Өрт он қабатты тұрғын үйдің лифт шахтасынан шыққан.
Фото: ҚР ТЖМ
ERNUR.KZ. Павлодар қаласында он қабатты тұрғын үйдің лифт шахтасынан өрт шықты. Құтқарушылар 11 адамды, соның ішінде үш баланы эвакуациялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Өрт Малайсары батыр көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің лифт шахтасында қоқыс жануынан шыққан. Қатты түтін тарағандықтан, құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялауға мәжбүр болды», — деп жазылған министрлік хабарламасында.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері баспалдақ арқылы 11 адамды, оның ішінде үш баланы қауіпсіз жерге шығарды.
«Өрт жылдам сөндірілді, зардап шеккендер жоқ. Өрттің нақты себебі анықталып жатыр», — деді министрлік өкілдері.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды төтенше жағдайларда қауіпсіздік ережелерін сақтауға және қоғамдық орындар мен тұрғын үйлерде тазалықты қамтамасыз етуге шақырады.