26 маусым – есірткіге қарсы күрес күні: Дені сау қоғам – тұтас адамзатқа қажет құндылық

0
787

Осы күн аясында біздің елімізде де түрлі акциялар өткізіліп, жыл сайын жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.


26 маусым – есірткіге қарсы күрес күні: Дені сау қоғам – тұтас адамзатқа қажет құндылық

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Адамзат әлеміне алапат апат әкелетін зиянды заттардың бірі – есірткі. Сондықтан қолданған адамның есін жоғалтып, еркінен тыс әрекеттерге жетелейтін бұл затпен күресу жүздеген жылдар бойы адам ғаламшарының ортақ мәселесі болып келеді. Тиісінше, онымен күрес жүргізіп, есірткі саудасына тосқауыл қоюға тамшыдай болсын үлес қосу – күллі саналы адамның азаматтық парызы. Осы ретте 1987 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 26 маусым – «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп белгіленген. Тиісінше, осы күн аясында біздің елімізде де түрлі акциялар өткізіліп, жыл сайын жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол себепті атаулы күн шеңберінде көзі қарақты оқырман үшін бірқатар мәлімет беріп, есірткіге қарсы күреске шақыруға бел будық.


Есірткінің салдары жайлы не білеміз?


Енді «біз есірткінің салдары жайлы не білеміз?» деген сраққа жауап іздеп көрелік. Біріккен ұлттар ұйымының деректеріне сүйенсек, соңғы онждылдық көлемінде есті арбаған есірткіге тәуелді болып қалғандардың саны 22 пайызға көбейген екен. Өкінішке қарай, қазір дүниежүзінде шамамен 275 миллион нашақор жер басып жүр. Яғни, бір ғана есірткі тұрғысынан алғанда осыншама қоғамға қауіпті адам бар деген сөз. Сонымен қатар, соңғы отыз жылда дәл осы есірткінің салдарынан болатын өлім 134 пайызға көбейіп, әлемде жыл сайын жарты миллионға жуық адам қаза болады екен. Олардың көбі Солтүстік Америка, Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінің тұрғындары. Бір өкініштісі – БҰҰ 2013-2016 жылдары Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда біздің елімізде психобелсенді заттар көбірек тәркіленгені туралы деректер бар.


Әлемдік ұйымның тағы бір айтатыны – бірер жыл бұрынғы дүниежүзілік пандемия да есірткінің атарлуына әсер еткен. Бұл туралы зерттеу жүргізген Есірткі және қылмыс жөніндегі басқарманың (UNODC) дерегіне сүйенсек, коронавирус қайнап тұрған 2020 жылы синтетикалық есірткіні тұтынатындардың қатары қалыңдап, героин, марихуана және гашиш секілді есірткі заттарының сұранысы азайған. Одан бөлек, сол кезеңде көлеңкелі нарықта есірткі көлемі азайып, тұтынушыларының жеткізушілерге деген сеніміне селкеу түсе бастапты. Бірақ, мұны қуантарлық жағдай деп қабылдауға болмайды. Өйткені, бұл кезде адамдардың азғындағаны соншалық, өздері немесе белгілі бір топтармен бірігіп, есірткіні бұрынғыдан да үлкен көлемде сатып алып отырған. Тіпті, есірткіге тәуелді азаматтар арнайы марафон ұйымдастырып, синтетикалық заттарды тоқтаусыз қолданған екен. Бұған синтетикалық есірткінің нағыз есірткіге қарағанда аз мерзімге ғана әсер ететіні түрткі болған көрінеді.


Қазақстанда қанша нашақор бар?

Ал, біздің елімізде ресми ақпарат бойынша есірткіге тәуелді деп саналған 110 мың азамат тіркеуде тұр. Сол себепті, Қазақстанда есірткіге қарсы күрес шаралары бір сәтке де тоқтамай, қарқынды жүргізіліп келеді. Тіпті, Президенттің өзі халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселеге қатысты мемлекеттік деңгейде дабыл қағып, есірткі, оның ішінде синтетикалық есіркінің кеңінен таралуы ел болашағына қауіп төндіретінін айтқан болатын. таралуы – болашақ ұрпақтың жағдайына қауіп төндіретінін атап өткен болатын. Өкінішке қарай, елімізде бұлай дабыл қағуға негіз болатын деректер өте көп болып отыр.

Мәселен, Біріккен ұлттар ұйымының соңғы сараптамаларына сүйенсек, қазір Қазақстан есірткі саудасы бойынша 93 елдің арасында 33-орында тұр. Тіпті, әлемдік ұйым еліміздегі есірткіге тәуелділер саны ресми ақпараттан 6-7 есе көп болуы мүмкін деп топшылаған. Сондай-ақ, ресми дереккөздерде 2021 жылы заңсыз есірткі айналымына қатысты 2400-ге жуық, ал 2022 жылы 2800-ге тарта қылмыс анықталғаны жарияланған. Сонымен қатар, 2020 жылдың алғашқы 5 айының өзінде елімізде 27 келі синтетикалық есірткі тәркіленіп, бұл көрсеткіш 2019 жылғыға қарағанда үш есе көп болған екен. Ал, Республикалық психикалық денсаулық сақтау орталығының директоры 2016-2020 жылдар аралығында жаңа психобелсенді заттарға тәуелді адамдар саны 60 есе көбейгенін мәлімдеген.


Заңсыз есірткі саудасы қалай жүзеге асырылып жатыр?»

Осы ретте «заңсыз есірткі саудасы қалай жүзеге асырылып жатыр?» деген шартты сұрақ туындайтыны анық. Мамандардың пікіріне сүйенсек, әлемдік есірткі саудасының көлемі мұнай немесе қару-жарақ саудасының көлемінен кем болмайтын көрінеді. Дегенмен, бұл көлеңкелі кәсіп болғандықтан нақты сандарды ешкім айта алмайды. Кей дереккөздер бұл бизнестің айналымы 800 миллиард АҚШ долларын құрайды десе, енді біреулері 1 триллион АҚШ долларына дейін жетеді деп мәлімдейді. Бір өкініштісі – арампиғылды кәсіпкерлердің жаңарып, дамып жатқан технологияны өз пайдаларына сәтті қолданулары болып отыр.

Қазақстан есірткі саудасымен қалай күресіп жатыр?

Дегенмен, көлеңкелі кәсіптің қыр-сырына бойлаған қызметкерлер де қол қусырып, қарап отырған жоқ деп айта аламыз. Ең алдымен – ел Президентінің тапсырмасымен есірткіні ғаламтор арқылы тарататындарға қатысты қылмыстық үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Сондай-ақ, графити-суреттер және QR кодтың көмегімен нашаға жарнама жасап, мен насихаттағандар үшін қылмыстың жаңа түрі енгізілді. Себебі, қазір ғаламтор арқылы есірткі сатудың түрі көбейіп кеткен. Тіпті, саудагер мен тұтынушы кездесіп, бірі тауар, екіншісі ақша бермейді десек те болады. Сондықтан, қазір ішкі істер органдары ғаламтор желілеріндегі осындай контенттерді бұғаттау мақстаында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады.


Осы ретте, 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекстегі толықтыруларға сәйкес, «есірткі психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз өткізу» бабына (297-бап) «электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы» деген тармақ қосылғанын атап өту қажет. Тиісінше, мұндай қылммысқа барған адам 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Одан бөлек, аталған заңға тағы екі бап енгізіліп, электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіргені үшін айыптыға 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілген. Ал, осы ресурстардың көмегімен есірткі айналымын ұйымдастырғандар 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, бұл қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына енгізілген. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де жаман емес. Мысалы, былтыр құзіретті орган қызметкерлері Telegram желісіндегі жасырын есірткі сатумен айналысатын 440 чатты анықтап, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне оларды бұғаттау жөнінде сұраныс жолдаған.


«Қарасора» қаншалықты пайдалы?

Сөз барысында былтыр елімізде 2800-ге тарта есірткі қылмысы анықталғанын айттық. Тиісінше, елімізде мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл сайын «Қарасора» деп аталатын жедел алдын алу шарасы өткізіліп келеді. Жедел профилактикалық іс-шараға Ұлттық ұлан күштері, олардың құралдары мен техникалары, «Бүркіт» жеке құрамы мен ішкі істер органдарының арнайы бөлімшелерінің жауынгерлері жұмылдырылған. Сондай-ақ, өткен жылы алғаш рет ұшқышсыз ұшатын аппараттар және тікұшақ пен жоғары өтімді автокөлік қолданылған. Сөйтіп, өткен жылы аталған ауқымды іс-шара шеңберінде 12 700 келі есірткі тәркіленген екен. Оның 33 келісі героин, 68 келісі апиын, 507 келісі синтетика, 705 келісі гашиш, 4 тоннаға жуығы марихуана болса, қалғаны канабис секілді өсімдік түрлері болған. Сондай-ақ, аталған іс-шара аясында заңсыз есірткі айналымына қатысы бар төрт бірдей 4 ұйымдасқан қылмыстық топқа тосқауыл қойылып, топтарға қатысы 32 белсенді жауапқа тартылған. Олардың 13-і ауыр қылмыс жасаған екен.


Сонымен қатар, қазіргі көлеңкелі сауда ғаламтор арқылы жүргізілетіндіктен, «Киберқадағалау» атты ақпараттық жүйе іске қосылып, жыл бойы 2 мыңға тарта сайт бұғатталыпты. Оған қоса, былтыр Ұлттық ұлан және ҰҚК қызметкерлері Қызылорда және Түркістан өңірінде тікұшақтардың көмегімен әуеден барлау жұмыстары жүргізіліп, есірткі егудің 19 дерегі анықталған.


Жалпы, «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде былтыр ел көлемінде 1275 қылмыс анықталып, тәртіп сақшылары 9,7 тонна есірткі тәркілеген.


Сондай-ақ, «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру» жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітіліп, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер де аталған жол картасын жүзеге асыруға атсалысқан.


Мемлекет басшысы қандай тапсырма берді?

Ал, биыл, дәлірек айтсақ жақын күндері ел Үкімет есірткіге қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітеткелі отыр. Бұл жайында 17 маусым күні Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Президенттің айтуынша, 2016 жылдан бастап елімізде есірткіге қарсы іс-қимылды реттейтін арнайы құжат болмаған. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін полицияның тиімділігін арттыру қажет екенін айтып, бұл мәселе тікелей бақылауында болатынын жеткізді.


«Оның шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізілетін болады. Тәжірибелі заңгер Серік Ақылбай көтерген құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өзекті. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру өте маңызды. Сонда әркім өз құқығын қорғай алады және басқалардың құқығын бұзбайды. Егер біздің елімізде заң мен тәртіп орнаса, онда ол мемлекетіміздің мызғымас іргетасына айналады», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтай барысында.


Жалпы, есірткі саудасы елдер арасындағы шекара арқылы тасымалданатындықтан Қазақстан билігі көршілес жатқан Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты мемлекеттермен, сондай-ақ, халықаралық қауымдастықпен күш біріктіріп жұмыс істеп келеді. Себебі, ғасырлар бойы шешімін таппаған көлеңкелі бизнесті тоқтату былай тұрсын, азайтудың өзіне бір ғана мемлекеттің қуаты жетпейді. Әйтпесе, әлем елдерінің арасында көш бастап тұрған мемлекеттер бұл проблеманы әлдеқашан шешіп қояр еді ғой.

Сондықтан, әрбір адам бұл бәлекеттен алдымен өзін алыс ұстап, сосын жанына жақын азаматтардың да жақындамауын қадағалауы қажет. Өйткені, дені сау қоғам билікке ғана емес, тұтас адамзатқа қажет құндылық.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ