​«Тышқаншық салу» ЫРЫМЫН білесіз бе?

0
3 212

Бұрындары бала болып, аса мән бермедік пе, анамның айтуынша, әпкелеріміз балаларын алып тышқаншық салуға келетін еді деген сөздерін еститінбіз.


​«Тышқаншық салу» ЫРЫМЫН білесіз бе?

Қазақтың наным-сенімінде өмір сүрудің сапасы мен жақсылықтық нышаны көптеп кездеседі. Сондықтан, ежелден қолданыста болып келе жатқан ырым-тыйымдары да негізсіз деп айтуға келмейді.

Мүмкін мұндай ырымды қазіргі жас ата-аналар түсіне қоймайтын шығар, қолдамайтын да болар. Дегенмен, бұрындары медицинаның дами қоймаған кезінде де осындай ырымдармен сауығып кетіп жатқанын да жоққа шығара алмаймыз.


Қандай дәстүр, қандай салт немесе ырымдар болсын, олардың шығу төркіні де жақсылыққа балағандықтан, жақсылықтан үмітін үзбегендіктен туындаған болса керек-ті.

Мысалы, мен бұрын осындай ырымның бар екендігін білмегенмін шыны керек. Алайда, адам тығырыққа тіреліп, жаны қиналғанда, шығар тесік таппай, аласұрғанда ата-бабамыздың сеніміне жүгінеміз бәрібір.

«Тышқаншық салу» деген ырым- жас баласы ауырып, төсектен тұрған кезде әке-шешесі немесе ата-әжесі оны жақын ағайын, нағашыларының үйіне ырым етіп алып келеді. Келген үй ол балаға әдейі арнап мал сояды немесе басқа тамақ істеп, «Жаман ауруды жақсы ас кетіреді» деп ырымдап, тілек айтып, аурудан оңалып келе жатқан балаға жегізеді. Мұндай ырымды тышқаншық салу дейді.


Бұрындары бала болып, аса мән бермедік пе, анамның айтуынша, әпкелеріміз балаларын алып тышқаншық салуға келетін еді деген сөздерін естісек те «ол не екен?» деп зейін қойып, қызықпаған екенбіз.

Сөйтсем, өз басыма түскенде ғана мәнін ұғынып жатырмыз ғой.


Тұрмысқа шығып, балалы болған сәтте ғана ата-анамыздың қадірін түсінетімізді барлығымыз да айтып жатамыз. Яғни, ата-анамыз бізді қалай мәпелеп, бағып-қағып өсірді, ұйқысыз түндерін, баласы үшін уайым үстінде жүріп, алаңдағанын өзіміз балалы болғанда ғана терең сезініп жатырмыз.

Баланы тоғыз ай құрсағыңда көтеріп жүрудің қиындығы өз алдына, жарық дүниеге алып келу үшін арпалыстың өзі, баланы өмірде кездесетін түрлі қиындықтардан, қауіп-қатерден, ауру-сырқаудан сақтаудың өзі өте үлкен жауапкершілікті қажет ететін дүние.

Менің осы күнге жеткенім, денімнің сау болғаны, оқып, білім алғаным ата-анамның арқасы екендігін,барлығы үшін оларға қанша алғыс айтсақ та артықтық етпейтінін түсіндім.

Өзім отыз жасқа таяғанда барып тұрмысқа шыққанмын. Тұрмысқа шығуға асықпасам да, жасым ұлғайған сайын ана атану қажеттігін түсіндім. Шыны керек, маған отбасын құрудан бұрын, карьера жасау маңыздырақ болатын. Жақындарым қанша айтса да, мен өзімдікін жөн санап жүре бердім.

Шынында да олардың айтқандары жөн екен, әйел заты үшін ең бастысы отбасын құрып, бақытты болу. Ана атану.

Тұрмысқа шыққаннан соң мен бірден ана атану бақытына ие болған жоқпын. Сәбилі болуым да оңайға соққан жоқ. Емделдім, жолдасым да шыдамдылық танытты. Арада қанша жыл өткені маңызды емес, ұзақ күттірген алғашқы сәбиіміз құрсаққа біткеннен бастап, өмірге келгенше жанымды қоярға жер таппадым. Аман-есен қолымызға алғанша сәбидің зары әбден өткен соң, барынша абай болып, тоғыз ай, тоғыз күнімді толтырып, аман-есен өмірге шекесі торсықтай ұл бала алып келдім. Қуанышымызда шек болмады.


Дегенмен, баланы өсірудің де өзіне сай машақаттары жетіп-артылады екен. Бұрынғыдай емін-еркін жүріп-тұру, толыққанды ұйқы жоқ. Арасында баланың ұйқысы тыныш болмай, мазасызданып жылауынан бөлек, қызуы көтеріліп, үп еткен самалға түшкірп-псқырып, жөтеліп, ауырып қала салатыны да бар. Сондай кездерде дәрігерге жүгіре беруден, баланың ағзасын дәрімен улай беруден де шаршайсың.

Сондай кездері халықтық наным-сенімге жүгінуіме тура келген. Адам тығырыққа тірелгенде жақын адамынан қолдау күтеді, өзіне сүйеніш іздейді. Мен де бала күтімінде өмірлік тәжірибесі бар ғой деп анамнан көмек сұрадым.

Өйткені, енем жоқ. Анам маған «баланы қинамай, үйге алып кел, «тышқаншық салып» жіберейік» дегенде оның не екенін түсінбеген едім.

Кейін анам барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сөйтіп, одан кейінгі балаларымызда да осы ырымды қолданатын болдық.

Басқа да құрбыларымның, таныстарымның кішкентай балалары мазасызданып, сырқаттанып қалатын болса, мен осы ырымды қолданып көруін ұсынамын. Өйткені, өзіме, балаларыма айтарлықтай әсері болып, көңіл-күйіміз көтеріліп, сергіп қалатын болатындықтан, бірден осы ырымды жасау үшін анама барамын.

Мүмкін, менің сенімім ғана шығар, дегенмен, жақсы әсері болатынына мен еш күмін келтірмеймін. Өйткені, өзіңіз төркінге барып аунап-қунап қайтасыз, балаңыз нағашыларына барып, еркелеп, ата-әжесі де марқайып қалады.

Қысқасы, «тышқаншық салудың» ешкімге зияны жоқ, керісінше пайдасы мол. Сіз де жасап көріңіз, балаңыз тез оңалады.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


СӘБИіңіздің «ТІКЕНі» бар болса текті бала деп санаңыз

ІЛУ САЛУ салты қай кезде орындалады