Тек отбасының бір мүшесіне ғана рұқсат етіледі.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде карантин шаралары күшейді. Енді отбасының бір мүшесіне азық-түлік дүкендеріне 3 күнде 1 рет қана баруына рұқсат етіледі, деп жазады тengrinews.kz.
"Карантин кезінде қала көшелерінде себепсіз жүрген ақтөбеліктер мен олардың балаларына қатысты полиция қолданатын шаралар күшейді. Жеке азаматтардың жауапсыздығы олардың жақындары мен айналасындағылардың вирус жұқтыруына әкеп соқты, ал енді қаланың әрбір тұрғынына қауіп төнеді. Сондықтан инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында карантин режимі күшейтіліп, қатаң шектеу шаралары қабылданды. Атап айтқанда, жақын маңдағы дүкендер мен супермаркеттерге тек бір отбасы мүшесіне 3 күнде 1 рет баруға рұқсат етіледі. Жұмыс орны мен кестесі көрсетілген анықтамасы бар адамдарды қоспағанда, жеке автокөлікті қолдануға тыйым салынады", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, көптеген аула және көшелерде полицейлер кәмелетке толмаған балалардың себепсіз далада жүргенін анықтаған.
"Мысалы, кеше Ақтөбеде спорт алаңында жиналған 10 жігіт ұсталды. Кәмелетке толмағандар далада, әсіресе ата-анасы жанында жоқ болса жүрмеуі тиіс. Аталған шаралар күшейеді, біз ескертулерді аяқтаймыз, тәртіп бұзушыларды жауапқа тартамыз", - деді облыстық ПД басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиев.
Облыста ТЖ режимін бұзған 620-дан аса дерек анықталған, 150-ден астам адам қамауға алынды, 200 адамға айыппұл салынды, қалғандарына ескерту айтылды.