А. Аймағамбетов Пермь университетіндегі атысқа қатысты пікір білдірді

0
478

Министр осы қайғылы оқиғалар еліміздегі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсететіні туралы айтты.


А. Аймағамбетов Пермь университетіндегі атысқа қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Пермь университетінде атыс салдарынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп жазады 24.kz.

«Пермь университетінде атыс салдарынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Қазан қаласындағы теракт кезінде жақындары қаза тапқандардың жан-жаралары әлі де жазыла қойған жоқ. Бүгінгі оқиға жығылғанға жұдырық болып отыр», – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр осы қайғылы оқиғалар еліміздегі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсететіні туралы айтты. Оқу орындарының әрбір басшысы балаларды қорғау мәселесіне басымдық беруі тиіс екендігіне тоқталды.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Бұл мәселе Үкімет отырысында егжей-тегжейлі қаралып, әкімдіктерге тапсырма берілді. Сондай-ақ ЖОО басшылығына оқу корпустары мен жатақханаларда қауіпсіздікті күшейту керектігі айтылды. Бұл тапсырмалар – жабдықтарды түгендеу, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосуды қамтамасыз ету ЖОО кіру режимін күшейту және төтенше жағдай туындаған кезде қабылданатын іс-қимылдар бойынша сабақтар өткізу. Қазіргі уақытта министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша құжат әзірледі. Осы нормативті-құқықтық актіні талқылау барысында 2000-нан астам сұрақ пен ұсыныс келіп түсті. Бұл құжат кейбір азаматтарды алаңдататынын білеміз. Олар дабыл батырмаларын, бейнебақылау жүйесін, турникеттерді орнатуға және төтенше жағдайдағы оқу-жаттығулар өткізуге қарсы екендігін жазды. Мен бұл ережелердің балаларға қауіп төндірмейтінін, керісінше, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталғандығын мәлімдеймін. Әрбір білім беру ұйымында барлық қауіпсіздік шарасы қабылдануы қажет. Әкімдіктер бұл мәселені кешенді шешу үшін қосымша қаражат бөлуде. Атап айтқанда, бейнебақылау камерасын, күзет сигнализациясы мен дабыл батырмасын орнату, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосу, өткізу режимі ұйымдастыру және қауіпсіздік жүйесінің басқа да элементтер қарастырылмақ. Қызметкерлер мен оқушылар техникалық шаралардан бөлек, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алогоритмін білу қажет. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту де басты назарда болу керек. Біз бұл мәселелерге ерекше көңіл бөлеміз»,– деді министр.