3,5 айдың ішінде мұғалім мамандығын алып шығуға болады

0
1 034

Арнайы уақыт бөліп оқуға да, қашықтықтан да білім алуға болады.


3,5 айдың ішінде мұғалім мамандығын алып шығуға болады

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында жоғары білімі барларға енді 3,5 айдың ішінде даярлық курсынан өтіп, мектепке мұғалім болып орналасуларына мүмкіндік бар, деп жазады ҚазАқпарат.

Даярлық курстары былтыр қыркүйек айында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы қайта даярлау және біліктілікті арттыру институтында ашылды. Бұл ел бойынша қолға алынған алғашқы пилоттық жоба. Қыркүйектен желтоқсан айына дейін 40 адам оқып шықты.

«Бұл мектепте жұмыс істейтін мұғалімдерге біліктіліктерін арттыруға немесе қосымша мамандық алғысы келетіндерге өте ыңғайлы. Арнайы уақыт бөліп оқуға да, қашықтықтан да білім алуға болады. Елдегі ұстаздар жетіспеушілігін жою мақсатында заңды түрде қолға алынған іс-шара. Лицензия бар, білім беру бағдарламалары аккредиттелген», - дейді қайта даярлау және біліктілікті арттыру институтының директоры Юлдуз Алмаходжаева.

Курсқа келуші 3,5 айдың ішінде 1200 сағат оқитын болады. Оқу ақылы. Бітіргендерге екі сертификат беріледі. Біреуі - курстан өткендігін растайтын куәлік болса, екіншісі 5 жылға біліктілікті арттырғаны үшін берілетін сертификат.

«Бірінші лекпен бітірген 40 адамның барлығы – мұғалімдер. Олар «педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша өз біліктіліктерін арттырды. Кейбірі кейін мектеп директорлығына жұмысқа орналасты. Қазір өңірде 474 мектеп болса, оның қырығында мектеп директорының орны бос тұр. Жалпы облыста педагог кадрларға қажеттілік жоқ, білім ордалары толық қамтылған», - дейді СҚО Білім басқармасының баспасөз хатшысы Жансая Қайыпова.

Мамандардың айтуынша, курс жарты жылда бір рет ұйымдастырылады. Қазір келесі кезеңге қабылдау жүріп жатыр, ол 28 ақпан күні аяқталмақ. Бүгінде 60 адам өтініш берген.