Ақтау түрмесінде екі тұтқын қарсылық білдіріп, қасық жұтқан

0
454

Әзірге тұтқындардың туыстары журналистерге ашқандай мәлімет бермеген.


Ақтау түрмесінде екі тұтқын қарсылық білдіріп, қасық жұтқан

ERNUR.KZ. Ақтау маңындағы ГМ-172/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан екі тұтқын "түрме режимімен келіспей", қарсылық ретінде қасық жұтты, деп жазады Азаттық.

Департаменттің хабарлауынша, оқиға 21 сәуірде болған. Баспасөз қызметі оларға "медициналық көмек көрсетілгенін" айтып, жағдайларын "орташа" деп бағалады.

Ақпаратқа қарағанда қоғамдық бақылау комиссиясы мен ұлттық превентивті механизм өкілдері түрмеге кіріп шыққан.


"Бүгін (25 сәуір – ред.) ведомство басшыларының шақыруымен аталған мекемеге, оның ішінде қатаң режимдегі отрядқа кіріп шықтық. Тұтқындарды ұжым ретінде де, оңаша да қабылдадық. Тараптарды тыңдадық, барлық ақпарат мұқият тексеріледі", - деді Маңғыстау облысы бойынша ұлттық превентивті механизм тобының жетекшісі Александр Муха.


Әзірге тұтқындардың туыстары ақпарат құралдарына шықпаған.

Қазақстан түрмелерінде өзіне қол салу немесе денені жарақаттау оқиғалары жиі кездеседі. Құқық қорғаушылар оған көп жағдайда түрмедегі азаптау мен қысым түрткі болатынын айтады.

Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді. Ал билік былтыр жыл соңында 2020 жылы Қазақстан түрмелерінде азаптау тіркелмеді деп мәлімдеген.