Алдын ала белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, оқиға орнында қаза болғандар арасында 1987 жылғы ер азамат пен оның екі баласы бар.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде жеңіл және жүк көлігі соқтығысып, 6 адам көз жұмды. Оның үшеуі – оқушы. Олардың футболдан өтетін жарысқа бара жатқаны белгілі болды, деп жазады inform.kz.
Ақтөбеден Маңғыстаудағы жарысқа бара жатқан балалар жол-көлік апатына ұшырады.
– «Самара-Шымкент» халықаралық маңызы бар тас жолының Хромтау ауданының аумағында Toyota Ipsum және МАN маркалы жүк көлігі соқтығысты. Салдарынан Toyota Ipsum автокөлігінің жүргізушісі және оның 5 жолаушысы, оның ішінде үш бала сол жерде қайтыс болды. Мәлімет бойынша балалар мен ата-аналар басқа облысқа футболдан жарысқа қатысуға жолға шыққан. Олар мемлекеттік органдарға хабарланған жоқ. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деді Ақтөбе облыстық ПД ЖПКБ Айдос Құлжанов.
Айта кетейік, Маңғыстауда ұйымдастырылған жарысқа балалар Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылынан шыққан.
– Қазір демалыс кезі. Түрлі жеке қорлар, кәсіпкерлерден сайыс өткізу туралы ақпарат түседі. Ақтөбе облыстық Білім басқармасы, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының арнайы рұқсатынсыз мұндай шараға қатысу үлкен қауіп төндіреді. Егер біз ұйымдастырсақ, арнайы полиция алып жүреді. Бұл жағдайда балалар жеке қайырымдылық қоры ұйымдастырған футбол турниріне сапарға шыққан. Маңғыстау облысына бет алған. Ата-аналары да балалармен бірге болған, - деді Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Алдын ала белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, оқиға орнында қаза болғандар арасында 1987 жылғы ер азамат пен оның екі баласы бар. Тағы бір баланың кім екені анықталып жатыр. Балалар 6-7 сынып оқушылары болуы мүмкін.
Турнир ежересі бойынша 2013 жылы туған балалар шақырылған. Әзірге өзге көлікпен тағы да балалардың жолға шығуы мүмкін деген ақпарат тексеріліп жатыр. Осы оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Жүк көлігінің жүргізушісі дін аман.