"Жігіттің жасы 25-ке келгенде, яғни, екінші мүшел жасында жүргенде үйленуге болмайтынын анамның айтуынан білдім..."
Өйткені, қазақ халқы, мүшел жасты «қауіпті кезең», «қатерлі жас» деп санаған. Сондықтан, халықтың сенімінде мүшел жаста адам мейлінше сақтық шараларын қарастырып, таза жүріп-тұруға, садақа беріп, әр күн сайын өзіне есеп беріп отыруға міндетті.
Егер адам баласының өмір сүру жасын 100 жас деп есептесе оның өзін екіге бөліп қарастырады.
Оның алғашқы елу жасын «барзақ ғұмыр» немесе «ұйқылы өмір» деп санаса, кейінгі елу жасын «саналы ғұмыр» немесе «ояу тірлік» деп атаған.
Осыған дейін «тұрмыс құруға асықпаймын, мен әлі карьера жасаймын» деп айтып жүретін бір сіңлімнің ойын өзгерткен қандай сөз болғанын ұсынып отырмын.
...Мен бұрын мүшел жасты неліктен тойлауға болмайтынын және адам өміріндегі маңызды бір қадамды жасамайтынын және неліктен қимас, бағалы затыңды басқа адамға сыйлау керектігін, көбірек садақа беріп жүру қажеттігін білмейтінмін. Естуім бар, үлкендер жағы мүшел жасқа келгенде осылай ету керек деп айтып жатады, бірақ, оның астарында не жатқанын, мағынасы не екендігін түсіне бермейтінмін.
Сөйтсем, оның да өзіндік сыры бар екен. Адам ырым-тыйымдарға да жөн-жосықсыз сене бермейді ғой, демек, оның да адам өміріне тигізетін жақсы-жаман әсері болғандықтан, ұстанады деген ойға келдім.
Бірде ата-анам көптен бері қолқа салып, тезірек отау көтеруге үгіттеп, үйлендіре алмай жүрген кенже ұлдарының аузынан «биыл үйленемін!» дегенін естігенде «жоқ, биыл саған үйленуге болмайды!» деп тыйып тастағанын көргенімде таң қалдым. Неге ата-анамның ағама осыншама жалынып, осы сөзді естуге құмартып, ұлдарын тезірек аяқтандыруға асық болып жүреді де, табан астында сол ойларын өзгертіп, үйлену туралы көп сөз қозғамай, тынышталып қалғанының мәнісін кейін түсіндім.
Сөйтсем, жігіттің жасы 25-ке келгенде, яғни, екінші мүшел жасында жүргенде үйленуге болмайтынын анамның айтуынан білдім. Дәл сол жиырма бес жасында емес, бір жас ары не бері үйлену керек екен.
«Келер жылы үйлендіреміз. Биыл күте тұр. Сені осынша асықтырғанымыздың мәнісін түсінгің келсе айтайын. Сен биыл мүшел жастасың. Мүшел жаста үйленуге, жалғыз өзі ұзақ сапарға аттануға, сәнді киім киіп, елдің көзіне түспеуге тырысады. Өйткені, ата-бабаларымыз «мүшел жастағы адамның бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болады» деп сенген. Бұл жаста жиі садақа беру орынды. Себебі, садақа қауіп-қатердің бетін қайтарады. Көбірек адамдарға көмектесіп, жақсылық жасап, үлкен кісілердің батасын алып жамандықтан алыс болуға тырысу керек.
Тек ұлдарға ғана емес, қыздарға да қатысты бұл нәрсе» деп маған бір қарап алды да, сөзін ары қарай жалғады. Анамның маған айтқан құлаққағысы деп санадым. Өйткені, мен де тағы екі жылдан соң, мүшелге кіремін.
«Қыз баланы да жиырма бес жасқа дейін ұзатпаса, «отырған қыз» деп неліктен айтады? Себебі, мүшел жасқа кірген қызын ұзатпаған. Ал, жиырма бестен ары қарай айтпаса да түсінікті, «отырған қыз» атанасың.
Мүшел жаста маңызды істі бастамайды дедім ғой, отау құрған ұлға енші берілмейді, егер қара шаңырақтан бөлініп шығамын десе өз еркі, бірақ, қара шаңырақтан бір кесе мен бір қасық алуға да болмайды. Барлығын өз күшімен жаңадан сатып алу да оңай тірлік емес бірақ.
Сендер маған «ертегі айтып отыр» деп сенбеулерің де, күлкіге айналдыруларың да мүмкін екенін сезіп отырмын. Бірақ, өздерің куәсіңдер, мен үшінші мүшелге кіргенде, қатты ауырып, төсек тартып жатқанымды білесіңдер. Мен де жас кезімде сендер секілді «не болар дейсің?» деп сенбеуші едім. Өз басыма қауіп-қатер төнегнде сенбесіме амалым қалмаған еді сол кезде. Сол мүшел жасымнан шыққанша төсектен тұра алмай жаттым ғой. Өздерің де қанша қиналдыңдар, аналарың жандарыңда болса да сендерге ас-суларыңды дайындап, кір-қоңдарыңды жуып бере алмай, тіпті, өзімнің тамақ ішуім үшін де кіп-кішкентай сендердің көмектеріңсіз ештеңе де істей алмадым өз бетімше. Осының барлығы да сол мүшел жаста келетін қауіп-қатерден сақтану шараларын жасамай, бейғамдықпен қарағанымның әсері» деп сол оқиғамен байланыстырды.
Анамның сөздері қатты әсер еткені сонша, ағам да «биыл үйленбесем, өмір бойы үйленбеймін» деген райынан қайтты. Мен де тезірек тұрмыс құруға асығатын боламын...
Мүшел жасқа байланысты осындай ырым-тыйымдарды білетін болсаңыздар, ойларыңызбен бөлісіңіздер. Өйткені, кейбір адамдар мұндай тыйымдардың бар екенін білмеуі де мүмкін.
иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден
Жазып алған: Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,
Тағы да оқыңыз:
Сәбидің ТІЛІ КЕШ ШЫҚСА нағашысына ЫРЫМЫН жасатыңыз
«ТӘТТІ ШАЙ» үйленгеннен КЕЙІН болуы керек пе, әлде ДЕЙІН бе?