Қазіргі кезде кірме дәстүрлер көптеп еніп жатыр...
фото: emilia-spanish.ru
Қазақ халқының өзіне тән тұсау кесу, ат жалын тартып міну, бәсіре атау, енші беру, қыз айттыру, құда түсу тағы басқа салт-дәстүрлерінде ұрпақ тәрбиесі үшін қажетті ұлағатты қағидалар көп-ақ. Бұл салт-дәстүрлердің барлығы да өз ұрпағының қамын ойлаудан туындаған.
Текті жерден келін түсіріп, аталы жерге қыз беру үшін қазақ атамыз малын да, жанын да аямаған, ибалы, текті, көргенді, көркем келінді бәрі де армандаған. Ата-бабаларымыз «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деп босағаны аттағалы тұрған келінге де сын көзімен қараған. Яғни бұл да жақсы ниеттен туындаған іс деугекеледі. Өйткені, халқымыз ұрпағының қамын ойлағандықтан, келешек ұрпағының тағдырын келіннің жақсы-жаман қасиеттерімен өлшеген. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, ізетті, өнерлі келінді келген жері ғана емес, бүкіл ауылы мадақтаған.
Әлбетте, барған жеріне балдай батып, судай сіңіп, сол елдің ардақты анасына айнала білсін деп келіндік өмірге ерте жастан дайындаған. Қыздарымыздың тәрбиесіне жан-жақты мән бере отырып, отау шаңырағының беріктігі әйел затына байланысты екендігіне де әрдайым назар аударған. Қыз балалардың жағымсыз қылықтарын көргенде тыйым салып, ата-анаға, әулетке кір келтірмей, өздеріне жаман ат тағылмауын қатаң қадағалаған. Ал, келіндеріміз бастарына орамал тартып, үлкен кісілерге сәлем жасап, ізет көрсеткен. Үйге келген мейманға оң қабақ танытып, ақ көңіл, адал пейілмен күтіп алған. Мұның барлығын келінге тігісін жатқызып түсіндіретін, үйрететін енесі.
фото: atr.kz
Алайда, қазіргі күнде жаңа түскен келіннің мінезін «анықтайтын» салт пайда болыпты. Мұндай дәстүрлерді адамдар ойдан шығарып ала ма, қандай да бір негізге сүйеніп атқара ма, ол жағы көпшілікке түсініксіз күйде қалып қоятындары да көп. Әлеуметтік желі қазір барлық адамға қол жетімді ғой, өзім де әлеуметтік желіден жаңа түсіп жатқан келінге осындай ырымды жасап жатқанын көзім шалды.
«Естімеген елде көп» дейді, мұндай дәстүрді өзім алғаш рет естіп, көріп отырмын.
Келін отырған көліктің артқы жағына ожауды төңкеріп қояды. Содан көлік жүріп кеткен кезде ожау жерге қалай түссе, соған қарай жаңа түскен келіннің мінезін анықтайтын болған екен.
Ожау етпетінен, көлікке қалай қойсаңыз, солай түссе, келін көнбіс болады, мінезі жұмсақ, биязы болады деп сенген. Ал, шалқасынан түссе, келіннің мінезі бірбеткей, айтқанға көне қоймайтын, қайсар мінезді болады дейді.
Бірақ бұл дәл солай болады дегенді білдірмейді. Дәстүр болғандықтан, бір жағынан қызық үшін жасайтын ырым шығар.
Осындай ырымдардың, наным-сенімдердің қалай туындайтынына таңым бар. Ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан, ұрпаққа өсиет-өнеге болатындай мұраға қалдырған деуге де кішкене жүрексінесің. Қазіргі кезде шынында да кірме дәстүрлер көптеп еніп жатыр ғой, айта-айта жауыр болған тақырыптар да бар.
Мәселен, қыз ұзатқанда қыз әкесі ешқашан жігіттің қолына жетектеп апарып қызын табыстамайды. Қыз ұзатуда орындалатын дәстүрлердің де көпшілігі әттеген-ай дегізетіндей жағдайлар. Қыз ұзатыларда ер азаматтар, қыздың әкесі, ағасы, жақын туыстарынан үлкен кісілер тек бата беруге ғана кіріскен. Жас жұбайлардың некесі де ер жігіттің үйінде емес, қыздың үйінде қиылған. Қыз ұзатыларда үйінен некесіз аттанбаған. Сонымен қатар, қызды күн шығып келе жатқанда аттандырған, қазіргідей түнгі он екіден қалдырмаймыз деген ырым жоқ еді.
Қазбалай берсек, осындай-осындай олқылықтар шыға беретіні де анық. Ал негізі әдемі дәстүрдің сынын бұзбай, сол күйінде дәріптей берсек ұлтымыздың ұлылығын жоғалтпас едік.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
«Әжетханада сөйлеме» деген тыйымның мәнін білесіз бе?