Маманды Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы бүгін өткен еңбекші әйелдердің І форумына арнайы шақырған.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Хромтау қаласында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Сая Рысбай елордаға арнайы шақыртылып, жаңа марапатқа ие болды, деп жазады inform.kz.
«Мен Қызылорда облысының тумасымын, 2020 жылдан бастап Ақтөбе облысы Хромтау қаласында жедел жәрдем бекетінде жұмыс істеймін. Еңбек өтілім 3-4 жыл. Биыл ақпанда науқасқа омбы қарды кешіп барған сәтіміздің видеосын әлеуметтік желіде көп адам көрді, біз оны әдейі емес жұмыс бабымен, дәлел ретінде түсіргенбіз. Бірақ, желіде кеңінен таралып кетеді деп ойлаған жоқпыз», - деді аға фельдшер.
«Кәсіподақтар федерациясы форум барысында «Еңбек озаты» деген төсбелгі тақты. Күтпеген жағдай, қуаныштымын. Бұған дейін Ақтөбе облысы әкімі, сонымен қатар жұмыстағы басшылық пен Денсаулық сақтау министрінен алғыс хат алдым», - дейді ол.
Еске сала кетсек, биыл ақпанда Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа омбы қарды кешіп барғаны туралы жазған болатынбыз.