Бұл жаттығулар өте қарапайым, бірақ пайдасы зор. Таңертең жасасаңыз, күні бойы сергек әрі белсенді боласыз.
Жаттығудың да, гимнастиканың да түрі көп. Олардың бірі арықтауға, енді бірі бұлшықеттерді шынықтыруға арналған. Ал, бүгінгі жаттығулардың жөні бөлек. Оңай әрі қарапайым кешенді мұндай жаттығулар сіздің ағзаңызға таңертеңгі күш-қуатты сыйлап, жұмыс күніңіздің басталуына жақсы көңіл-күй септігін тигізеді. Сонымен қатар, ішкі ағзаларыңыздың жұмысын жақсартып, омыртқаңызды түзейді.
Таңғы сергектік сыйлайтын кешенді жатығу
Төсектен тұрмай-ақ фитнеспен айналысуға болады. Жаттығуларды жасау арқылы ұйқыңыз ашылып, ширақ бола бастайсыз.
Ұйқыдан тұрған соң бірден төсектен тұрып кетпеңіз. Денеңізді керіп-созып, бірнеше минут жата тұрыңыз. Басыңыздағы жастықты алып тастаңыз. Сүлгіні шиыршықтан орап, валик етіп алыңыз. Валиктің диаметрі 8 см болғаны жөн. Оны жаттығу жасауға пайдаланасыз.
"Балмұздақ"
Валикті арқаңызға қойыңыз. Ол жауырынның төменгі бұрышына тиіп тұрсын. Қолдарыңызды басыңыздан асыра көтеріп, тік ұстаңыз. Сізге қойылатын талап – бойыңызды еркін ұстау. Валиктің үстінде жатып, денеңізді босаңсытып, рахатқа бөленіңіз. Өзіңізді бейне-бір күннің астындағы балмұздақтай сезініп, елжірей түсіңіз. Көңіліңіз де, көздеріңіз де күлімдесін. Осы сәттен барынша ләззат алуға тырысыңыз.
Қалған жаттығуларды валикті мойынға қойып жасаймыз.
"Жуыну"
Валикті мойынға қойыңз. Алақандарыңызды ысқылап, жылытып алыңыз. Содан соң қолыңызбен бетіңізді жуынғын сияқты уқалап, жаттығу жасайсыз. Алақанмен маңдайдан төмен қарай түсіріп, желкеге дейін уқалау керек. Саусақтарыңызбен құлақтарыңызды айналдырып, мойын, көкірегіңіз бен ішіңізді де "жуыңыз".
Қолдарды сипалау
Мойныңыздан валикті алмай, арқаңызбен жатқан қалыпта оң қолыңызды жоғары көтереңіз. Ал сол қолыңызбен оң қолыңызды сипалауға кірісіңіз. Шынашақтан шынтаққа дейін, қолтықтан белге дейін сипалап әрі қолыңызбен қатты сығуыңыз керек. Келесі қолмен де дәл осы жаттығу қайталанады.
Табанды сипалау
Жоғарыдағы жаттығуды аяқтарымызға да қайталайсыз. Аяқтарыңызды "артық заттардан" арылтып жатқандай қатты-қатты сығуыңыз керек.
"Түп-тамыр"
Шалқалай жатып, тізеңізді бүгіңіз. Оң өкшеңізді сол қолыңызбен мұқият уқалаңыз. Ал жермен жанасатын жерлерді, яғни табан, аяқ ұшының төменгі жағын саусақтарыңызбен "шымшып" шығыңыз.
Тартылу №1
Қолыңызды біріктіріп, басыңыздан асырып, тік ұстаңыз. Қолдарыңызды жоғары қарай, ал аяқтың ұшын өзіңізге, ішке қарай бүгіңіз. Ал табандарымызды барынша төменге қарай созыңыз. Кейін қолдарыңызды төмен түсіріп, аяқтарыңыздың ұшын балериналар секілді созыңыз. Осылай бірнеше рет қайталайсыз.
Тартылу №2
Төсекте шалқаңыздан жатып, бір қолыңызды жоғары, аяқтарыңызды төмен жаққа қарай созасыз. Кейін созылған күйде бір тізеңізді бүгіп, қисайтуыңыз керек. Ал басыңызды қолыңызға қарай қисайтасыз. Созылып, жаттығуды келесі қолыңыз және аяғыңызбен қайталайсыз.
"Қолтырауын"
Тізеңізді бүгіп, аяқтарыңызды ішке қарай тартасыз. Ал қолдарыңызды екі жаққа қарай жазасыз. Бір уақытта бүгілген аяқтарыңызды солға, ал басыңызды оңға қарай бұрасыз. Кейін дәл солай басқа жаққа қарай қайталайсыз. Мұны қанша қаласаңыз, сонша көп жасауыңызға болады.
Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін төсектен тұрған соң еденде төртаяқтап жүріп, ішіңізбен демалғаныңыз дұрыс. Сонда жаттығулардың әсерін тез байқайсыз. Белсенділігіңіз артып, жұмысыңызға етене кірісіп кетесіз.
Дайындаған: Н.НАЛТАЙ,
Тағы да оқыңыз:
Мықты болсаң жасап көр: 14 ауруды емдейтін БІР ғана жаттығу
"Босанса да мүсіні бұзылмаған" - Желідегі жұлдызы жанған аналар
АРТРОЗ бен АРТРИТ ауруын бір ғана «СИҚЫРЛЫ» жаттығумен емдеуге болады