​Үйіңіздегі САНДЫҚТА сіз білмейтін СЫР бар

0
24 071

Сандығы жоқ үйде не болмайтынын білесіз бе?


​Үйіңіздегі САНДЫҚТА сіз білмейтін СЫР бар

Сенесіз бе? Біздің үйде қайың ағашынан жасалған, сыртынан темір қапталып, мыс жапсырмамен ою-өрнектер салынған 6 бірдей сандық бар. Бір сандықтың төменгі жағына үлкен ағамның есімі жазылған. Бұл көнерген заттар бір бөлмені меншіктеп тұр. Аптасына бір рет кіріп кілемін тазалап, еденін сүртіп қоймасақ, басқа күндері жан баласы кірмейді. Өткенде үйде кішігірім жөндеу жұмыстары жүргізілгенде жеңгем екеуміз бөлмелердің орнын ауыстырып өзгеріс жасағымыз келді.


Ата-анам демалысқа кеткен-тұғын. Олардың келуіне тосын сый жасамақшы болдық. Сөйтіп анамнан басқаны қызықтырмайтын әлгі сандықтарды сүйреп жүріп жертөлеге түсірдік. Алтауының да іші тола, ауыр, есігінде қара құлып тұр. Ол бөлмеге жеңгемнің жатын бөлмесіндегі заманауи үлгіде жасалған сандықтарын шығарып, жүкті жинадық. Бір жұмадан соң келген анам тосынсыйымыздың тас талқанын шығарды. Тез арада сандықты өз орнына алып келуімізді тапсырды. Мен де, жеңгем де себебін сұрамай айтқанын істедік. Кешкісін ашуы басылған соң мән-жайды сұрағанымызда мынадай қызық мәліметтерге қанық болдық.

«Айналайындарым-ау» деп бастады әңгімесін...


– Қандай ана болса да ұзатып жатқан қызына міндетті түрде сандық алады. Бұрындары 2 үлкен, 1 кішкентай сандық беретін. Үлкен сандықтың біреуіне жүк салатын, екіншісіне киім-кешек салатын да, кішісіне шай, тәттілер, кәмпит секілді заттарды салатын. Жаңа келіннің жүгін көруге ауылдағы бүкіл әйелдер жиналатын. «Сандық ашар» салтын жасап, келін түсірген үй дастархан жазатын. Сандық ашатын кісіге де қыздың анасы арнайы мата салатын. Бұл сыйды алудың өзіне ауыл әйелдері таласады. Келіннің артынан келген жүкті мақтаса жаңа құдағидың мерейі өседі, сынаса келін қамығып қалатын. Қызының қамықпауын, ренжімеуін қалаған ана сандық беруге ұмтылады. Қыз үшін ең қадірлісі де, киелісі де сандық болады. Байқасаңдар сандық пен бесікті қанша тозса да сыртқа шығарғам жоқ. Бұл қасиетті заттар анамның көзі, ішіндегі заттар жастық шағымның естелігі. Сондықтан да көзімнің қарашығындай сақтаймын. Көзім кеткен соң не істесеңдер өз еріктеріңде. Ал қазірше ешқайсысың тиісуші болмаңдар, - деді анам көзіне жас алып.

Иә, сандықтың қазақ үшін маңызы зор. Оны әрбір үйдің төрінен орын алған сандықтар-ақ сайрап айтып тұрғандай. Сіз үйіңіздегі немесе жертөлеңіздегі сандықтың ішін ашып көріңізші. Жоқ дегенде шапан мен мата табасыз. Бұрынғы әжелеріміз, апаларымыз «қуыс үйден құр шықпа» дегенді қатты ұстанған. Сол үшін де сандықты матаға, сүлгіге, күміс жүзік пен білезікке толтырған. Оның ішінен бата берген ақсақалға шапан, ас жеуге келген құдайы қонаққа көйлек, сүйінші сұрап келген балаға бала көйлек, құдаға киіт табылады.


...Сандықтың иісінің өзі бала күніңді көз алдыңа келтіреді. Қонаққа баратын кезде анамыз сандықты ашып жіберіп, бір матаны суырып алатын да бір түннің ішінде әдемі көйлекті тігіп бере қоятын. Жаңа киім кигенге мәз болып, қыдыратынбыз. Сандықтың өзі жай уақытта ашылмайды. Сандық ашылған күні үйге қонақ келеді немесе өзіміз қонаққа барамыз. Ең құнды заттарымыз сандықта сақталатын. Қатар тізілген сандық тұрса, оның үстінде иін тірескен төсек жиналса керемет емес пе?! Қазіргі жастар келетін қонаққа көрпеше төсегенімен, жататын кезде төсек жеткізе алмай абдырап қалады. Мұны қала тұрмақ, ауылдан да көріп жүрміз. Үйіне 4-5 кісі келсе көрші-қолаңның көрпешесіне жүгіретін көршілеріміз де жоқ емес. Сандық үйіңе сын болмайды, керісінше сән болады. Сандығы бар үйге құт кіреді, береке болады. Ал бүгінде сандықтың орнын шифонермен алмастырғандарды да көріп жүрміз. Эх, мұны түсінетін жастар қайда?!, - деп күрсінді анам.


Мына әрекетіммен анамның балалығын ұрлағаныма, жүрегін ауыртып, ренжіткеніме қатты өкіндім.


фото: ашық дереккөздерден алынды


Асыл Арман,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


ТОЛҒАҒЫ басталған КЕЛІНШЕККЕ мынаны ЖАСАСА жеңіл БОСАНАДЫ