Ақтөбеде тағы сұйытылған газ тапшы болып жатыр

0
281

Ақтөбе облысында жаз айларында сұйытылған газ жетіспеушілігі жиі тіркеледі.


Ақтөбеде тағы сұйытылған газ тапшы болып жатыр

ERNUR.KZ. Ақтөбе өңіріне бөлінген сұйытылған газ көлемі бір айға жетпей қалды. Қалада газ құю бекеттерінде кезек көбейіп, бірінде бағаның өскені туралы хабарлама түсті, деп жазады inform.kz.

Ақтөбе облысында жаз айларында сұйытылған газ жетіспеушілігі жиі тіркеледі.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, қыркүйек айына 11337 тонна газ бөлу жоспарланса, оның 10591 тоннасы тасымалданды. Өзгесі ай соңына дейін жеткізіледі.

- Келесі айдан бастап 11800 тонна бөлінеді. Негізі жаз айларында сұраныс көп болады жыл сайын. Ол кезде адамдар демалысқа шығады, құрылыс қарқынды жүреді. Тұтынушы көбейгенде, осындай кездеседі. Әсіресе шілде, тамыз, қыркүйекте тіркеледі,- деді Алмас Салықбаев.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде сұйытылған газға кезек көбейгені, стансаларда литрі 59 теңге емес, 70 теңгеден сатылып жатқаны туралы бейнежазба тарады. Осыдан кейін тексеру жүргізіліп жатыр.

Алайда арыз жазып, шағым түсірген адам жоқ.

- Бейнежазбадан соң газ құю стансасының басшылығына хабар берілді. Ол бірер күнде мән-жайды анықтап, шара қолданатынын айтты. Бұл - өңірде тіркелген екінші дерек. Әйтеке би ауданында осындай оқиға болды. Шағым айтушылар арыз жазудан бас тартып, іс қаралмады. Мұнда да ешкім шағым айптай тұр. Егер тұтынушы арыз түсірсе, қолында түбіртек болса тексеру жүргізіледі. Тіпті видео авторы да байланысқа шықпай тұр, - деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.

Бұған дейін Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы болды. Онда жүргізушілер 2-3 сағат кезекте тұрды. Қазіргі кезде өңірде сұйытылған газдың шекті бағасы - литріне 59 тг.