Ақтөбеде мұнайшылар наразылыққа шықты

0
1 152

"Ұлы қабырға" деп аталатын компанияның хабарламасында қарашаның 30-ында қысқарту басталатыны туралы айтылған. Тізімге 54 қызметкер іліккен


Ақтөбеде мұнайшылар наразылыққа шықты

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында қара алтын өндірумен айналысатын ірі компаниялардың бірі инженерлер мен технологтарын қысқартуға шешім шығарды. 50-ден астам мұнайшы өз наразылықтарын айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Ұлы қабырға" деп аталатын компания бірер күн бұрын мұнайшыларға мессенджер арқылы хабарлама жіберген. Онда қарашаның 30-ында қысқарту басталатыны туралы айтылған. Тізімге 54 қызметкер іліккен. Көбісі – кен орнындағы қауіпсіздікке жауап беретін мамандар мен инженер-технологтар. Жұмыссыз қалғалы отырған мамандар көмек сұрап, кәсіподақ басшылары мен еңбек инспекциясын жағалап жүр. Мұнайшылар қолымызға ешқандайқағаз келмеді деп шағымданады. Одан бөлек компания басшылары қысқаруға қатысты түсініктеме беруден де қашып отыр.
"Алдын ала бізді жинап алып, кәсіподақ комитеті жиналыс өткізіп, бізге ешқандай ескерту жасаған жоқ. Тек аяқ астынан "міне, қысқартуға кеттіңдер, 30 қарашаға дейін" дейді. Қиын жағдай. Жасым 55-ке келді. Маған жұмыс табу қиын. Мұндағылардың көбісі – жасы келіп қалған адамдар", - дейді мұнайшы Талғат Қожықов.
Бұрғылаумен айналысатын мекеме "СНПС-АқтөбеМұнайГаздың" мердігері ретінде тапсырысын орындап келеді. Еңбек инспекторларының айтуныша, соңғы жылдары компанияның жұмыс көлемі азайып қалды. Бірақ алғашқы кездесуде 19 жұмысшыны қысқартпауға уәде етті.
"Қазір тексеріс жүріп жатыр. Сонымен қатар ана жұмыс берушімен бірнеше рет кездесу өткіздік. Соның арқасында қазір 19 адамды қысқартпайтын болды. Ал қалған 35 адамды қысқарту болады дегендей. Әліде сөйлесіп, кездесіп, әрекет жасап жатырмыз", - деп атап өтті облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Исқарин.