​«ТАНА ТАҒУ» баланың өзіне деген СЕНІМін арттыратын ДӘСТҮР

0
6 375

Танабау алған балаға кішігірім болса да көптің басын қосып, думандатып, той жасап береді.


​«ТАНА ТАҒУ» баланың өзіне деген СЕНІМін арттыратын ДӘСТҮР

Халқымыз ежелден-ақ салт-дәстүрге бай болған және өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, іске асырып отырған.

Соның ішінде балаларға арналған салт-дәстүрлер де аз емес. Олардың кейбірі ғана сақталып қалса, көпшілігі бүгінде ел есінен, қолданысынан шығып та қалған. Солардың бірі «танабау тағу» дәстүрі.

Бұл дәстүрді қайта жаңғыртсақ, балаларымыз үшін керемет тәрбие көзі болар еді. Өйткені, балалар өздерін ерекшелеп, танабау (сыйлық) тағып жатқанға мейірленеді, мерейі өсіп, мен де есейіп келемін, көзге түсе бастадым деп қуанады. Ата-анасы да баласының қолғабыс етуге жарап қалғанына шүкіршілік етеді.

Танабау алған балаға кішігірім болса да көптің басын қосып, думандатып, той жасап береді.

Рас, ғаламтор заманында мұнымыз еленбейтін де шығар, бірақ, бала үшін ата-анасының, жасы үлкен туыстарының баланың өзіне деген сенімін арттырып, өзін ересек адам сезінуіне үлес қосады. Өзіне деген сенімін арттырып, жауапкершілік арқалаудың не екендігін түсіне бастайды.

Танабау тағуды бала ержетіп, тірлікке жарай бастаған сәттен бастайды. Яғни, ұл бала алғаш рет əкесіне, қыз бала шешесіне ілесіп, түрлі жұмыстарына қолғабыс тигізіп жүргенін көрген жақындары, туған-туыстары мен көрші-қолаңдары «Ұл-қыздарың қолғабыс етуге жарапты, шаруа атқаруды сеніп тапсыра берсең болады екен» деп балаға түйме-тана, білезік, сөлкебай тағып жібереді. Кейде оны көпшіліктің, бір ауылдың немесе туыстардың атынан біреу барып тағып қайтады. Міне, бұл «танабау тағу» деп аталады.


Салт бойынша, танабау тағылған баланың ата-анасы кәдесін жасуы керек. Яғни, міндетті түрде баласының тана таққанын атап өтеді. Кішігірім тойға ұласып, бұл қуанышты да атаусыз өткізбейді.

Тіпті, танабау тағылмаған балалардың ата-анасы, ата-әжелері туған-туысы мен көршілеріне ренжіп «Немеремді, баламды көрмедің, елең қылмадың» деп өкпе-назын да ақтаратын болған. Мұндай өкпе-наз орынды әрине.


Сондайда ата-әженің, ата-ананың өкпесін, ренішін тарқату үшін барлығы жиналып, «танабау тағу» шайын ұйымдастырып, баланың сыйлығы деп әртүрлі бағалы заттар, кейде лақ пен қозы атайтын болған. Игі тілектерін айтып, баланың «ересектер» қатарына қосылғанына құтты болсын айтады.

Бұл игі дәстүр адамдардың бір-бірімен қуаныш пен қайғыда бірге болуға, жүкті жұмыла көтеруге үгіттейді, ынтымақ пен бірлікті насихаттайды.

Бір жағынан, тіл-көзден сақтану ғұрпы деп те санасақ болады. Өйткені, «тана» сөзінің екі ұғымы бар, бірі 2 жасқа толған бұзауды тана деп атаған, екіншісі мөлдір моншақтан, әдемі тастан жасалған түймені «тана» деп атаған. «Танабау» деген осы екіншісінен, яғни, түйме тағудан шықса керек.


Бұл дәстүр бүгінде түбегейлі жойылып кетті деуге де болмас, өйткені, түйреуішпен бірге көзмоншақ тағынып жүретіндер әлі де бар.

Десек те, баланың алғашқы еңбегін бағалау өмірдегі ең үлкен марапатты алғанмен бірдей. Танабау алған сәті өмірлік есінде сақталады.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ҚЫЗЫЛ ШҮБЕРЕКті есіктің сыртына байлаудың СЫРЫ неде?

Аяқ киімді ТӨРГЕ қаратып шешуге болмайды