Жігіттің әкесі жақында айықпас дертке шалдығып, көз жұмған.
ERNUR.KZ. Бүгінгі күні өзгенің қайғысынан пайда тауып жүрген жандарға етіміз үйреніп кеткені рас. Олардың арасында өздерін «жоқтаушылар» деп таныстыратын әйелдердің де қызметін атап кетуге болады. Ең қызығы, жалданып жылайтын келіншектердің «жалақылары» да біршама қымбаттапты, деп жазады kaz.nur.kz.
Бұл туралыТүркістан қаласының Темірлан есімді тұрғыны баяндап берген. Темірланның әкесі жақында айықпас дертке шалдығып, көз жұмған.
Жас жігіттің анасы орыс ұлтынан екен. Сол себепті қайғыға көңіл айтуға келгендердің басым көпшілігі «жоқтау» өлеңін айта алмаған.Түркістандық азамат әулет үлкендерінің кеңесіне құлақ асып, ақшаға жоқтайтындарды іздепті. Ол көпшілікке таныс келіншекпен жолығып, оның қызметіне жүгінген.
«Түркістанда ол кісіні барлығы таниды десем болады. Әкем қайтыс болған соң, дереу сол кісіні арнайылап іздеп бардым. Абырой болғанда, үйінде екен. Көп жағдайда шақыртумен сыртқа кететінін естіп жүретінмін. Айнаш апа үйге бармас бұрын, қызмет құнын айтты. Төлемді алдын –ала жасауың керек дегенде төбе шашым тік тұрды, - дейді Темірлан.
Темірланның айтуы бойынша, Айнаш апа марқұмның қонақасында «Жоқтау» айтқаны үшін 10 мың теңге, ал жаназа намазында жылағаны үшін 20 мың теңге ақы сұраған екен. Жас жігіт іштей бұл жағдайға қынжылғанымен, жоқтаушыға ренішін білдірмепті.
«Бұрын көпшілік жоқтаушылар бергеніңді алады дейтін еді. Алайда ол уақыт артта қалғанға ұқсайды. Тойдағы асабалар секілді, жоқтаушылардың да өз бағалары бар екен.Қонақасыға қарағанда, марқұмның Намазына адам көп келетіні белгілі ғой. Сол себептен де Айнаш апа екінші күнге көп ақы сұрағанын айтты. Бұл жағдай енді сұмдық қой.Әкемізді абыроймен ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін, бұл туралы көп ойландым.Жасыратыны жоқ, қазір халық орыстанып барады. Көп салт-дәстүрлеріміз ұмытылып жатыр. Яғни, болашақта да бұл кісілердің қызмет ақылары әрі қарай да қымбаттауы мүмкін», - дейді түркістандық жігіт.
Расымен, жоқтаушылардың осылайша қызмет құнының қымбаттап кетуіне не себеп? Осы сұрақты аталмыш «мамандықты» игеріп жүрген Зәуре есімді әжейге қойған болатынбыз.Бірнеше жылдан беру жалданып жоқтау айтып жүрген кісінің арғы әжесі де осы кәсіпті нәсіп еткен екен.
«Менің ата-анам өте діндар кісілер болды. Бала кезімізден қазақтың салт-дәстүрін жетік меңгердік. Мен өзімді дұрыс емес нәрсе жасап, ақша тауып жүрмін деп ойлаймаймын. Біз халыққа қызмет көрсетіп жатырмыз. Көпшілік бізді осы қызметіміз үшін жазғырады. Алайда қазір жұрттың көбісі лайықты «Жоқтау» айтуды білмей, ұятқа қалып жатады. Көбіне солтүстік аудандарға шақырту аламыз. Жолдың алыстығына қарамастан, халық шақырған жерден қалмаймыз. Енді қызмет құнына келетін болсақ, әркім әртүрлі ақша талап етеді. «Жоқтау» айту да оңай емес. Осы салада жүргелі бері менің денсаулығым нашарлап кетті. Қан қысымы мен жүрек ауруынан зардап шегіп жүрмін. Сол себепті жоқтаушылардың еңбегін жемеген дұрыс», - дейді Зәуре апа.
Дегенмен дін өкілдері жоқтаушылардың әрекетіне қарсылық білдіріп келеді.
«“Бiреу қайтыс болғанда бетiн ұрғылап, тырнап, үстiндегi киiмiн жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бiзден емес”, – деген. Ал өзіне қатысы жоқ адамды жоқтауға жалданып, мұндай тірлік көрсету тіпті әртістердің әрекетіндей ерсі көрінері анық. Қайтыс болған кісінің артынан жоқтау айтқанның орнына ол кісінің атынан, мүмкін болса, садақа беріп, Құран оқытқан сауап болады»,- дейді имамдар.