Алакөлде демалушылар балалармен бірге аралда қалып қойды

0
1 350

Түнгі уақытта моторлы қайықпен серуенге шыққан топ жағадан 18 шақырым жердегі аралда қалып қойған.


Алакөлде демалушылар балалармен бірге аралда қалып қойды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында Алакөл жағалауына демалуға келген адамдар Аралтөбе аралында түнеуге мәжбүр болды, деп жазады ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, түнгі уақытта моторлы қайықпен серуенге шыққан топ жағадан 18 шақырым жердегі аралда қалып қойған. Көл бетінде дауыл тұрып, кері қайту қауіпті болғандықтан, демалушы топ құтқарушыларға хабарласып, кеңес сұраған.

«Хабар бізге түнгі сағат 22.00 шамасында келіп түсті. Бұл кезде көл беті әлі тынышталмаған болатын. Сондықтан, кері қайту қауіпті еді. Жел басылған сәтте-ақ біз аралға жол тарттық. Таңғы сағат 5.00 кезінде 10 адамды аралдан таптық. Арасында балалар да бар. Абырой болғанда, ешқайсысына медициналық жәрдем қажет болмады», - деді департаментке қарасты №6 құтқару жасағының басшысы Нұржан Бажақов.

Құтқарушылар аралда қалған адамдарды екі қайықпен кері алып қайтқан. Шомылу маусымы басталғаннан бері ТЖД мамандары облыс бойынша 23 адамның өмірін аман алып қалған.