22 жыл бойы қашып жүрген павлодарлық күдікті Дағыстанда ұсталды

0
770

Ол адам өлтірді деген күдікке ілінген.


22 жыл бойы қашып жүрген павлодарлық күдікті Дағыстанда ұсталды

ERNUR.KZ. Тағы басқа да ауыр қылмыстар жасағаны анықталып отыр, деп жазады exk.kz.

Павлодар облысының полицейлері іздестіру іс-шараларын көрші мемлекеттің құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізген.

"41 жастағы күдікті Ресей Федерациясы Дағыстан Республикасының Каспий қаласында ұсталып, қамауға алынды. Оған Екібастұз қаласында кісі өлтірді деген айып тағылып отыр", дейді Павлодар облысы ПД бастығы Нұрлан Мәсімов.

Полиция нақтылағандай, оқиға 1999 жылы 4 сәуірде сағат 19.00-де Екібастұз қаласының Ломоносов көшесіндегі үйдің кіреберісінде болған. 19 жасар жігіт 36 жастағы тұрғынды атып өлтірген.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 96-бабы 2-тармағының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тергеу органдарынан жасырынғандықтан, оған іздеу жарияланған еді.

Тергеу кезінде 1999 жылы күдіктінің таныстарымен бірге бірнеше ұрлық, төрт қарақшылық шабуыл жасағаны және кісі өлтіргені белгілі болды.

"Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының күшімен 98 қылмыскердің мекен-жайы анықталды. Сот төрелігі органдарынан жасырынған және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру жұмысы әрі қарай жалғасады", деп хабарлады ПД баспасөз қызметіндегілер.