иеленген бойжеткен жеңгесінің қолқанаты болады. Мұндай өзара жақындық ата-ененің де көңілін жібітіп, жүрегіне жылулық сыйлайды.


Жігіт пен қызды таныстыру

Бойжетіп отырған қайынсіңлісіне не ержеткен қайнысына жар іздеу де жеңгеге жүктеледі. Қызы бар ауылды жігіттердің торуылдайтыны бесенеден белгілі. Жігіт келді екен деп қызды таныстыра салуға болмайды. Жан-жағына барлай қарап, жақынының басын бағалайтын адамға жолықтыруға барын салады. Лайық дегендерді тауып, таныстырып, екі жастың қол ұстасуына септігін тигізеді.


Ұзатылатын қызды таныстыру

Құда түсіп, сырға салатын кезде ұзатылатын қызды күйеубаланың ата-анасына, жақындарына таныстыру үшін де жеңгелері ертіп келеді. Ол қызметтері үшін сыйлықсыз қалмайды. Ұзатылатын қызға ақылын айтып, өнеге көрсететін де тап осы жеңгелер. Байқасаңыз, аналары үйретпегенді жеңгелерінен үйреніп алатындар баршылық. Анасы қызының қабағына қарап қатты сөйлей алмаған кезде, жеңгесі тігісін жатқызып жеткізеді. Ащы сөздің өзіне де тәтті қосып айтады. Мұны ұққан қыздың шаңырағы ешқашан шайқалмайды.


Күйеуге төс тарту

Енді ғана босаға аттап, қалыңдығын алып кетуге келген күйеубалаға қазақтың салты бойынша төс тартылады. Мұны да жеңгелер жасайды. Төстің қадір-қасиетін болашақ күйеуге ұғындырып, жарды құшуды, сыйлауды, аялауды айтады. Ерегеспей еркелетуді, жұдырық жұмсамай, жүрегіне жол табудың кілтін ашады.


Міне, осы міндеттерді арқалаған жеңгенің де айтар ақылы, үлгі болар сабырлылығы, көрсетер өнегесі болуы шарт. Бұл бергі жағы ғана. Жеңгенің жасайтын жұмыстары мұнымен тоқтамақ емес. Бойжеткен қызға күйеуінің еліне сыйлы КЕЛІН, құдай қосқан қосағына аяулы ЖАР, бесік тербеткен асыл АНА болуды үйретеді. Бұл тақырыптарды орайы келгенде жалғастырамыз.


суреттер ашық дереккөзден алынды


Жазып алған - Асыл Арман,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


Қазақтың қандай КЕЛІНІ қыз ҰЗАТА алмайды?


Бір уақытта босанған келіндерге қандай салт жасалады?