Ақтөбеде өрт шыққан үйден бес бала құтқарылды

0
1 359

​Олардың ішінде бесікке бөленген сәби де бар.


Ақтөбеде өрт шыққан үйден бес бала құтқарылды

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Сұлукөл ауылындағы селолық әкімдік қызметкерлері жанып жатқан үйден бес баланы құтқарды, деп жазады inbusiness.kz.

Оқиға кеше сағат 10.30 шамасында болған. Ауылдық округ әкімі Нұрдәулет Смағұловтың айтуынша, олар кеңсеге жақын орналасқан үйден түтіннің шығып жатқанын байқайды. Содан кейін ойланып жатпастан, бірнеше қызметкер солай қарай жүгіре жөнеледі. Олар келгенде үйдің іші көк түтінге орана бастапты. Әке-шешелері жұмысқа кеткен үйде алды 3 сыныпта оқитын, соңы бесікке бөленген бес бала бар екен.


«Біз 10 минут кешіккенде жағдайдың не боларын ойлау қиын. Өйткені, үй әп-сәтте жанып кетті. Балалардың бәрін шығарып үлгеріп, көршілерге апардық. Өрт сөндірушілер келгенге дейін бізден 15 шақырым жерде орналасқан зауытқа да хабар бердік, олар да өрт сөндіретін машина бөлді, бірақ, үй бәрібір жанып кетті», - дейді Н.Смағұлов.


Ол өздерін ерлік жасадық деп есептемейді, олардың орнында кез-келген адамның осылай жасайтынына сенімді.

Сұлукөл ауылы Ақтөбе қаласынан 470 шақырым қашықтықта орналасқан. Өртенген үйдің иесі кәсіпкер екен, аулада дүкені де болған. Өрт сөндірушілер үй ішінен, абырой болғанда, жарылмай қалған газ баллонын алып шыққан. Қазіргі күні тілсіз жаудың шығу себебі анықталуда. Бес жүзге жуық отбасы тұратын елді мекен тұрғындары бір-біріне туыс, жақын-жуық болып келеді екен, сондықтан, барлығы ол жерге ешкімнің әдейі өрт қоймағанына сенімді.