Биыл қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, өз заманының сақа саясаткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болған Нұртас Оңдасыновтың туғанына 130 жыл толып отыр. Түркістан топырағынан түлеп ұшқан Оңдасынов қазақ елін басқарып отырғанда жер-жерде ұстаздар әзірлейтін курсатр мен ұстаздар институттарын ашу жолында тер төгіп, Кеңес үкіметінің саясатын неғұрлым қазақ халқының пайдасына бағыттауға күш салған қайталанбас тұлғалардың бірі. Ол жоғарғы биліктің мүшесі ретінде руханият саласына жауапты болып, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 95, 100 жылдық мерейтойларын өз жетекшілігімен биік деңгейде өткізе білген азамат. Сондай-ақ, Оңдасынов билік еткен тұста елімізде Дене шынықтыру институты, Қыздар педагогикалық институты сынды іргелі оқу ордалары ашылып, көптеген білім жүйелері қалыптасқан. Одан бөлек, түрлі бағытта қызмет ететін мәдениет мекемелері іске қосылып, қазақ жеріндегі ғылым өркендей түскен. Тіпті, бұл кісінің ігілікті істер атқаруына сұрапыл соғыс та тосқауыл бола алмаған екен. Нұртас Оңдасынов саналы ғұмырында көптеген лауазымды қызметтер атқарса да, шығармашылықтан қол үзбеген жан. Тиісінше, қазақ тілі ғылымына арабша-қазақша, парсыша-қазақша сөздіктер қалдырған.
Осыған орай, биыл қоғам қайраткері дүние есігін ашып, өсіп жетілген Түркістан өңірінде бірнеше ауқымды іс-шара өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс орталығында «Алаш ардақтылары» атты тақырыппен өткен тарихи-мәдени іс-шарадан бастау алған.
Содан соң Сауран ауданының орталығы Шорнақ елдімекенінде «Ұлт қайраткері – Нұртас Оңдасынов» тақырыбымен республика көлеміндегі конференция өткізілді. Аталған мәжілісті кеше ғана Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болған әдебиет саласының зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, білікті профессор Ергөбек Құлбек жүргізіп отырды. Аталған конференцияға «Оңдасыновтанушы», тілші Оразалиева Гүлсім, тарихшы доктор Тұрсын Хазіретәлі, журналист ғалым Сердәлі Бекжігіт сынды ғалымдар мен тарих саласының майталмандары қатысты. Конференция аясында қоғам қайраткерінің ғұмыры мен еңбек жолынан сыр шертетін ақпараттар айтылып, құнды деректер сөз болып, оның ел экономикасы, әлеуметтік ахуалы мен руханиятына сіңірген еңбектері айтылды. Сонымен қатар, облыстық және аудандық жергілікті атқарушы органдардың өкілдері құттықтауларын жеткізіп, арнайы әзірленген баяндамалар оқылды.
Келелі кездесуде Нұртас Оңдасыновтың мемлекетті он жылдан астам уақыт бойы әділетті түрде басқарып, ерен еңбек еткендігі, соның арқасында абырой-бедел биігінен түспей, халықтың ұлы тұлғаларының біріне айналғандығы сөз болды.
Сондай-ақ, мұндай конференция Түркі әлемінің рухани астанасы, облыс орталығы – Түркістан қаласында да өткізіліп, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде «Қазақстан және Нұртас Оңдасынов құбылысы: Мәдени талдау аспектісі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Еліміздегі ұлттық мереке – «Республика күні» аясында өткізілген жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы құттықтау хаты оқылды.
Атап өтер болсақ, бұл конференцияға облыс әкімінің орынбасары Алтаев Елтай қатысып, Нұртас Оңдасыновтың әлеуметтік-экономикалық ахуалды арттыру, қазақ жеріндегі ғылымды өркендету, мәдениет пен әдебиетті жаңғырту тұрғысынан атқарған еңбектеріне тоқталды. Оған қоса, Оңдасыновтың еңбегі мен мол мұрасын ел арасында дәріптеу азаматтық парыз болып саналатынын жеткізді. Елтай Кенжебекұлы сонымен бірге даңқты тұлғаның есімі барынша ұлықталып жатқандығын, өңірде Нұртас Оңдасыновтың атындағы мұражай, мектеп пен көше бар екендігін айтты.
Содан соң, республикалық конференцияға келген әдебиет, тарих және мәдениет саласының өкілдері, көнекөз қариялар, зиялы қауым өкілдері мен жастар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Алаш» сыйлығының иегері Қазыбек Иса, «оңдасыновтанушы» Гүлсім Оразалиева сынды спикерлердің құнды әңгімелеріне қанықты. Одан бөлек, ауқымды іс-шара аясында бірнеше секция бойынша ғылымитәжірибелі жұмыстар атқарылып, жиыннан соң ағаш көшеттерін отырғызу іс-шарасы өткізілді. Сонымен бірге, конференция қатысушылары рухани астананың тыныс-тіршілігімен танысып, дамудың даңғыл жолына түскен қаланы аралады.
Сөзімізді қорыта келе Нұртас Оңдасыновтың елімізді өркендетуге сүбелі үлес қосқан қайталанбас перзенттердің бірі екендігін тағы бір мәрте айтқымыз келеді. Ол қылышынан қан тамған саяси кезеңде жауапты қызмет атқарса да, өзінен бұрын елдің жағдайын бірінші орынға қойып, жерімізді сақтауға, елдің мәдениетін жаңғыртып, ілім-білімге жетелеу жолында тер төккен. Тиісінше, мұндай азаматтардың өмірі, еңбек жолы мен мол мұрасы әрдайым халық жадында сақталуы тиіс.
Б.Мейірханұлы,
ERNUR.KZ