«ЖЫЛУ ЖИНАУ» дәстүрі ҚАЗАҚТЫҢ бірлігін көрсетеді

0
12 306

Ата-әжелеріміз «Айтып келмейтін апаттан, мезгілсіз өлімнен сақта Алла» деп үнемі айтып отыратын. Дастарханға бата бергенде де, намаз оқығанда да, жай жүріп те, қарап отырып та осы сөзді қайталайтын.


«ЖЫЛУ ЖИНАУ» дәстүрі ҚАЗАҚТЫҢ бірлігін көрсетеді

фото: baribar.kz

Қазақтың намысшыл, бауырмашыл, кең пейілді екеніне дүйім жұрт тағы да куә болды. Қазақ халқы кез келген нәубетті бірлесіп отырып жеңеді. Басына үйірілген бұлттан бірлесіп шығуға әрекет етеді. Бұған кешегі болған Арыс қаласындағы жағдай дәлел.


Қазақ ешқашан бауырын қаңғыртып, баласын жылатып қоймаған. Апат болған кезде танымайтын кісінің көлігіне баласын салған, танымайтын қарияны мінгізгендер туралы естіп жатырмыз. Әп-сәтте болған қайғылы жағдайдан басын аман сақтағандар ес жия келе жоқтарын іздеуге түсті. Сонда көрші аймақтың тұрғындары көлік, ас-су, азық-түлікпен қамтып, жатын орын дайындауға бел шешіп кірісіп кетті. Үйіндегі төсегін, қазанындағы ыстық тамағын, киім-кешегін арқалап келгендер көңіл қуантты. Басқа облыстың тұрғандары да қарап отырмай, шартарапқа хабар жіберіп, шама-шарқынша қаржы жинап, қажетті заттарды сатып алып, қалаға қарай ағылды. Мұны қазақ «Жылу жинау» деп атаған.


Бір сөзге тоқтаған қазақ ұрпағы бұрынғы кезде де жылу жинауды дәстүрге айналдырған. Сауабы мол істі бүгінгі жастар жалғастыруда.


Жылу жинау ел бақытсыз жағдайға тап болғанда, қайғыға душар болғанда, шаңырағы шайқалып, дүние-мүлкінен, малынан, үйінен айырылғанда ел болып көмектесуді айтады. Жан-жағындағы қаумалаған ел қарап жатпай баспана, азық-түлік, киім, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны Алла деген адамдар ұйымдастырып, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, күндіз-түні дамылдамай қамкөңіл халыққа демеу болады. Бір адамның айтқанына еріп, кірісіп, біріне-бірі жалғап, қолынан келген көмекті көрсету – жылу жинау деп аталады.

фото: infourok.ru

Қазақтың ынтымағын көрсететін, бірлікке бастайтын, жанашырлық танытатын «Жылу жинау» Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» заңына енген. Әртүрлі табиғи апат салдарынан орын алған қайғылы жағдайға тап болғандарға көмектесуді ұйымдастыруды халыққа сөзі өтімді ел ағалары ұйымдастырған. Олардың бастамасымен зардап шеккен халықты аяғына тұрғызуға жұдырықтай жұмылып күш салған.


Қайғыға тап болған отбасыға көңіл айтып, сабырға шақырған халықтың нөпірі шүкіршілік дейік өте көп. Отбасын бір айлықпен бағып отырғандар да, халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер де тыныш жатқан жоқ. Бәрі де қолдарынан келген көмегін аямауда. Тіпті вацап желісі арқылы жан-жаққа шашыраған балалардың, аналардың суреттерін жүктеп, аудан, ауылдағы туыстарды табыстыруда. Шырылдап баласын іздеген ана, жәутеңдеген жас бала ешбір қазақты селқос қалдырған жоқ. Тіпті әлеуметтік желі арқылы көмектесетінін жарысып жазып жатқандар қайғырып отырған отбасыға медет болуда.


Осы секілді көмек қолын созуды ұсынып отырған қайырымды азаматтар баршылық. Атамыздан қалған сара жолды қажет кезінде жаңғыртып, жақсылықтың жаршысы болып жүргендерге Алла еселеп сауап жазсын, ал қайғыдан қан жұтып отырған арыстық бауырларымызға Алла сабыр беріп, жақсы күндерді көруді нәсіп етсін!


Асыл Арман,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


«САТЫП АЛУ» салтымен СӘБИ СҮЮГЕ бола ма?


Мұны ЖЕҢГЕЛЕР ғана ЖАСАУЫ керек