​«ТҮЙЕ МҰРЫНДЫҚ» кәдесі - тойдың ЖАРШЫСЫ

0
4 857

Заманға сай ӨЗГЕРІСке ұшырағанымен, астары бір.


​«ТҮЙЕ МҰРЫНДЫҚ» кәдесі - тойдың ЖАРШЫСЫ

фото: kz.otyrar.kz

«Той - халықтың қазынасы» дейтін ел барда, тойға қатысты салт-дәстүрлер де жоғалмайды. Жыл өткен сайын ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлер жаңаша түрге еніп, заман ағымына лайық жаңғыра түскендері де бар.

Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, естісі де, есері де, ақылға қонымсыз бұрмаланған дәстүрлер легі толастамай тұр. Дегенмен, «дәстүр» деп жөнді-жөнсіз жерге тықпалай беруге де болмайтын шығар. Бірақ солардың ішінен тіршілігімізге қажетті, ұрпаққа берері бар, танымы мен тағылымы мол дәстүрлерді қажетімізге жаратып, ұрпағымызға табыстай алсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Жылдар өткен сайын құны артып, қастерлей түсетін дәстүрлер баршылық. Ұлттың ұлт ретінде қалыптасуына және өзге ұлттардан ерекшеленуіне ықпал етіп тұрған әрине, әр халықтың ұстанымдары мен салт-дәстүрлердің орны бөлек.


Ғасырлар бойы жоғалмайтын, халықпен біте қайнасып, күні бүгінге дейін жеткен әдемі дәстүрлеріміздің бірі - ТҮЙЕМҰРЫНДЫҚ.

фото: salt-dastur.kz

Тарихи әдебиеттерден білуімізше, баяғыда қыз ұзатылғанда, қыздың көші деген болған. Қыздың көші деп қыздың жасауы, керек-жарақтары мен құда-құдағиға, оның ел-жұртына арналған сыйлықтар артылған керуен. Көбінесе екі жағына теңдей етіп, түйеге артылған жүк керуенін ұзтылған қыздың көші екенін алыстан байқауға болады. Барлық сән-салтанатымен келе жатқан көштің алдынан жолай кезіккен ауылдардағы жас әйелдер мен келін-кепшіктер арқанын керіп, алдыңғы түйенің бұйдасынан ұстап, оны алға қарай жүргізбей «Түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрайды. Сұраған кәдені көшті бастап келе жатқан адам оған жолын өтеп, сыйлығын береді.

Қазіргі кезде мұндай ғұрып әрине өзгеріске енген. Дегенмен, түпкі мағынасы өзгерген жоқ. Біздің бала кезімізде ауыл көшелерін аралап той алдындағы серуен жасайтын жас жұбайлардың мінген көлігінің алдынан арқан керіп, кәде сұрайтынбыз. Күйеу жігіт немесе оның жолдасы бізге сыйлығын біргеннен кейін ғана оның көлігін өткізетінбіз. Жас балалар үшін қауіпті болуы мүмкін мұндай кәде сұрау. Бірақ біз үшін қызық еді. Тойдың лебі есіп, біз де солардай болуға ұмтылып, еліктейтінбіз, армандайтынбыз.

Қазір көбіне қызды ұзатып алып келетін болғандықтан, жаңа құдалардың алдынан тосып, солар мінген көліктен «түйемұрындық» сұрау әлі де бар. Тіпті, бұл ауылға алғаш келген құда болса, қыздың жүгі тиелген көліктің алдынан «түйемұрындық арқаны» керіліп, кәде сұрау тойдың қызығынан дерек береді.

Кәде сұраушы әйелдер «біз де той көрейік, осындай той бізге де жұғысты болсын! Қыз ұзатып, келін түсіру қуанышына өзіміз де куә болайық» деп ырымдап жатады. Қазақтың қай дәстүрін алып қарасаңыз да барлығы да жақсы ниеттен туған, жақсылықтан үмітті болған көңілдің қалауынан туындаған дәстүрлер.

Тойдан шашу, тойдан сарқыт, тойдың кәдесі ешқашан таусылмасын, дәстүріміз де соған сай қалыптасып, ең бастысы ұмыт қалмасын!

Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз;


ТЕБЕРІК тек мұқтаж жанға беріле ме?


Қазақ баланың санын да ҚАМШЫ арқылы білген