Бағасы 2 АЕК-тен асатын сыйлық үшін қылмыстық жауапкершілік бар.
ERNUR.KZ. 8 наурызда басшыға гүл сыйлауға бола ма? Бұл сұраққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева жауап берді, деп жазады Елорда Инфо.
«Мереке қарсаңында мемлекеттік қызметкерлерге ешқандай сыйақы, сыйлық берудің қажеті жоқ. Ұжымдарды аралап жүргенде бізден «Сонда біз басшымызға гүл бере алмаймыз ба?» деп сұрап жатады. Керек емес», - деді Ж.Жылқышиева елорданың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде өткен брифинг барысында.
Ол гүлдерді қарапайым жұмысшыларға сыйлауға кеңес берді.
«Біз «егер де қатты сыйлағың кеп жатса, одан да мына қарапайым қызметкерлерге, сіздің отырған орныңызды жинап, қоқысыңызды далаға тастайтын жұмысшыларға беріңіз» деп айтамыз. Сіз неге басшыға сыйлауыңыз керек? Басшыға берген деген сөз ол мәселені шешу үшін берілді дегенді білдіреді. Сондықтан да үзілді-кесілді болмайды», - деп түйіндеді Жылқышиева.
Атап өтсек, заң бойынша лауазымды тұлғаға бағасы 2 айлық есептік көрсеткіштен (5 302 теңге) аз тұратын сыйлық бергені үшін 200 АЕК (530 200 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бағасы 2 АЕК-тен асатын сыйлық үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Ал мемлекеттік қызметкер сыйлық алса оған 600 АЕК (1 590 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады.