Белгілі болғандай, ер адам жергілікті кәсіпорындардың бірінде жұмыс істеген.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында 37 жастағы жұмысшының үстіне жүк тиегіш құлап, ол алған дене жарақатынан көз жұмды. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп жазады inform.kz.
Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға жайында Көкшетау қаласының полиция басқармасына жедел жәрдем станциясының фельдшері хабарлаған.
Белгілі болғандай, ер адам жергілікті кәсіпорындардың бірінде жұмыс істеген. Жөндеу жұмыстары кезінде оның үстіне жүк тиегіш құлаған.
«Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 156-бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған еңбекті қорғау ережелерін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сонымен бірге, мемлекеттік еңбек инспекторы тарапынан да тексеріс жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жылу орталығының биіктігі 32 метр мұнарасының жоғары тұсында орналасқан ұялы байланыс антеннасын жөндеу кезінде мобильді байланыс компаниясының қызметкері абайсызда құлап кеткенін жазған едік.