​Жас келіннің аяғының астына НЕГЕ КІЛЕМ төсейді?

0
3 194

Қазақтың бұл дәстүрі дұрыс па?


​Жас келіннің аяғының астына НЕГЕ КІЛЕМ төсейді?

фото:ВКонтакте

Біз заман ағымы қалай бұрса солай жүретін халықпыз. Бір жағынан ол дұрыс та шығар. Бірақ, өз салт-дәстүрімізді, тілімізді, ұлтымызды ұмытпауымыз қажет.

Қазақ халқы ең маңызды салт-дәстүрлерін ешқашан ұмытпаған дегенімізбен, кейбір отбасылар ешқандай салт-дәстүрді орындамайды, біз оған көз жұмып қарамауымыз тиіс. Өміршеңдігін жоғалтпайтын дәстүрлеріміздің бірі – БЕТАШАР дәстүрі болса, заманға сай бұл дәстүрімізге де жаңа леп қосылып жатыр. Дегенмен, дәстүрдің берер өнегесі өзгерген жоқ.

Ертеректе жаңа түскен келінмен бірге келген төсек-орнын түсіріп, отау тігуге ауыл болып кіріскен. Шаңырақты көтеру үрім-бұтағы өскен, елге беделді анаға жүктеледі. Бұл - жас келінге «жағың түскенше жамандық көрме, осы абыройлы ананың жолын берсін» деген ырыммен жасалатын жоралғы. Сондай-ақ келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығып, шашу шашады. Шымылдықты келіннің бетіне жауып, бет-жүзін үлкендерге көрсетпей, қайын атасының үйіне алып кіргізеді. Босағаны оң аяғымен аттай кіріп, тізе бүгіп үш рет сәлем берген келінге атасы бата береді.

Бұл жоралғылардан кейін келінді от басына төселген тулаққа отырғызады. Ол – «жаңа түскен жас келіннің мінезі иленген тулақтай (тері) жұмсақ, биязы болсын» деген ырым.

Жас келінді жаңа түскен еліне таныстыру мақсатында беташар рәсімі жасалады. Сол кезде көпшіліктің алдына бетіне ақ орамал жабылған келінді алып шығып, аяғының астына «қойдай жуас болсын» деп қой терісін тастайды.

Мұндай көріністі соңғы кездері көп кезіктірмей жүрміз. Оның себебі, қазір беташар рәсімінің тойханада өтуіне байланысты болар.

Бала күнімнен көргенім, жаңа түскен келінді беташар рәсімін орындау үшін көпшіліктің алдына екі абысыны екі қолтығынан сүйемелдеп алып шыққан кезде жас келін үшін арнайы кілемше жайылып, келіндер соның үстіне келіп тұрады. Оның мағынасына үңілетіндей жаста емеспіз, бірақ көз алдымдағы көрініс жатталып қалғандықтан, кейінгі кезде «неге солай жасаған екен?» деп ойланатын болдым.

Дәстүрдің қаймағын қалқып алатын, көненің көзін көргендер де азайып бара жатыр ма, кейінгілерге бұл аманат дұрыс жетпей жатыр ма, барлығы өзгеріп, жаңашаланып жатыр.

фото: old.aqmeshit-aptalygy.kz

Тойдың да сценарийін той ұйымдастыру орталықтарына табыстайтын өзімізден де кінә бар шығар мүмкін. Ал, той ұйымдастыруды тек қана табыс көзіне айналдырған мұндай орталықтардың мейлінше жаңаша, ерекше өткізіп, қызықты етуге атсалысатыны да жасырын емес.

Сондықтан, әрбір адам өзі үшін дәстүрлерімізге бей-жай қарамай, ұрпағына да насихаттаймын десе, өзінен бастағаны дұрыс.

Қайынағамыз келін түсіріп, жас келіннің екі жағына екі келінді сайлап, келіннің бір жағынан сүйемелдеуге қатыстым. Сонда абысынымның анасы, біздің әулетке үлкен құдағи болып келетін апамыз келіннің аяғының астына төсеу үшін арнайы кілем алып келген екен.

Соны төсеп жатып: «Баяғылардан жалғасып келе жатқан көне дәстүр ғой. Жас келіннің мінезі жұмсақ, қойдай жуас, көнбіс болсын деген ниетпен иленген тулақ тастайтын болған. Келіннің мінезі жұмсақ болса, келген шаңырағына құт болып енеді. Тез үйренісіп, сол үйдің бір адамына айналуы да жылдамдайды.

Ал қазір тулақ табу қиындау. Сондықтан, баламасы осы ғой, қой терісінен иленген тулақ таба алмасам да, қойдың жүнінен тоқылған кілем алып келдім. Қазақтың байырғы ырымы ғой, келініміз өзімізге сіңімді болсын деп ырым еттім. Ал келіндер, кілемнің үстіне шыға қойыңдар. Әулеттің сүйікті келіндеріне айналыңдар, айналайындар!» деп батасын да беріп, дәстүрді де ұғындырып, мейірімді жүрегімен жүрегімізге де жол таба білген осындай көргенді аналардың сөзін жерге тастау да мүмкін емес еді.

Сол жердегі келіндердің әрқайсысы да ой түйгені анық еді. «Мен де ұлымды үйлендірсем, келінімнің аяғының астына қойдың жүнінен тоқылған кілем төсеймін» деп ниет еткендер де болды.

Дәстүрді бұзбау үшін, осылай мағынасын түсіндіріп, неліктен орындалуы тиіс екенін ұғындыра білген адам болса, ешкім де әдемі дәстүрден бас тартпайтыны анық.

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жоғалған мүлкіңізді «САДАҚА» деуге бола ма?


ТЫРНАҚ КЕМІРУ жаман әдет қана емес, жаман ырым