"Алаяқ болып шықты": Депутат Дәулет Мұқаевтың басы дауға қалды

0
513

Тұрғындар сол кездегі блогер Дәулет Мұқаевтың жарнамасына сеніп, баспанаға қаражат салған.


ERNUR.KZ. Алматыда 50-ден аса салымшы арзан бағада пәтер аламыз деп алаяққа тап болған. Тұрғындардың айтуынша компанияның жарнамасын сол кездегі блогер, қазіргі депутат Дәулет Мұқаевтың парақшасынан көріпті, деп жазады inbusiness.kz.

Менің атымнан барсаңыздар 20 пайыз жеңілдік, - деген қазіргі мәжілісменнің сөзіне жұрт имандай сеніп, тапқан-таянғанын берген. Алайда DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмай жатып тоқтапты.

Тұрғындардың сөзінше жауапты компанияның әуелбаста үй салуға рұқсат қағазы болмапты.

Баспанаға мұқтаж халық 2022 жылы қыркүйекте блогер Дәулет Мұқаевтың парақшасынан шаршы метрі 300 мың теңге болатын пәтер сатылады дегенді естіген. "Тіпті менің атымнан келсеңдер 280 мың болады", депті. Кілтті 2023 жылдың соңында береміз деп сендірген.

"2022 жылы қыркүйек айында Дәулет Мұқаевтың жарнамасынан көрдік. Бағасы 300 мың, менен келген адам болса 20 пайыз жеңілдік деп айтты. Үйдің 50 пайызын төледік. Шамамен 4 миллион теңге. Әр ай сайын 300 мыңнан төлеп шамамен 7 миллион теңге ақшамызды алды. Сәуірде ақша төлеуді доғарып, тамыздың соңында келісімшартты тоқтату туралы өтініш жаздым. Депутат Мұқаевтың жарнамасын көріп сеніп едік", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Арайлым Молдабаева

Келісімшартты тоқтатуға да себеп бар. Өйткені желтоқсанда берілуі тиіс үйдің жертөлесі ғана салыныпты. Себебі "MAX BET PV2" ЖШС-нің аталған аймаққа көпқабатты үй салуға рұқсат қағазы әуелбаста болмаған. Ал үй алу кезінде алданбаудың жолдарын үйретіп жүрген Дәулет Мұқаевтың жарнама жасау кезінде шикілікті білмеді дегеніне күмәнмен қарайды.

Белгілі блогерлердің жарнамасына сеніп алданған бұқара баса көктеп жауапты компанияның кеңсесіне келді. Алайда аптасына алты күн жұмыс істейтін мекеме журналист келеді дегенді естіді ме, әйтеуір "кешіріңіздер бүгін дизенфекция" деген ақ қағазды жабыстырып жұмыс істемейтіндерін жеткізді.

Құрылыстың тоқтағанын көріп алданғандардың көпшілігі құзырлы органдарға арыз жазған. Алайда жауапты компанияның меншігінде ешқандай мүлік тіркелмепті.

Амалы таусылған бұқара депутат Дәулет Мұқаевтың жарнама жасағанын айтып мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа хат жолдаған. Келген жауапта ҚР Парламенті Мажілісі төрағасының жанынан құрылған Депутаттық әдеп кеңесі отырысында мәселе қаралды депті.

"Кеңес мүшелері мәселені жан-жақты талқылады. Күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша депутат Мұқаев Дәулет Төлеутайұлы ауызша және жазбаша түсініктеме берді. Жарнамаға қатысты болған жайғдайды баяндай келе, Депутат Д. Т. Мұқаев өзі де жарнама берсе жеңілдік жасалады дегеннен кейін Мах Bet PV2 ЖШС салып жатқан DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтеріне салымшы ретінде тіркелгенін мәлімдеп, осы бойынша жасалған келісім-шартты көрсетті. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде депутаты тәртіптік жауапқа тарту негізсіз", - делінген хабарламада.

Ал жергілікті әкімдік өкілдері компанияның құрылысы заңсыз және бас жоспармен сәйкес келмейтінін айтқан.