АЭС Қазақстанға қандай артықшылық сыйлайды?

0
445

Қай елде болмасын бейбіт атом энергиясын тұтыну ең өзекті әрі сұрағы көп проблема.


АЭС Қазақстанға қандай артықшылық сыйлайды?

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы арасында қызу талқыланып жатқан тақырып – АЭС-тің пайдасы мен зияны. Тұрғындардың бір бөлігі атом электр станциясы керек десе, енді біреулері бұл нысанның зардабы көп дегенді алға тартады. Себебі қазір қай елде болмасын бейбіт атом энергиясын тұтыну ең өзекті әрі сұрағы көп проблема.


Жалпы, АЭС-тің ең негізгі басымдығы экономикалық тұрғыдан тиімділігі. Себебі, мұндай энергия көзі тұрақты және ұзақмерзімді болып саналады. Сондықтан да әлемнің көптеген дамыған мемлекеттері бұл тәжірибені қолданысқа әлдеқашан енгізіп үлгерген. Мамандардың айтуынша, атомнан энергия өндіру көмір немесе басқа да отыннан энергия өндіруге қарағанда арзанырақ. Оның үстіне экологиялық зардабы да аз болатын көрінеді. Нақтырақ айтсақ, атом электр станциясы ауаға тарайтын көмірқышқыл газының көлемін азайтады. Яғни АЭС-тердің көбеюі табиғи тұрақтылықты сақтауға да ықпал етеді. Мәселен, АҚШ-та қызмет ететін National Renewable Energy Laboratory-дың дерегіне сүйенсек, атом электр станциялары көмір бекеттеріне қарағанда ауаға көмірқышқыл газын жүз есе аз таратады. Экологиялық тұрғыдан таза энергия көзі дегеніміз сондықтан.


Дегенмен, мұндай станциялардың ең ойландыратын тұсы – қауіпсіздік мәселесі. Осы ретте 1986 жылдың сәіріндегі Чернобыль апатын мысалға келтірсек болады. Бұған 2011 жылдың наурызындағы Фукусимада орын алған жағдайды да қоссақ болады. Аталған апаттардың адамзатқа қандай зиян тигізгенін бүкіл әлем біледі. Алайда, әлемдік дәрежеде жұмыс істейтін зерттеушілер мен сарапшылар бүгінгі озық технологиялардың арқасында бұл қауіпті сейілтуге болатынын дәлелдеген. Тіпті, қазіргі АЭС құрылысының жобалары бірнеше баллдық жер сілкінісіне де төтеп бере алатындай етіп жасалған. Ең бастысы – құрылыс барысында барлық ереже мен талапты сақтау қажет.


Дүниежүзіндегі атом электр станцияларының қатарында топтастырылған зерттеу орталықтары, энергетикалық реакторлар орналасқан алаңдар, яғни электр энергиясын өндіруге арналған реакторлар бар. Тізімге жұмыс істеп тұрған, жабылған және салынып жатқан реакторлар кіреді. Бұл тізім АЭС жөніндегі халықаралық агенттік – МАГАТЭ-нің және Дүниежүзілік ядролық қауымдастық – WNA-ның деректеріне негізделген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта әлемнің отыздан аса елінде 440 ядролық реактор жұмыс істейді. Одан бөлек, елуден астам энергоблоктың құрылысы жүргізіліп жатыр.


Енді АЭС салу тұрғысынан Қазақстанның қандай артықшылықтары бар екенін атап өтсек. Бүгінгі таңда еліміз энергетика саласы бойынша айтарлықтай әлеуетке ие. Қазақ жерінде уран қоры да, өзге ресурстар да баршылық. Тіпті, Қазақстан әлем елдері арасында уран өндіруден көш бастап тұрса, уран қоры бойынша екінші сатыда тұр. Бұл еліміздің өзін атомнан энергия алу саласына қажетті шикізатпен толықтай қамтамасыз ете алады деген сөз. Сала мамандарының айтуынша, егер елімізде АЭС салынса, Қазақстан энергия тәуелсіздігін де қамтамасыз ете алмақ.


Десе де, өз тарапымыздан «Қазақстанға АЭС салу керек» немесе «салмау керек» деп кесіп айта алмаймыз. Өйткені, бұл шешім түпкілікті әрі жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Себебі, сөз басында айтқанымыздай атом электр станциясы ел экономикасын нығайтуға, энергия тапшылығын тұрақтандыруға және экологияны жақсартуға ықпал еткенімен, қашан да қауіптілігі жойылмайды.


Ғалымдардың қазіргі дерегіне сүйенсек, жаңа тұжырымдама бойынша бой көтеретін АЭС-терде ақау пайда болуы миллиондаған жылда бір-ақ рет орын алатын көрінеді. Өйткені, құрылысқа жұмсалатын қаржының жартысына жуығы дәл осы қауіпсіздік бағытына жаратылады екен. Оған қолданылған су да ашық су айдынына құйылмайды. Сонымен қатар, АЭС құрылысына бағытталатын қаржының жұмсалуын МАГАТЭ сынды әлемдік ұйымдар бақылайтынын ескерсек, қандай да бір қаржылық тәуекелдердің орын алу ықтималдығы төмендейтінін ұғамыз.


Тағы бір айта кетерлік жағдай, Қазақстан мемлекеті таяу болшақта тек атом энергиясына сенім артып отырған жоқ. Яғни өзге де энергия көздерін қарастырады. Айталық, он жылдан кейін елімізде жаңартылатын энергия көзі 36, гидроэнергетика 12, газ энергиясы 27 пайызға жеткізіледі деп жоспарланған.


Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 6 қазанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлығын елемеуге болмайды. Өйткені бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір сипаты. Біз көрген-білгенімізді айтып, мамандардың дерегін жеткіздік. Ал, таңдау жасау әркімнің өз еркінде.


Ерман Бауыржан Мейірханұлы