Абай облысындағы экологиялық мәселелер қалай шешіліп жатыр?

0
353

Президент маңызы зор заңға да қол қойды.


Абай облысындағы экологиялық мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Еліміздегі жаңадан құрылған өңірлердің бірі – Абай облысы. Сәйкесінше, қазіргі таңда өңірді жан-жақты дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның ішінде экологиялық мәселелерді оңтайлы шешіп, қоршаған ортаның ахуалын арттыру жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. Бұл – елімізде мемлекеттік деңгейде қабылданған «Жасыл Қазақстан» бағдарламасының бір тиімді тұсы деп айтуға болатын шығар.


Атап өтсек, бүгінгі таңда өңірдегі айрықша қорғауға алынған жердің жалпы көлемі 850 мың гектарға жуық екен. Сәйкесінше, өткен жылдан бері орман алқаптарын, балық шаруашылығын, жалпы табиғат аясына қамқорлық көрсету жұмыстары қарқын алған. Соның ішінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 жыл көлемінде еліміздегі орман алқаптарында екі миллиард ағаш көшетін, ал елдімекен аумақтарында он бес миллион түп ағаш көшетін егу тапсырмасы аясындағы жұмыстарды ерекше атап өтуге болады. Бұл тұрғыда 2022 жылы өңірдегі елдімекендердің шегінде 73 мыңға жуық ағаш отырғызу көзделсе, жыл соңына дейін меже артығымен орындалған екен. Ал, өңір халқын балықтан жасалатын тауарлармен қамту және балық өндірісін ілгерілету мақсатында облыстағы өзендер мен көлдерге 1500 дана сазан шабағы мен алпыс мың тұқы шабағы жіберіліпті. Сонымен қатар, биыл өңірдегі Шүлбі деп аталатын су қоймасына екі жүз мың дана шабақ жіберу көзделген. Одан бөлек, халыққа жеткілікті жылу бере отырып, атмосфераға тиетін экологиялық зардапты төмендету үшін жылу электр станциясын салу жоспарланған.


Сондай-ақ, биылғы жылы облыс орталығындағы қоқыс полигондарының аумағын нақтылап, қоқыс шығару саласын жүйеге келтіру, табиғатты қорғауға бағытталған бағдарламалар дайындап, оларды нәтижелі түрде іске асыру жұмыстары жүргізу көзделген болатын. Осы орайда, облыс орталығы – Семей қаласы мен өзге де елді мекендерде қатты қарлдықтарды шығаратын арнайы орындар салынатын болған. Соның ішінде, табиғатқа қамқорлық жасау мақсатында өңірдегі бірнеше ауданда отызға жуық қоқыс полигоны салынады. Бұл жұмыстар 2024-2025 жылдары жүзеге асырылмақ. Одан бөлек өңірдегі талапқа сай келмейтін жетпіске жуық қоқыс алаңы жойылды.


Сонымен қатар, 2023 жылдың басында «Семей орман» деп аталатын министрлікке қарасты мекеме мен Бесқарағай ауданының басшылары өзара келісімшарт жасады. Мұндағы мақсат, өңірдегі орман қорын ұлғайту арқылы экологиялық мәселелерді шешу және жұмыссыздық мәселесін реттеу болып саналады. Сәйкесінше, қос тарап осы мақсатқа бірігіп, жасыл желекті сақтау және көлемін арттыру жұмыстарын бірлесе атқарып жатыр.


Ал, бірінші сәуір күні облыс орталығында жалпыхалықтық сенбілік өткізілді. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында өткізілген іс-шара «Таза табиғат» экологиялық науқаны және көктем айларындағы экологиялық екі айлық шеңберінде ұйымдастырылды. Аталған игілікті іс-шараға бас-аяғы үш мыңнан астам мекеме мен он мыңға тарта тұрғын қатысты. Тиісінше, тазалық жұмыстарын оңтайлы ұйымдастырып, қоқыс шығаруды тиімді атқару үшін жетпіс шаруашылық техникасы қызмет көрсетті. Нәтижесінде, жалпы салмағы екі жүз тоннадан астам қоқыс тазаланды.


Сондай-ақ, осы айда өңірге келген Германия кәсіпкерлері қоқыс қалдықтарын терең өңдейтін зауыт салу туралы ұсыныс жасады. Олар жобаны толық қаржыландырумен қатар, өндіріске заманауи технологиялар енгізеді екен. Өңірдегі қоқыс шығару полигондары әбден тозғандықтан, бұл ұсыныс өңір үшін тиімді болып отырғанын облыс әкімі де айтқан. Ал, инвесторлар қоқысты қайта өңдеу жобасының тиімділігін түсіндіріп, күн сайын 500-2000 тонна қалдық өңдеуге болатынын жеткізген еді. Өңір басшысының айтуынша, облыстағы қоқыс полигонының іске қосылғанына жарты ғасырға жуық уақыт болған. Сәйкесінше, полигон экологияға кері әсерін тигізіп, тұрғындарға да қолайсыздық тудырып жатыр екен.


Тағы бір айта кетерлігі – көктемнің соңында экология министрі өңір тұрғындарымен жүздесіп, жергілікті халық ең алдымен талай ядролық сынақ болған полигонның келешегі туралы мәселе көтерген болатын. Өз кезегінде ведомство басшысы полигонның жағдайын жақсарту мәселесі Праламент Мәжілісінде қаралып жатқанын жеткізіп, шаруашылық жерлерін реттеу, сынақ алаңын зерттеу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізген. Сонымен бірге, қоқыс қалдықтарына қатысты мәселелер де күн тәртібінде тұрғанын, қоқыс шығаруға арналған техникалардың көбейіп жатқанын, елдімекендерде жаңа қоқыс алаңдары әзірленіп, екі жүзден аса жаңа контейнер қойылғанын және тағы да мыңға тарта қоқыс жәшігі қаралатынын айтқан. Оған қоса, биыл өңірде қоқыс шығару жұмысын ұйымдастыратын мекемелер арасында конкурс өткізіліп, жеңімпаз анықталыпты. Осы тұрғыда тұрғындардың барлық шағымы ескеріліп, жұмыстар бір ізге түсірілген. Министрдің сөзіне сүйенсек, бүгінде өңірде экологиялық мәселелерді шешу мақсатында жоспарға сай іс-шаралар атқарылып жатыр екен. Бұл бағыттағы жұмыстарға тұрғындар да атсалысқаны абзал.


Сондай-ақ, биыл шілде айында ел президенті «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» өте маңызды заңға қол қойды. Аталған құжаттарға сәйкес, ядролық жарылыстар болған аумақта қауіпсіздік аймағын құру жоспарланған. Мұндағы мақсат – аумақтағы радиациялық мәселелерді реттеп, жарамсыз болып жатқан жерлерді қолданысқа енгізу. Сонымен бірге, ядролық сынақ алаңына байланысты заңда радиоактивті ластану қаупін ауыздықтау, қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды жинақтап, оларды пайдаға жарату арқылы полигонды түзету және полигонның ластану процесіне тұрақты түрде зерделеу жүргізу мәселелері қарастырылған.


Одан бөлек биыл «Семей Орманы» қорына екі жүзден астам радиостанция, жүзден аса автомобиль радиостанциясы мен 150 автоантенна пайдалануға берілді. Себебі, орман қорындағы бұған дейін қолданылған техникалардың жетпіс пайыздан астамы ескірген екен. Сәйкесінше, аталған жоспарды іске асыруға бюджеттен 1,4 миллиард теңге бөлініпті.


Жалпы, бүгінгі таңда өңір басшылығының басты міндеттерінің бірі – қоршаған ортаны қорғау болып отыр. Осы орайда арнайы жоспар әзірленіп, қырықтан аса іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде ауаны, су көздерін, флора мен фаунаны қорғап, қалдықтарды өңдеу және экологиялық мәселелерді зерделеу жұмыстарын іске асыруға басымдық берілген. Кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін бюджет қараджаты есебінен қоқыс қалдықтарына арналған полигон салынып, заңсыз қоқыс алаңдары жойылатын болады. Сонымен қатар, 2023 жылы өңірдегі елді мекендердің жасыл желегін ұлғайту мақсатында жетпіс бес мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Мақала басында айтқанымыздай Шүлбі су сақтағышына екі жүз мыңнан астам балық шабағы жіберіліп, тапсырысқа сәйкес жырма миллион данадан астам шабақ өндірілген. Бір сөзбен айтқанда Абай өңірінің экологиялық ахуалын арттырып, қоршаған ортадағы табиғи ресурстарды қорғау және мәселелерді шешу жұмыстары әкімдік назарына алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ