1072 елді мекенде су тасқыны қаупі бар – ТЖМ

0
398

Бүгін Үкіметте су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша өткізілетін іс-шаралар қаралып жатыр.


1072 елді мекенде су тасқыны қаупі бар – ТЖМ

ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов су тасқыны қаупінің алдын алу шараларын баяндады, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін Үкіметте су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша өткізілетін іс-шаралар қаралып жатыр.

Министрдің айтуынша, өңірлердегі су тасқыны мен зардаптарының алдын алу 4 бағдарламалық құжат шеңберінде жүзеге асырылады. Олар – Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары, 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы, Өңірлерді дамыту және жазғы-күзгі кезеңге арналған инженерлік жұмыстар жоспарлары.

«Барлық бағдарламалық құжаттардағы іс-шаралардың орындалуы нәтижесінде 455 мыңнан астам халық тұратын 100 мыңнан астам тұрғын үйі бар 607 елді мекенде қауіпті азайтуға және 214 елді мекендерде қауіпті жоюға мүмкіндік берді. Қазір өңірлерде дайындық жұмыстары жүруде. Жыл басынан бері өңірлерде 25 шақырым уақытша бөгендер мен 57 шақырым қорғаныш білігі тұрғызылды, шамамен 5 мың шақырым каналдар мен 6 мың шақырым арық, 15 мың автомобиль және 3 мыңнан астам шақырым темір жол су өткізу құрылыстары тазартылды», - деді ТЖ министрі Үкімет отырысында.

Әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар елді мекендердің тізімі жаңартылды және нақтыланды, нәтижесінде олардың саны 24-ке өсіп 1 072-ні құрады. Бұл осы елді мекендерде алдын алу іс-шараларын толыққанды жүргізуге мүмкіндік береді.

«Су тасқынына қарсы іс-шараларды одан әрі іске асыру үшін ТЖМ бастамасымен өңірлік жоспарларға еріген және жаңбыр суының тасқынынан халықты қорғау деңгейінің индикаторы енгізілді, бұл олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді С. Шәріпханов.