Қанды қылмыс Шиелі ауданында биыл жазда болған.
Видеодан скрин (күдікті)
ERNUR.KZ. Қызылордада 21 жастағы Меруерт Жолманды асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген күйеуі 12 жылға сотталды, деп жазады stan.kz.
Ерлі-зайыпты арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болыпты. Қанды қылмыс Шиелі ауданында биыл жазда болған. Кәсіпкердің малын бағып күнелтіп жүрген 26 жастағы ер адам әйелі Меруерт Жолманды қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған еді.
Қылмыстық іс тергеуінде кешкі уақытта үйіне келген азамат келіншегінің телефон арқылы белгісіз жанмен сөйлесіп отырғанын көргені айтылады. Содан қызғанған күйеуі марқұмды ағаш үстелдің аяғымен аяусыз ұрып, жылқының жүгенімен басынан бірнеше рет соғып жіберген. Қансыраған әйел көп ұзамай көз жұмған делінген айыптау актісінде. Ер адам жедел жәрдем шақырып, өзі үйден қашып кеткен. Ал бүгін сотта соңғы сөз алған сотталушы жасаған ісіме өкінемін деді.
"Сот мырза, істеген ісіме қатты өкінемін. Сол үшін сіздерден бәріңізден шын жүректен кешірім сұраймын. Сізден әділ жаза тағайындауыңызды сұраймын”, – дейді сотталушы.
Ал судья күдіктінің әйелін азаптап өлтіргені толық дәлелденді деді. Сондықтан оны 12 жыл бас бостандығынан айырды.
"ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Тағайындалған бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігімен ішінара қосу арқылы түпкілікті 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын”, – дейді Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Думан Әлиев.
Судья марқұм мен күйеуінің бір жастағы қызын балалар үйінің қамқорлығына беру туралы қаулы шығарды. Ал Меруерттің анасы бұл шешіммен мүлдем келіспеймін деп отыр.
"Содан бері қызым қолымда ғой. Енді оны Шиелі аудандық қамқоршылық үйіне береміз деп жатыр. Мен оған келіспеймін. Өйткені екі қызымнан бірдей айырылғым келмейді. Қызымнан айырылдым. Енді кішкентай баласынан айырылғым келмейді”, – дейді марқұмның анасы Салтанат Ырсалдиева.
Марқұмның анасы немеремді қайтсем де өз қолыма аламын деп отыр. Сондықтан аппелияциялық сотқа шағымданбақ.
Еске салсақ, Атырауда бұрынғы әйелін ұрғаны үшін сотталған экс-әкімнің жазасы жеңілдетілгенін жазған едік.