Жаңа алаң Триатлон паркінде орналасқан.
ERNUR.KZ. Бүгін Ақтөбеде үлкен Workout алаңы пайдалануға берілді. Ол елімізде алғаш рет жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған, деп жазады baq.kz.
Салтанатты шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Есқали Саламатов, қала тұрғындары қатысты.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз былтыр Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысын аяқтауға және Ақтөбеде Workout алаңын салуға алынған қаражаттың бір бөлігін пайдалануға шешім қабылдадық. Биылғы жылдың басында мектеп пайдалануға берілді, бүгін біз мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген спорт нысанын ашқалы тұрмыз. Облыс тұрғындарының шамамен 40 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Біз халықты салауатты өмір салтына баулу үшін одан әрі жұмыс істеуге ниеттіміз, өйткені біздің азаматтарымыз бен олардың денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы, - деп атап өтті облыс әкімі.
Өз кезегінде, Есқали Саламатов департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және Президенттің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша өтелген ақшалай қаражатқа нысандар салу туралы тапсырмасын орындау жөніндегі жұмысты белсенді түрде жалғастырылып жатқанына сендірді.
Бұл тапсырманы Ақтөбе облысы өңірлер арасында алғашқылардың бірі болып орындай бастады, - деді Саламатов.
Жаңа алаң Триатлон паркінде орналасқан. Ресми ашылу салтанатына дейін мұнда Tartyl Fest турникте тартылу бойынша жарыс өтті, оған ақтөбеліктер белсенді қатысқан. Үш жас санаты бойынша жеңімпаз атанғандар - 18 жасқа дейін, 18 жастан 39 жасқа дейін және 40 жастан асқан – облыс әкімінің қолынан марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, көше гимнастикасынан кәсіби спорт шеберлері өнер көрсетті.