42 500 теңгеге өтінім берген мемлекеттік және бюджет қызметкерлері ұятқа қалды

0
803

​Төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік төлемге өтінім бергендердің көбісінің тұрақты жұмысы бар болып шықты.


42 500 теңгеге өтінім берген мемлекеттік және бюджет қызметкерлері ұятқа қалды

ERNUR.KZ. Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы 42 500 теңге әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша есеп берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 3 миллионнан астам адамға 42 500 теңгенің әлеуметтік төлемі аударылды. Қаржының жалпы көлемі – 127 миллиард теңге.

Халықтан барлығы 5,9 миллион өтінім түскен. Соның ішінде 2,15 миллион, яғни 37% бойынша төлем тағайындалған жоқ.

Негізгі себептері:

  • 157 мыңға жуық өтінімде адамның жеке дерегі дұрыс көрсетілмеген. Бір әріпте немесе санда қате кетсе, әлеуметтік төлем тағайындалмайды;
  • 80 мыңға жуық өтінімде банк деректері дұрыс жазылмаған. Өтінім бергенде банк атауы мен IBAN-ды (шоттың 20 белгіден тұратын нөмірі) көрсету қажет. Көбісі банк картасының нөмірін жібере салған;
  • Өтінім берушінің тұрақты жұмысы бар болып шыққан. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар;
  • 863 мыңға жуық өтінімді зейнетақы және жәрдемақы алушылар жіберген. Олар төтенше жағдайға дейін ресми жұмыс істемеген;
  • 1,16 миллион өтінім бойыша соңғы 12 айда ешқандай әлеуметтік аударым жасалмаған, бір рет болса да, бірыңғай жиынтық төлем аудармаған. Ондайда 42 500 теңге берілмейді;
  • 534-ке жуық өтінім қайтыс болған адамдардың атынан немесе Қазақстаннан тыс жерде тұратындардың атынан жіберілген.

"Өтінім беруші ұсынған деректерді тексере келе, жұмыс берушінің қашықтан жұмыс істеуге рұқсат еткені немесе толық емес жұмыс күніне ауыстырғаны, ұйымның жалпы амалсыздан тоқтап тұрғаны анықталуда. Мұндай жағдайда жұмыс беруші тарап жұмысшыларға жалақы төлеуі тиіс. Дегенмен ұйым басшылығы жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберетіні жайлы бұйрық шығармаса да, жұмысшылар "42 500 теңге" төлемге өтінім беруге әрекеттенуде",- делінген ресми хабарламада.

Қазіргі кезде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы орындармен бірлесе отырып, жалдамалы жұмысшы болып саналатын өтінім берушілердің ақысыз демалысқа шыққаны я шықпағанын тексеруге кірісті.