"Шашымнан сүйреп, ішімнен ұрды": Сәуле Әбединова өзіне шабуыл жасалғанын айтты (видео)

0
3 428

Дәрігерлер миы шайқалған деген диагноз қойды.


ERNUR.KZ. 5 маусымда кешкісін Алматыда белсенді Сәуле Әбілдаxанқызын жедел жәрдем ауруханаға әкетті. Белсендінің сөзінше, "Наурызбай аудандық полиция бөлімшесінен шыққан сәтте оны бірнеше белгісіз әйел ұрып кеткен", деп жазады azattyq.org.

Азаттық тілшісі жедел жәрдем белсендіні ауруханаға әкеткен сәтін көрген. Сәуле Әбілдаханқызы түскен №7 аурухананың бас дәрігері Қуаныш Жанболат Азаттыққа белсендінің денесінде тырналған іздер болғанын айтты.

"Қолдары, денесі тырналған. Оның бәрін жазып береміз. Басын рентгенге, ішкі органдарын УЗИ-ге түсірдік. Сынған жері жоқ, ішкі ағзалары аман. Хирург, травматолог, нейрохирург дәрігерлер қарады. Қолына қағаздарын беріп, қандай дәрі ішу керегін айтып, үйіне қайтардық" - деді дәрігер.

Алматы қалалық полиция департаментінен оқиғаға қатысты пікір алу мүмкін болмады.

4 маусымда полиция Сәуле Әбілдаханқызын департаментке шақырған. Белсендінің айтуынша, полиция шақыру себебін толық түсіндірмеген, "үстінен әлдебір әйелдің шағым түсіргенін" айтқан. Белсенді "шағымданған әйелді танымаймын" деген.

5 маусымда белсенді Facebook парақшасында полиция бөлімшеге қайта шақыртып жатқанын хабарлаған.

Сәуле Әбілдаханқызы билікке талап қойған аналардың мәселесі жайлы әлеуметтік желіде посттар жазып жүр. Ол биліктен көп балалы аналар мәселесін шешуді талап етеді. Белсенді Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясына қатысып қайтқан.