АЭС салынатын елді мекен бекітілді

0
840

Алматы облысының әкімдігі халықпен жария талқылаулар өткізетін болады.


АЭС салынатын елді мекен бекітілді

ERNUR.KZ. Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы Алматы облысында салынатын болды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, атом электр станциясының қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Жүргізілген зерттеулердің қорытындысына сәйкес атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы, Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды.

Елдегі алғашқы атом электр станциясы үшін осыған ұқсас станцияны салу және сәтті пайдалану тәжірибесінде тексерілген технологияны таңдау ұсынылады. Осыған байланысты ядролық технологиялардың мынадай әлеуетті жеткізушілерінен тұратын «қысқа-тізім» жасалды:

- HPR-1000 қытайлық CNNC компаниясы;

- APR-1400 реакторы бар корей KHNP компаниясы;

- ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей Росатом компаниясы;

- EPR-1200 реакторы бар француз EDF компаниясы», - делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралған және мақұлданған.

««Атом энергиясын пайдалану туралы» ҚР Заңының 12-бабына сәйкес ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы салу жоспарланып отырған жергілікті өкілді органдардың келісімімен ҚР Үкіметі қабылдайды. Бұл ретте мәслихат жергілікті өкілді орган болып табылады.

Осыған байланысты, 2022 жылғы қарашада Алматы облысы мәслихатының кезекті сессиясында аудан тұрғындарын қолдау шартымен құрылысқа келісім беру туралы шешім қабылданды», - деді министрліктен.

Осы ретте Алматы облысының әкімдігі халықпен жария талқылаулар өткізетін болады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру жасалған. Министрлік дерегіне сүйенсек, тиісті ақпарат Атамекен газетінде (№28), сондай-ақ 2023 жылдың 21 шілдесінде Жамбыл ауданы әкімдігінің ресми сайтында, Facebook және Instagram парақшаларында жарияланған.

Бұл ретте Экологиялық кодекске сәйкес өткізілетін қоғамдық тыңдаулар жобалық құжаттама әзірленгеннен кейін жобаны экологиялық бағалау кезеңдерінде кейінірек бастамашылық етілетін болады.